«Халықтық» атағын қорғап қалды

Мәдениет

Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі жанындағы халық ұлт-аспаптар оркестрі мен «Жиделі» фольклорлық ансамблі үшінші мәрте «Халықтық» атағын қорғады.

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі жанындағы халық ұлт-аспаптар оркестрі 1976 жылы құрылған. 2007 және 2012 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің көркемөнерпаздар ұжымдарының халықтық атағын қорғау ережесі мен облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы, мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының шешіміне сәйкес екі мәрте «Халықтық» атағын қорғаған болатын. Бірнеше рет халықаралық, облыстық, Батыс аймақтық байқауларында бағын сынап, жүлделі орындардан көрінді. 2017 жылы Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінде «Жиделі» фольклорлық ансамблі Астана тұрғындарына 1 сағаттық концерттік бағдарламасын ұсынып, Елорда халқының ыстық ықыласына бөленді.

«Өнерлі елдің – өресі биік» атты концерттік бағдарламаға облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы шығармашылық бөлімінің басшысы Дидар Арыстанғалиева, әдіскері Роза Ахатова, аталған орталықтың көпшілік ойын-сауық қызметі бөлімінің басшысы Гүлжан Сакупова қатысты. Шараны ауданға есімі әйгілі өнерпаздарымыздың бірі Болат Бидоллаев жүргізді. Концерт барысында оркестр мен ансамбль, сазсырнайда Алмазия Жахина, қылқобызда Мақпуза Меңдіғалиева, әншілер Толыбай Қажыгереев, Қадыржан Хасанов, Ерболат Сұлтанов Сыпыра жыраудың, Жамағат Темірғалиевтің, Тұяқберді Шәмеловтің, Бекболат Тілеухановтың, Айтқали Жайымовтың және т.б. шығармаларын орындады. Шара соңында облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы шығармашылық бөлімінің әдіскері Роза Ахатова сөйлеп, оркестр мен ансамбльдің өнеріне ризашылығын білдіріп, оның дирижері мен көркемдік жетекшісі Т.Зайнуллиннің қызметіне шығармашылық табыс тіледі. Құрамы жайлы сұрап, кейбір құрал-жабдықтармен қамтып, «репертуарларыңызды байыта түсіңіздер» деген ұсынысын айтты.

Қанат ҒҰМАРОВ