"Елге тағзым" - қылқалам шеберлерінің көрмесі

Мәдениет

Сурет – тарих, әрі өміршең өнердің бірі. С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің фойесінде "Елге тағзым" атты тұңғыш рет қылқалам шеберлерінің шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды.

Ауданда туып-өскен жерлес суретшілеріміз Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, кескіндемеші, Қазақстан Республикасы суретшілер одағының және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, халықаралық суретші-ұстаздар симпозиумының Бас жүлде иегері Кендір Отарбай мен суретші, композитор, педагог, өнертанушы, Қазақстан Республикасы Суретшілер және Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің профессоры Қуандық Мәдір шараға терең мазмұнымен және жарқындығымен ерекшеленетін өздерінің таңдаулы жұмыстарын алып келіпті.

Шексіз тарихтың бір ғана сәтін бейнелейтін, қиялға ерік беретін ерекше шығармашылық түрімен айналысатын авторлардың қай туындысын алып қарасақ та, Отанға, туған жерге деген шынайы патриоттық сезімдері, сағынышы айшықтала түскенін байқауға болады.

Одан басқа тарихымыз бен ұлттық мұрамыздан сыр шертетін тақырыптық суреттер, біртуар тұлғалардың портреттері, майлы бояумен салынған пейзаж, натюрморт жанрындағы картиналар қойылды. Көрменің ашылу салтанатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж.Бектеміров сөйлеп, қылқалам шеберлеріне шығармашылық табыс тіледі. ҚР Жазушылар және журналистер одақтарының мүшесі, "Серпер" газетінің бас редакторы Т.Дәрелов әйгілі суретшілердің ғажайып туындыларының астарында бөлек дүние жатқанын алға тартып, олардың салған әр суреттерінде ұлтымыздың мінезі, адамгершілік болмысы, рухани байлығы бейнеленгендігін жеткізді. Өз кезегінде сөз алған Кендір Отарбай мен Қуандық Мәдір жерлестерін мерейтоймен құттықтап, көрмені тамашалауға шақырды.

А.Шакупова