Елбасы көрмесіне 2000 адам барды

Мәдениет

Өткен аптаның сенбі-жексенбі күндері ауданымыздың еңбек ұжымдары өздерінің жұмысшы-қызметкерлерін, ардагерлерін облыс орталығындағы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейіндегі «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесіне апарып, жәдігерлерімен танысудың мүмкіндігін жасады.

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының жинағы, мемлекет басшылары және отандық авторлар тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар мен Елбасының шет тілдерге аударылған еңбектерін тамашалағандар көрмеден көп мағлұматтарға қанығып, естен кетпес әсер алып қайтты.

Елбасы кітапханасының архив, кітапхана, музей қорларының жәдігерлері ұсынылған көрменің «Елбасы жолы» бөлімінде Тұңғыш Президенттің өмір жолының әр кезеңдерінен сыр шертеді. «Елбасы феномені» бөлімі жаһандық кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздіктің тың идеяларын енгізген Ұлт көшбасшысының мемлекеттік құрылым тұжырымдамасының қалыптасуы мен дамуына қосқан өлшеусіз үлесіне арналған. Ал, «Әлем таныған Елбасы» бөлімінде оның биік беделі мен асқақ абыройының арқасында жеткен еліміздің қарқынды сыртқы саясаты және шетелдік мемлекет басшыларының жеке құрметі көрініс береді. «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде әлем мойындаған сарабдал саясаткердің жоғары мемлекеттік марапаттарымен танысуға болады.

Мемлекет басшысының балалық шағынан бастау алып, бүгінгі кемеңгерлік биігіне жеткен дара жолы айшықталған көрмеге екі күн ішінде ауданнан 2000-нан аса адам барды.

А.НӘЖІМОВ.

Сурет Ерлан Алтыбаевтікі.