Дүлдүл Динаның ізбасарлары кім?

Мәдениет

Құрманғазы ауданының 90 жылдық мерейтойына орай, аудандық мәдениет үйі мен аналар кеңесінің ұйымдастыруымен, қазақтың әйгілі күйші композиторы, Қазақстанның халық әртісі, жерлесіміз Дина Нұрпейісова атындағы домбырашы қыз –келіншектер байқауы өтті.

Мақсаты – күмбірлеген күй өнерінің сиқырлы үнін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру, ұлттық құндылықты сақтау. Байқаудың шарты бойынша үміткерлер алғашқы кезеңде Дина әжеміздің «Науаи» күйін күмбірлетсе, одан әрі өз қалаулары бойынша 1 күй немесе 1 шығарма орындайды. Сайысқа С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жиделі» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Талапқали Зайнуллин, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Сәркен Нұрғожина, жергілікті сазгер Ибрагим Хабибуллин қазылық етті. Байқауға әр округтен шақырылған 6 домбырашы қатысты.

Нәтижесінде Алмазия Жахина бас жүлдені жеңіп алса, І, ІІ, ІІІ орындар Жазира Мухамеддинова, Гүлмира Сидағалиева, Калина Изекенова, Анар Қабдолова, Бақытгүл Оразоваларға бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен сый-сияпат табысталды. Шараны аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова қорытындылады.

Гүлден Ибрагимқызы,

Атырау облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі Құрманғазы ауданы бойынша сарапшысы