Үйге жылу, жүрекке нұр сыйлады

Руханият

Жоқ-жітікке жәрдемдесіп, көмекке зәру жандар үшін белсене күш біріктіріп, қол ұшын созу, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» көмектесу – үлкен адамгершіліктің, қайырымдылықтың белгісі.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Еңбекші ауылдық округінің бір топ жастары сауапты істің жаршысы болып, материалдық тұрғыдан қажыған жандарға тұрақты көмек көрсетіп келеді. Әзірше ауылдастарына ғана көмек қолын созып жүрген қайырымды жастар алдағы уақытта ауданымыздағы өздерінен қолдауды күтетін тұрғындарға жәрдемдесу жоспарларында бар екенін жасырмады. «Бәріміз - біріміз үшін, біріміз - бәріміз үшін» деген қағиданы ұстанған олардың жамандықтан жиреніп, жақсылықты өздеріне дос етіп, әділдіктің туын биік көтеріп келген тірліктеріне ауыл тұрғындары дән риза.

«Көп түкірсе көл» демекші, бұл жолы қолдары ашық, пейілдері кең азаматтар еңбекшілік Сүлеймен Тасымовтың баспанасын көгілдір отынмен қамтамасыз етті. Осыдан бір жыл бұрын ауылдың үлкен-кішісі «асарлатып» бұл отбасына үй тұрғызып берген болатын. Сүлейменнің өзі жұмыссыз, ал, зайыбы Зәуреш Ережепова ІІІ топ мүгедегі. Содан бері олар тұрғын үйлерін табиғи отынмен жылытып, бастарына баспана сыйлаған ауылдастарына дән ризашылықтарын білдіріп, Жаратушыға «тәуба» деумен келеді.

Алайда, жақында жастардың бұл сауапты жұмыстары Тасымовтар отбасы үшін күтпеген жаңалық еді. Алда қаһарлы қыс қылышын сүйретіп жуықтап қалғаны белгілі. Бұл жағымды хабарды естігенде Зәуреш апа енді отын тасу, оны жағу азаптарынан біржола арылатынын айтып, қуаныштан жанарына жас алды. Күн суытуына байланысты қолға алған шаруаларын дереу аяқтап, жылыту қондырғыларын орнатып бітірген жастар міне, осылайша тағы бір отбасына мейірім шапағатын дарытып, бақытқа кенелтті. Ал, олардың бұндай шарапатты істеріне куә болған ауылдастар шын-ниеттерімен алғыстарын айтып, ақ баталарын беруде. «Қазіргі жастар бұзылған, мейірімнен жұрдай» деген жиі естілетін жағымсыз сөздердің бәсін түсірген бұл имандылық іс өзге замандастарымызға үлгі болса, қанеки?!

Айнагүл Шакупова