Еңбекшінің әні ерекше естілді

Мәдениет

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аудан бойынша өткізіліп жатырған сенбілік концертте Еңбекші ауылдық округі «Туған жер – тұнған тарих» атты концерттік бағдарламасын көрермен талқысына ұсынды.

Айта кету керек, елдік маңызды шараларды өткізуге тыңғылықты дайындықпен келетін еңбекшіліктердің бұл жолғы ән-күйі де ерекше естілді. Патриоттық рух берер сазды әуеннің ырғағымен сахна төріне көтерілген бағдарламаны жүргізушілер Болат Бидоллаев пен Наурызбай Бисенғалиев округтің құрылу тарихымен таныстырып өтті. Қазақтың ұлттық киімін киген әжелер мен қыз-келіншектер көрермендерге ақ бауырсақтарын ұсынып, ақ дәмнен ауыз тигізді. Еңбекші ауылдық округі әкімінің кеңесшісі Руслан Әмірханов барша жиналған жұртшылықты айтулы күнімен құттықтады.

Концерттің шымылдығын ашқан жергілікті ақын Есмұхан Жанизиннің арнау жыры көңілдерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сахнада орындалған әр әнге туған жердің табиғатынан, көрікті жерлерінен бейнебаян көрсетіліп отырылуы жақсы үйлесім тауып тұрды. Ауданның 90 жылдық торқалы тойына арналған Балқұдық ауылының тумасы, әуесқой ақын-сазгер Б.Қонаровтың «Құрманғазым – құт мекен» әні, Бақытжан Сариев пен Болат Бидоллаевтың қос домбырада орындауымен тұсауы кесілді. Жиналған жұртшылықты жалықтырмай дәл уақытында басталған концерттік бағдарлама қызылды-жасылды отшашумен тәмам болды.

А.НӘЖІМОВ.