Бас имаммен кездесу

Руханият

ҚМДБ-ның Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Мансұров аудандық мәдениет үйінде ардагерлермен кездесіп, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, оның діндегі орны, ислам мен дініміздің қабысатын тұстары жайлы кең түсінік берді.

Дін мен дәстүрдің біте қайнасып, бөлінбес бір дүниеге айналғанына, адам баласының өмірге келгенінен бастап, өмірден озғанға дейінгі жөн-жоралғылардың ислам дінінің құндылықтарымен астасып жатқандығына тоқталды. Жаназа шығару, өлікті жөнелтудегі бірізділік, діни жоралғыларды шариғатқа сай өткізу, дәстүрлі дінді құптамайтындарды дұрыс жолға салу турасында сөйледі.

- Қазақ – дәстүрінен, шариғаттан еш жаңылмаған халық. Қазақ халқында ислам діні енгелі бері имамдарға қарсы пікір айтылмаған. Олардың арасында келіспеушілік туындамаған. Теріс ағымның арбауына түскендер, жат ағымының жетегінде кетушілер азаймай отыр. Олардың бірде-біреуі имамдар, ұстаздар мен теологтардың уағыз-насихаттарын тыңдамайды, барлығын бұрысқа шығарады. Осындай ғаламтор және аудиожазбалар арқылы тарайтын уағыздан басқа өзгенің сөзіне құлақ аспайтындармен күресуіміз қажет. Осы орайда, көпті көрген, ауылдың үлкен-кішісін жақсы танитын сіздердің көмектеріңіз аса қажет. «Сен пәленшенің баласысың ғой, ата-анаң жақсы адамдар еді» деп ел ішіндегі тентек пен теліні тыйып отыруға жәрдем етсеңіздер деген өтінішім бар. Мешіт жанынан ақылдастар алқасын ашып, бірлесіп шешсек деймін, – деді.

Ардагерлер Ғ.Мүрсәлиев, Т.Айтқалиев, Қ.Құсайынов «жастарға ақыл айту үшін алдымен өзіміз біліп алғанымыз дұрыс емес пе?», «іріткі салушыларды мешіттен алыстатуға бола ма?», «мешіт имамын жергілікті жерден, жастан гөрі салиқалы азаматтан тағайындасақ» деген сауалдарын қойды. Бұған Батыржан қажы:

- Мешіт – Алланың үйі, ол бәріне ортақ, «сен басқа ағымсың, кіруіңе болмайды» деу ислам дінінің әдебінде жоқ, сондықтан, біз оны қайткенде де дұрыс жолға салуға жұмыстануымыз қажет. Ал, ақсақалдардың діни сауатын жетілдіру ұсыныстарыңызды қуана құптаймын. Мұндай курсты кезінде «Иманғали» мешіті жанынан ашып, оқытып, аттестациядан өткізгеніміз бар, - деп, «Темірәлі» мешітінің имамы М.Қожахметовке дәріс алу курсын ашуды қолға алу туралы тапсырма берді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Құмарғалиевке «Дін және дәстүр» кітабының екі томдығын оқып, танысу үшін ардагерлер бөлмесіне сыйға тартты. А.НӘЖІМОВ