«Орлының өрлеу жылдары» пьесасы сахналанды

Мәдениет

Орлы мәдениет үйінде Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бөлімінің аясында, Құрманғазы ауданының 90 жылдығына орай облыстық, Батыс аймақтық халық театрлары фестивалінің лауреаты Калинин халық театры «Орлының өрлеу жылдары» атты төрт көріністі тарихи пьесаны сахналады.

Пьесаның авторы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев. Театр шымылдығы трионың орындауындағы әдемі әнмен ашылды. Бірінші көрініс директордың кабинетінде өтеді. «Үстел басында «Калинин» кеңшарының жаңадан тағайындалған директоры Өмірзақ қағаз қарап отыр. Ішке селолық кеңес төрағасы Талап бастап, Мәйтен, Шамақ ағалар кіреді. Өмірзақ орнынан ұшып тұрып қарсы алып, амандасады.

–Ассаламуалейкум ағалар. Келіңіздер, төрлетіңіздер.

Талап:

- Ал, Өмеке! Көпшіліктің жете алмайтын сеніміне ие болдың, құтты болсын! Партком хатшысы кезінде көптеген мақсаттарың бар еді, соны жүзеге асыруға батыл баста, біздер қостаймыз. Солай емес пе Мәйтақа? Мәйтен:

- Әрине, Талап ағаң дұрыс айтады. Өмірзақ:

- Рахмет ағалар. Ой көп бәрін бір жүйеге келтіріп, нақтылап, өзіме нық сенуім керек. Бастапқы шараларды қолға алдым. Талап:

- Біздің шаруашылық серіктестік, тоздан бастау алғанда біте қайнасып, араласып, кейін ұзақ жыл Қайырлы ағамыз басқарған...

Мәйтен:

- Иә, Өте ауыр кезең еді ғой. Адамдардың санасында үкімет алға қойған міндеттерді орындау ғана болатын. Барлық еңбек соған жұмсалды...»

Олармен әңгімелесіп отырғанда кабинетке ауылдың белді азаматтары Баймаш, кеңшардың бұрынғы директоры Таңатар, аудандық газеттің бас редакторы Тұрар Құрманғалиев кіріп жаңа басшыны құттықтайды. Кейінгі көріністерде де сол кезде ел үшін еңбек еткен адамдардың біразы қамтылады. Көбі бүгінде өмірден өтсе, кейбірі залда қатысып отырды. Барлығы да басты кейіпкердің төңірегіне топтасады. Автор сол кездегі еңбек адамдарының ұйымшылдығын, өзара сыйластығы мен ортақ іске деген жанашырлығын, жаңа идеяларды іске асырсам деген құлшынысын, кеңшардың дамуы барысында қол жеткен жетістіктерді қамтып, көз алдыңа әкеледі. Керемет мәдениет үйі, денсаулық сақтау орталығы, аттракцион, ауылдық мұражай сол кезде ауданымыздың өзге шаруашылықтарында болмағаны тарихи шындық. Басты рөлді театрдың әртісі Нұрхат Бралин сомдап, басшының ұйымдастырушылық шеберлігін ашып көрсете білді. Басқа рөлдер де өз дәрежесінде шықты. Пьеса Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі Таңатар Дәрелұлының «Асыл мекен – Құрманғазым» әнімен тәмамдалды.

Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтах ұжым,округ атынан ризашылығын білдіріп, құттықтау хатын табыс етті. Ортаға Орлы ауылдық округі құрылғаннан бергі уақытта әкімдік қызмет атқарған Нұрлығайын Нұғыманов, Абат Кенжалиев, Балағазы Иманғалиев, Абдуррахман Муса, Мәлік Матыбаев шақырылды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірзақ Қажығалиев: - Маған ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына орай қойылым жазып беру жөнінде ұсыныс жасалғаннан кейін қолыма қалам алдым. Ол үшін аудандық мұрағатты қопарып, сонда жұмыс жасауға тура келді. Бұл кеңшар алғашында ТОЗ болып құрылған. Содан бастадым. Алғашқы нұсқасында бұл пьесаның атын «Қастерлі жолда», - деп қойдым. Оған отыздың үстінде кейіпкер керек еді. Бәрін түгел қамтығым келгендіктен оқиға ұзарып кетті. Екі-үш сағатқа созылатын болды. Мәдениет үйінің меңгерушісі Ерболат Сұлтановпен ақылдасып көріп едім, ондай ұзақ қойылымға уақыт та, кісі де табу қиын екенін жеткізген соң қысқартып, кері жаздым. Мүмкін көркемдік жағынан олқы түсіп жатқан шығар, бірақ ешқандай қоспасыз, бәрі қалай болды, солай дайындадым. Осында қатысып отырған көзі тірі кейіпкерлер оған куә! Дәметкеннің, Сараның, Райханның, Раяның және басқаларының еңбектері өлшеусіз. Өкінішке орай бір пьесада олардың бәрін қамтуға мүмкіндік аз. Негізі мен көрермен басқаша түсініп қалар деген оймен басты кейіпкерді өзгерткім келген еді. Онымен жігіттер: «Істелген жұмыс көрініп тұр ғой. Бір қатесі жоқ. Неге басты кейіпкер ретінде өзіңізді бермеске?!», - деген соң көндім. Мен жазғаныммен оны сахнаға үлкен шабытпен дайындаған мына Берік Жұмағазиев бастаған театр ұжымы. Басы-қасында жүріп жұмыс жасаған Ерболат Сұлтановқа да ризамын. Шамұрат досымның баласы, негізгі кейіпкерді сомдаған Нұрхат Бралинге де алғыс айтамын. Жақсы асаба ғана емес, дарынды әртіс те екенсің, биіктерден көріне бер, - деп басқа да қатысушыларға жылы лебізін арнады. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Зияда Жоламанова Калинин халық театрына құттықтау хатын ұсынды.

Қанат ҒҰМАРОВ