Жаны жақсылық іздеген ақын

Мәдениет

Өлең машығы емес, өлеңге ғашық жанның бірі ауданымыздың төл перзенті – Рысты Меллятқызы Наженова.

Қуанса да мұңайса да, тірлігінің қолайсыз сәттері қауырсын қанатын қайырмақ болса да Рысты өлеңге ғана мұңын шағады. Жүрек лүпілі «елім» деп соққан ой мен сезім адамын көргендері мен кезіктіргендері өтті-кетті болып қалмай, жыр жолдары болып төгілген. Біз мынау дөңгеленген дүниеде кімдермен дәм-тұздас, сапарлас болмай жатырмыз. Біреуіміз ұмытқанбыз, екіншілеріміздің есімізде еміс-еміс қалған. Ал, Рысты өзімен болған жандарға сүлесоқ қарамайды. Олардың бәрі сана-дәптерінің бір-бір парақтары. Сол парақтары жәудіреген жаһұттай қара көздерінен жас төккізіп, жүрегінен өлең тамшылатқаны тұңғыш жыр жинағы - «Күнделік» деп аталатын кітабынан анық байқалады.

Жинақты шығаруға белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев ағамыздың бірден келісім беруі тегіннен-тегін емес. Өйткені, Рысты Наженова қарындасымыз сезімге сөз береді, сыршыл қаламының сырғасы діріл қағады. Тәжірибесінің аздығын тәп-тәуір ой саналығы кешіріммен қарауға мәжбүрлейді. Сондықтан, ауылдас, рухы биік жанның «Ағатай» баспасынан 100 параққа сыйып басылған бұл жинағымен біраз танысқаннан кейін осындай пікірге келдік. Шұқшия тінткілеп кемісін емес, қуана қолға алып жемісін бағамдауға тырыстық. Тапқанымызға қуандық, таппағанымызды Рысты ақынның алдағы жылдарда жарық көрмек дүниесінің еншісіне қалдырдық.

«Амангелді- кіндігімді кескен жер,

Ал, Бірлігім бойжеткен боп өскен жер.

Тұла бойға күш пен қуат береді,

Қиғаш жақтан ескен жел»- деп жырлаған Рысты ақынға, сол Қиғаштан оқшау ұшқан қарлығаштың бірі өзіңсің, ендеше тірлік күйбеңімен қалып қоймай, тіліңнен бал тамып тұрғанда тебірене жырлап қал, өмір-өзені тым асығыс екен, оған келісерсің деген оймен ағаң:

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.