Асыл қасиеттер ел ішінде сақталады

Руханият

«Адамның ниеті, ойы, іс-әрекеті шындыққа негізделгенде ол өзіне де, өзгеге де адал болады» дейді пәлсапалық ұғым.

Адал болу кез келген адамның өз қолында екен. Ол біздің ішкі жан дүниемізден бастау алады. Пенде көңілі таза, пейілі кең, адал, шыншыл болғанда ғана әділдікке қол жеткізеді. Оған қайырымдылық қасиет қосылса құба-құп.

h Атымтай жомарт бір күні көп мал сойып, қаладағы кәріптерге тамақ, киім берген соң: «Қала кедейін тойғызсам да, дала кедейі бар шығар» деп даладан іздеп келе жатса, үстінде қырық жамау шекпені бар бір адам отын алып жүргенін көреді. Қасына жақындап келіп: «Бүгін Атымтай кәріптерге киім, тамақ беріп жатыр, соған баруыңызға болмас па екен?» дегенде, әлгі жарлы: «Сен Атымтайдың жіберген адамы болсаң оған сәлем айт! Адал еңбекпен қатын-баласын асырап, артылғаны өзінен төмен кем-кетікке жәрдем қылуға жетіп, соған әбден құмарланып кеткен адамға Атымтайдың керегі жоқ. Мен бүгін қатын-баламды тойғызарлық отын жинап алдым. Енді анау отырған ақсақ шал үшін отын алып жүрмін. Дені сау адамды Атымтай асырап тіленшілікке салып жібермесін. Кем-кетікке қарассын! Ол малымен мырзалық қылады, мен еңбегіммен, теріммен мырзалық қыламын, қайсымыз мырза екенімізді Атымтай өзі сынасын» депті.

Атақты шопан болған Таңаттың ұлдарының бірі Ғарип Жұмағалиевтің оңды ісін көргенде Шәкәрім Құдайбердіұлының осы әңгімесі ойыма оралады. Қошалақтың кең қоңырындағы ата-анасы жатқан жазықта екі бас жандығын жаратып құдай жолына садақа берген-ді. Жанның, малдың амандығы үшін айтқан, көктен жаңбыр тілеген садақаға қырық шақты адам жиналды. Жиналғандардың жартысы жастар еді.

Ауданның жаңа келген имамы Мейрамбек Қожахметовты Ғариптың ұлы Ғабит алып келді. Діни дәріске мол сусындаған имамның оқыған Құран сүрелері тыңдаған құлақтың құрышын қандырып жатты. Айтқан әңгімесінен қоңыр самал жел ескендей әсер алдық. Ол намазға бет бұрған жастар үшін жағымды еді. Ғарип жоғарыдағы мысалдың Атымтайы емес, «қатын-баласын асырарлық» халі бар еңбеккер кейіпкерінің қатарынан. Әкесінен шопан таяғын алып, атақоныста қалған қарапайым адам. Жұбайы Сәния екеуі алты перзентті өсіріп-өргізген ата-ана.

2016 жылдың аяқ шенінде Хикаят есімді жалғызілікті кейуана өмірден өтті. Қырдың байырғы тұрғыны шау тартқан шағында жылы жүзді Ғарип пен Сәнияны сағалап, бірге ғұмыр кешкен-ді. Сол адамды қыстың ішінде ақтық сапарға өз қолдарымен аттандырды. Бақилық болған жанның қаделерін атқарып, бейітін тұрғызды. Әрине, ел болғасын қолдап, көмектескендер болды, сонда да Ғариптың сауапты ісі ел аузында айтылып жүрді. Ал, осында таза көңіл, кең пейіл, қайырымдылық жатыр емес пе?! Сол сияқты қыр бойындағы «Мәулім» деген жердегі Серік Дәулешов деген азамат биыл бақилық болғанда, оның әйелі Айжанның сіңлісі Ажар да өмірден озып, балалары қорғансыз қалды. Айжан ақылға жүгініп, екі ұл, бір қызды балалар үйіне өткізбей заңды түрде өз қолына алды. Ересек жасқа жеткен балалар нағашы апасына риза. Мұны айтып, жазып отырған себебім, халқымыздың асыл қасиеттері ел ішінде жоғалмағандығын өмірдің өзі дәлелдеп отырғанын көрсету. Адал ниетті, қамқор көңілді болайық, ағайын!

Есмұхан Жанизин,

Қошалақ ауылы.