Мерейтоға атсалысқандарға құрмет көрсетілді

Мәдениет

Аудан әкімдігінде Құрманғазы ауданының 90 жылдық мерейтойын атап өтуге атсалысқандарға, демеушілік жасағандарға құрмет көрсетілді.

Бұған дейін де олардың бір тобы марапатталғанын айтқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров: - Жарты жыл бұрын осы мәселені аудан әкімі қозғағанда қолдау білдірдіңіздер. Тоқсан жылдық биыл бес ауданда өтіп отыр. Бір әкімдіктің, бөлімнің ғана емес, оның жақсы өткенінде сіздердің де үлестеріңіз мол. Көмектесеміз деген кәсіпкерлердің 90 пайызы айтқанын орындады. Мұны туған жеріне, ауданына деген патриоттық көзқарас, азаматтық міндетін орындау деп түсінеміз. Мемлекеттік қызметкерлер де өз еріктерімен қолдап, жетпей жатқан қаржыны бір күндік жалақыларынан аударды. Төрт күн үлкен шара өтті. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірзақ Зинуллин, басқа да бұрын ауданымызда жұмыс жасаған аға-апаларымыз қатысты. Бәрі де шақырғанымызға риза болып жатыр. Олар мұны облыс әкіміне айтып, аймақ басшысы аудан әкіміне хабарлапты. Ресейден келген қонақтар да мерейтойды жоғары бағалады. Аудан тарихын баяндайтын барлық көріністер сатыланып өтті, – дей келе мерейтойға қосқан үлесі үшін Зейнетолла Ақбановқа, Болатбек Шуринге, Жұмақай Ғұмаровқа, Руслан Сәуменовке, Таңатар Дәреловке, Асқар Ғұмаровқа, Төреміс Шәріповке, Гауһар Болатбаеваға, Есболат Құбашевке, Дәурен Садықовқа, Ұлыбек Өтегеновке, Меңді Қиматоваға және басқа да жиырманың үстінде адамға аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.

Қатысушылар атынан ауданның тоқсан жылдығын өткізуге белсене атсалысқан Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов сөйлеп, мерейтойдың өте жақсы өткенін айтып, ұрпаққа үлгі болар, отансүйгіштікке баулар осындай шаралар жалғасын таба берсін деген тілегін жеткізді.

Қанат ҒҰМАРОВ