Тұңғиықгүліміз туристерді тарта түссе...

Руханият

Біздің ауданымыздың тамылжыған табиғаты адам жанын баурап алады.

Шора мен Қиғаш өзендерінің айнадай жарқыраған суына үңіле қарағандай болып иіле қалған жаға бойындағы жасыл желекті көресіз. Әлдене айтқысы келгендей, сыбдыр қаққан құрақтар қарсылайды. Күн сәулесі ойнаған су бетінде балық шоршиды. Қайықпен келе жатсаңыз, дүр етіп ұшып, қамыс арасына тығылған сұқсыр үйрек, қарабауыр қасқалдақ алдыңды кеседі. Қиқулап жабайы қаздар суға қонып, аққұтандар сізге маңғаздана қарайды. Желпи ескен салқын самал жаныңызды сергітіп, ойыңызды серпілтіп, тамаша көңіл күй сыйлайды. Сол себепті шығар, шетелдік туристер жыл сайын келіп, су бойында демалады. Олар қатты әсер алып, табиғатымыздың сұлулығын сипаттап жазады. «Құрманғазыға барар жол нашар. Бірақ, табиғаты шаршағаныңды ұмыттырады. Келгеніңізге өкінбейсіз. Мұнда сұлулықтың символы – тұңғиықгүл өседі. Біз тағы да ораламыз» дегенін әлеуметтік желі бетінен оқып жатамыз. Тұңғиықгүл туралы ежелгі грек аңызында Гераклға ғашық болған теңіз сұлуының жауапсыз махаббаты жайлы баяндалады.

Ертеде бір теңіз сұлуы өмір сүріпті. Оның сұлулығы сондай, талшыбықтай бұралған жас қызға көрген адам бірден ғашық болады екен. Ақындар оған ән арнап, батырлар жүрегін ұсынады. Қыз жағада тұрып тыңдайды, ешкімге жақындамайды. Біреу өзіне қарай бет алса, суға сүңгіп көзден ғайып болады. Ессіздер құрған торға да түспейді. Сұлу түнді теңіз түбінде өткізіп, жарық түсе бетіне жүзіп шығып, таң шапағына шомылады. Талай жігіттің жүрегін жаулап, арманына айналса да, ол ешқайсысына назар аудармағандықтан соның жазасын тартады. Бірде таң ата осы өзенге Геракл келіп жуынады. Қыз оның батыр тұлғасына таң қалып, жанына жүзіп жетеді. Жас жігіттің көркіне ессіз ғашық болған сұлу оған жақындаған күйде тұрып қалады. Одан көзін алмайды. Қараған сайын бойындағы сезім лаулап жанын өртейді. Жүрегі соғып, айтар сөз аузына түспейді. Тұла бойына сәл діріл жүгіріп, орнынан тапжылмайды. Батыр болса, жас қызды байқамайды. Жуынып болған соң артына бұрылып қарамастан жөніне кете береді. Қыз болса, оның артынан қараған күйі жүзін жас жуып жағада отырады. Қайтып суға сүңгімей әдемі гүлге айналады. Грек қыздары тұңғиықгүлді шексіз сұлулықтың белгісі көріп, онымен киімдерін сәндеп, шаштарына тағатын болған.

Теңіз ауылынан ұзап, арна бойымен бірнеше шақырым жүрсеңіз, сол сияқты Ермен, Зормата ауылдары маңында және өзеннің теңізге құяр жеріне таман су бетіне жасыл кілем төселгендей болып көрінеді. Бұл жүрек тәрізді жалпақ жапырақтарымен су бетін жапқан, солардың арасынан әлдекімді іздегендей, мен мұндалап, ақ, қызғылт қауашықтарын ашқан тұңғиықгүл (лотос). Шығыс елдерінде қасиетті деп саналатын бұл өсімдік Қазақстанның көп жерлерінде кездеспейді. Тұңғиықгүлдің биіктігі кей жерлерде екі метрге дейін жетеді екен. Бірақ, Шора және Қиғаш өзенінде кездесетін түрінің ондай биігін байқамаппын. Ежелгі мысырлықтар тұңғиықгүлдің жарықты сүйетінін, қауашықтары күн мен ай шыққанда ғана ашылатынын жазып қалдырған. Гүл күннің бірінші жартысында түгелдей ашылады. Күн бата қайта жабылады. Жалпы бұл өсімдік шілденің соңынан қыркүйектің басына дейін гүлдейді. Тамыз айында өзен бойына алқызыл түс беріп құлпырып тұрады.

Тұңғиықгүл кейбір деректерге сүйенсек, осыдан 100 млн. жыл бұрын пайда болған. Әлемде оның екі түрі кездеседі. Сары тұңғиықгүл Солтүстік және орталық Америкада, Гавай аралдарында, үндістандық түрі Жапонияда, Қытайда, Үндістанда, Флиппинде, Австралияның солтүстік шығысында өседі. Бізде кездесетіні үндістандық түріне жатқанымен кейбір ғалымдар Каспий маңы тұңғиықгүлі деп атап жүр. Аты аңызға айналған бұл гүлдің туған жерімізде кездесетіні біз үшін мақтаныш.

Қанат ҒҰМАРОВ