Әкімдер есеп беруде

(0 Votes)

Тұрғындарда сұрақ көп, әкімдерде цифр көп... Аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов бастаған бір топ бөлімдер мен мекеме басшылары Орлы, Нұржау, Киров, Ақкөл ауылдық округтерінің есеп беру жиынына қатысты.

 

 ФАП ЖӘНЕ САЗ МЕКТЕБІ ҚАЖЕТ

Өткен жылғы атқарылған жұмыстар және алда тұрған міндеттер туралы хабарлама жасаған Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтах оның кіріспесін 2017 жылғы есеп беру жиналысындағы айтылған сын-ескертпелердің, ұсыныстардың орындалуымен бастап: - Жаңадан дәрігерлік амбулатория ғимаратын 2 пәтерлік тұрғын үйімен қоса салуға және оны қызметтік автокөлікпен қамтуға қаржы бөлуге келсек, екі нысанға да жер учаскесінің құжаттары аудандық құрылыс бөлімі арқылы жасақталды. Қазір тендер нәтижесінің қорытындысы бойынша жеңімпаз мердігер мекемелер арқылы жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.Тапсырыс беруші мекеме облыстық құрылыс басқармасы және аудандық құрылыс бөлімі. Қызметтік “УАЗ” автокөлігі 2017 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді.

Осындай көлік Алтыншы және Каспий елді мекендеріндегі оқушыларды М.Әуезов орта мектебіне тасымалдау үшін де беріліп отыр. Учаскелік полиция инспекторын қызметтік көлікпен қамту да орындалды, арнайы жабдықталған қызметтік “Нива” көлігін мінді.

Сол сияқты Орлы халық театрының елді мекендерге шығуы үшін автокөлік алуға қаржы бөлу керектігі айтылды, 2017 жылдың қазан айы ішінде 5 млн. 77 мың теңге қаржыға “Соволь” автокөлігі алынды. Округке қарасты жалпы ұзындығы 10 шақырым болатын кірме және ауылішілік автомобиль жолдарын жаяу жүргіншілер жолымен қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау үшін 19 млн 200 мың теңге қаражат бөлініп, жеңімпаз болып “Арнай” мекемесі анықталды. Құжаттар қазір жасақталу үстінде, - деп одан әрі округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

Хабарлама тыңдалған соң округ тұрғыны Салауат Мүстиев бағаны бақылауда ұстау, такси қызметін ретке келтіру, амбулаторияны дәрігермен қамту, ауыз су құбырын дұрыс жөндету, аудандық “Серпер” газетінде әкімдердің қызметіне қарай рейтингісін жасап отыру мәселелерін қозғады.

Зейнеткер Тұрсын Достыбаев газге, суға ақша төлеп отырғандықтан онымен қамтитын мекемелер аз-кем жөндеулерді неге өз міндетіне алмайтынын сұрады.

Ауыл тұрғыны Мөкен Ақпанова да осы төңіректе әңгіме өрбітіп, сантехник газ иісі шығып тұрса да келмейтінін, телефон соқса көтермейтінін, Ганюшкиннен қатынайтын дәрігерлердің жұмысын жолға қою қажеттігін айтты.

Орлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Хилауов 1978 жылы салынған 421 балалық мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, ФАП, саз мектебі салынса деген ұсынысын жеткізді. Ауыл тұрғыны Абат Ерғалиев ауылішілік жол салынғанда астынан су ағатын құбыр тасталуы ескерілмей қалмасын, әйтпесе жазда бөлініп қалған жаңбыр шалшықтары сасып, үйлердің іші ылғал тартады деген алаңдаушылығын білдірді.

Райхан Қамиева есімді зейнеткер аудандық “Серпер” базарының ішіндегі такси тұрағына әжетхана арқылы өтетін жердің баспалдағы қауіпті екенін, көктайғақта біреу мертіксе, сол жердің иелерінен жауап талап етілуі қажеттігін, сауда жасап тұрғандардың кейбірі мәдениетті сөйлеуді білмейтіндіктен «Тұтынушылар құқы туралы» Заңды солардың көз алдына іліп қою керек деген пікірін алға тартты.

Тұрғындар тарапынан қойылған жоғарыдағы сұрақтарға округ әкімі А.Мұфтах пен қатысып отырған сала өкілдері жауап қайтарды.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Ж.Хасанов сөйлеп, мектепке күрделі жөндеу жүргізілетінін, дәрігерлік амбулатория мен 2 үйге жобалық-сметалық құжаты жасақталуда екенін, “Серпер” базарына қатысты сын зерделенетінін, көтерілген басқа да мәселелер аяқсыз қалмайтынын жеткізді. Соңында округ әкімі мерейлі жасқа толған бір топ адамдарға Құттықтау хат, естелік сыйлықтар табыс етті.

