Ойыммен үндесті

Руханият

«Егемен Қазақстанның» 21 қараша күнгі санына Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» деген еңбегі жарияланған екен.

Іле-шала оқып шығып, ұзақ жылдар жұмыс жасаған «Серперім» арқылы бірер ауыз пікір білдіруді жөн санадым. Бір жағынан өзім де өлкетанушы – тарихшы болғандықтан, осы мәселе бір күні көтерілер деп ойлап келгем, Елбасының даналығы бұл жолы да алдымнан бағдаршамдай жарқырап шыға келді.

Ұлы даланың жеті қыры ұлылықпен сипатталғанына ешқандай шүбә жоқ. Онымен танысқандар менің пікіріммен келісер деген ойдамын. Өз тілеулестігін білдіре жатар... Менің айтайын дегенім, Елбасы жеті қырымызға жеке-жеке тоқталмас бұрын кіріспе сөз арнаған. Бұл осы жеті бағыттың сырт етіп ашылар құлпы іспеттес. Бұл тарих біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға да ортақ екендігі әрине, ақиқат. Оларды өз тарихымыздан бөліп қарау шынымен де әбестік.

Саналы оқырман мынаны зердесіне тоқыса екен деймін: «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек.

Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз». Елбасы Ұлы даланың жеті қырын дәлелдеп көрсетудің негізгі мақсатын осылай түсіндірсе, біздің оған қуаттаудан басқа алып не қосарымыз жоқ.

Асқар Ғұмаров,

ауданның Құрметті азаматы, өлкетанушы-тарихшы.