«Ұлы даланың өнерлі ұландары»

Мәдениет

«Ел іші – өнер кеніші» демекші, ата-бабаларымыздан бастау алған өнердің алтын жібін үзбей, лайықты жалғастыру Тәуелсіз еліміздің бүгінгі ұрпақтарының парызы. С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Ұлы даланың өнерлі ұландары» атты жарты ғасырдан астам тарихы бар күй анасы Дина Нұрпейісованың есімін иеленген балалар өнер мектебінің дәстүрге сай есептік концерті өтті.

Мәдениет үйінің фойесінде «Бейнелеу өнері» мамандығының оқушыларының салған көздің жауын алар әдемі суреттерінен көрме қойылды. Шара шымылдығы облыстық «Жадыра, жас дарын» , «Ақ шағала», «Ақ көгершін» байқауларының дипломанты «Наз» хореографиялық ансамблінің «Қазақ биімен» ашылды. Өнер мектебінің директоры Милана Боханова кең көлемді баяндамасын жасап, оқушылар мен ұстаздардың жетістіктерін саралап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бүгінде аталмыш өнер шаңырағында 274 оқушы көркем-эстетикалық, музыкалық бағытта білім алып, домбыра, фортепиано, баян, вокал, скрипка, хореография, бейнелеу өнері мамандықтарына бейімделуде.

Есепті концерт барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев ұжымға шығармашылық табыс тілеп, «өмір жолын өнермен сәтті ұштастыратын талантты шәкірттер көп болсын» деген жылы лебізін жеткізді.

Одан әрі облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған дарынды шәкірттер әуезді ән шырқап, мың бұрала билесе, адамның жан дүниесін ашатын, көңіл пернесін дөп басатын аспаптарда ойнаған балғындар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Домбыра мамандығының 4 сынып оқушылары Шұғыла Батырғали, Меңдібай Жылтықаев «Балқаймақ», «Шалқыма» күйлерін күмбірлетсе, фортепиано мамандығының 2 және 7 сынып оқушылары Несібелі Батырбекқызы, Виктория Рудыкина «Аңыз», «Қыз қуу» шығармаларын орындады. «Джаз әлемі», «Ахау бикем», «Туған жер» әндерін Сабур Ақылбек, Толғанай Асқарқызы шырқаса, Нұғыман Асылан, Русланұлы Айдар, Дана Қайыржанова баян, скрипка аспаптарында өз өнерлерін ортаға салды. «Наз» хореографиялық ансамблі спорт және ұйғыр билерінен шашу шашса, «Балдәурен» ұлт-аспаптар ансамблінің өнеріне көпшілік қошемет көрсетті. Ата-аналар атынан Болат Қалиев өнер мектебінде дәріс алатын немересінің бүгінгі жетістіктеріне қуанатынын айтып, ұстаздар қауымына зор ризашылығын жеткізді. Алдағы уақытта өнер ошағына жеке ғимарат салынса деген көпшіліктің ортақ тілегін алға тартты. Мектепішілік «Қамқоршылық кеңестің» мүшесі Қайрат Сайфуллин де жүрекжарды лебізін білдіріп, өнер ошағының жұлдызы жоғарыдан жана беруін тіледі.

Шара соңы «Жас музыканттар» байқауының лауреаттары «Ақ көгершін» хор ұжымының «Мектеп вальсі», «Қазақстаным» әндерімен тәмамдалды.

А.Шакупова.