ЭКОНОМИКА ПӘНІН ОҚЫТАЙЫҚ

Нұржау ауылдық округінің әкімі Қайрат Исмағұловтың есепті хабарламасында мал басында өсім бары, округтегі 56 шаруа қожалығы 112, сонымен қатар 8 кәсіпкер 16 адамды жұмыспен қамтып отырғаны айтылды. Қысқы мал азығын дайындауда Оразғали Алғаязов, Болатбек Дәрелов, Мұхтар Қуанышкереев шаруа қожалықтары жақсы жұмыс жасағаны да назардан тыс қалмады. Осы азаматтармен қоса, Бекжан Қабдолов, Қуан Мәжитов, Рамазан Хамзин, Қайырболат Есқалиев, Райымбек Әлімбаев, Асхат Мадыбаев, Пәуеден Қайседенов сынды шаруа қожалықтары басшылары мен жеке кәсіпкерлер демеушілік жасап мүгедектер мен аз қамтылған отбасыларын облыстық “Атырау”, аудандық “Серпер” газеттеріне, басқа да басылымдарға жаздырып, тұл жетім балалар мен мүгедектерге сыйлықтар алуға көмектескен. “Жақсының жақсылығын айт”, демей ме, “Қайседенов Пәуеден” шаруа қожалығы округпен келісіп, аз қамтылған 11 отбасына ауыз суды тегін беріп отырғанын естіп, риза болдық.

Шешімін күткен мәселелер қатарында округ әкімі ауылға кірме жол салу, жазғы су құбырын тарту, жастардың уақытын тиімді өткізу үшін шағын спорт кешенін тұрғызу, бас жоспарға сәйкес бөлінген жер учаскесіне инфрақұрылымдар тарту, “Нұржау” мектебін күрделі жөндеуден өткізуді атады.

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Жібек Қисымова: - Су жазда үзбей жүрді. Егін салып, пайдасын көріп, өзгелерге де тараттық. Жеке кәсіпкер Өтеміс Ғимранов жылқының жақсы етін ауылдастарына қол жетімді бағамен сатып отыр. Мектептерде қаржылық сауаттылық жағы кемшін түсуде. Сондықтан бұрын болған экономика пәнін сабақ үрдісіне қайта енгізу керек деп есептеймін. Үш тілділік, математика өз деңгейінде жүруі керек. “Тәрбиесіз берілген білім елге жасалған қиянат” деген екен Әл-Фараби. Ардагерлер мен қоғамдық келісім кеңесі жастар тәрбиесінде үлкен күш, - деп ұрпақ тәрбиесіне мән беру қажеттігіне тоқталды.

Жамбыл ауылындағы Панфилов орта мектебінің директоры Бауыржан Мусаев, Нұржау орта мектебінің ұстазы Серікбол Ғаббасов, шаруа қожалығының басшысы Оразғали Алғаязов бюджетті қай салаға жұмсау келісіп шешілсе, округ орталығындағы мектеп ауласына әмбебап спорт алаңы салынса, әкім халықпен одан әрі де тығыз жұмыс жасаса, жақындап қалған, осында оқыған белгілі күйші Бақыт Қарабалинаның 100 жылдығы елеусіз қалмаса деген ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Ардагер ұстаз София Мырзағалиқызы әкім жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, елді бірлікте болуға шақырды. Аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов бұған дейінгі есеп беруде айтылған ұсыныстардың кейбірі орындалғанын жеткізіп, жазғы сумен қамту үшін “Астрахан-Маңғышылақ” құбырына қосу жоспарланып жатқанынан хабардар етті. Округ әкіміне тұрғын үй беру үшін ауылға қанша маман келетіні жөнінде ұсыныс жасауды тапсырды.

КӨПІРДЕН ҮЙГЕ ЖЕТУ ҚИЫН

Киров ауылдық округінің әкімі Олжас Тәжібаев жыл ішінде жасалған жұмыстардан, жеткен жетістіктерді мәлімдеген хабарламасында: - Округте ұйымдастырылатын барлық шараларға, аз қамтылған отбасылары мен мүмкіндігі шектеулі жандарға аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Құсайынов пен мекемелерден, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары тарапынан үнемі қолдау көрсетілуде. Бұралқы иттер мен мысықтарды жою аудан бойынша тендер арқылы ұйымдастырылатындықтан біраз қиындық тудыруда. Шалғай елді мекендерден оқушы балаларды таситын 2009 жылы берілген автокөліктің тозығы жетті, - деп төрт елді мекені бар округке бір көлік бөлінуі қажеттігін қаперге берді.

Округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Саламат Бурханов ауылда мәдениет үйін салу, зейнеткер Наурызбай Ахметов тұрғындарға жайылымдық жерді бекітіп беру, көшелерді жарықтандыру, дәрігерлік амбулаторияның басшысы Амантай Құмар қажетті құралдармен қамту мәселелерін қозғады.

Ауыл тұрғыны Амангелді Суфалдияров: - Мектепке дейін жаяу жүргіншілер жолын салу әлі орындалмауда. Күн жылып, жер ерісе көпірден үйге дейін жету қиын. Батпақтан жүре алмайсың. Балаларға да обал, аяқ киімдеріне жабысып зілбатпан болады. Осының бір шарасын алыңыздар. Оның үстіне ауылдың шығыс, батыс жақтарындағы көшелерде жарық жоқ. Медпунктті дәрігермен, көлікпен қамтып, күндізгі стационар ашуды сұраймыз, - деді.

Берген жауабында аудандық орталық аурухананың бөлім меңгерушісі Сағидолла Кулов көлік келсе берілетінін, күндізгі стационар ашу жайын басшыларымен ақылдасып шешетінін айтты.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуаныш Имашев жайылым туралы жаңа заң қабылданғанын, соған орай іс-шаралар жасақталатынын жеткізді. Қатысып отырған аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов алға қарай жөнделетін және жарығы жоқ көшелер туралы сұрап, клубтың жобалық-сметалық құжаты жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатырғанын, 140 орындық балабақша салу үшін қажетті құжаттар дайындалуда екенін, мектепке жөндеу биыл басталатынын жеткізді. Жобаға енбей қалған елді мекендерге су жүргізу үшін ұсыныс жасауды округ әкіміне тапсырды.

ЖАРЫҚ НЕГЕ ЖИІ СӨНЕДІ?

Ақкөл ауылдық округінің әкімі Бисембай Рамазановтың айтуынша округте 5248 адам есепке алынған. Халықтың негізгі бөлігі әртүрлі теміржол мекемелерінде, Ақкөл желілік өндірістік басқармасында, “Талап” керамзит блоктар, “Ерлан” керамикалық кірпіштер зауыттарында, округтегі 28 шағын шаруа қожалығы мен 103 жеке кәсіпкерде еңбек етеді. Жыл ішінде елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар жұмыстар тындырылған. Алдағы атқарылуы тиіс жұмыстар қатарында электр энергиясы желілеріне күрделі жөндеу жүргізу, кәріз жүйесін ретке келтіру және оны соратын көлік алу, ауылда «Халық банктің» банкоматын орнату аталды. Хабарлама тыңдалғаннан соң сөйлеушілер әкім жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Округтің қоғамдық кеңесінің төрағасы, зейнеткер Ғаділбек Ғалиденов пойыз азайып кетуіне алаңдаушылық білдіріп, учаскелік инспектордың атқарған жұмысы жайлы тұрғындарға есеп беруі қажеттігін айтып өтіп: - Наурыз мерекесі дәл уақытында тойланбаса ешбір тәрбиелік мәні болмайды. Бізде ертеңіне аудан орталығына баратын болғандықтан бір күн бұрын ұйымдастырады.

Ганюшкин ауылдық округі сол күні өзіндегі мекемелермен неге тойламайды? Жарық жиі сөнеді. Ақкөл ауылы тұрғындар саны жағынан алғанда аудан орталығынан кейін тұрған елді мекен болғанымен жан-жақтан келетін депутаттар ат ізін салмайды. Әлде бізде барлық мәселе шешіліп қойған ба? Ардагерлерді марапаттау жағы да нашар. Ауылымызда тоқсанға келген, елге еңбегі молынан сіңген абызымыз бар. Басқаларға беріліп жатқан ауданның Құрметті азаматы атағы неге оған тиесілі емес?- деді. Ганюшкин стансасының басшысы Теңел Ысмағұлов кәріз жүйесін соратын ваккум қажеттігін айтты. Зейнеткер Талғат Нұртазин балабақша, спорт кешені жақсы салынғанына ризашылығын білдіріп, мектеп ғимараты кеңейтілсе деген ұсынысын ортаға салды. Басқа да тұрғындар бір атаумен аталатын екі көшені өзгертуді, ауыз сумен қамтуды жақсартуды, қоқыс жәшіктерімен қамту мәселелерін қозғады. Аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов ұсыныстар бойынша іс-шаралар жоспары жасақталатынын айтып, ал, пойызды көбейту республикалық деңгейде шешілетіндіктен жоғары билікке жеткізуге уәдесін берді.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521