"Біздің ауылда қызықтар бола береді"

Мәдениет

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде облыстық Батыс аймақтық театрлар фестивалінің лауреаты Калинин халық театры сатирик, драматург Есенжол Домбаевтың «Біздің ауылда қызықтар бола береді» атты екі перделі, үш көріністі комедиясын сахналады.

Қойылымға қысқаша тоқталсақ, «Лениншіл жас» газетіне Салиха кемпірдің соғыс кезінде көз жазып қалған бауыры Иманды іздеген мақаласы шығады. Мұны алаяқтар Жәпек пен Халила оқып, пайда табуды көздейді. Жәпек мол ақша сұрау мақсатымен Иман болып Салиха кемпір тұратын «Социалистік жол» кеңшарына жетеді. Мұнда аялдамада Иван есімді қазақ жігітпен танысады. Бұл да осы ауылға бірінші рет келіп тұрғанын пайдаланып, оны өзімен бірге жүруге көндіреді. Қонақтарын Салиха кемпір мен оның оң босағада отырып қалған қайын сіңлісі Ақұлпаш жақсы қарсылап, үлкен құрмет көрсетеді. Кемпір қиын кездерде жас жарымдағы інісінен қалай көз жазып қалғанын баяндайды. Әкесінің майданға аттанарда шешесін жерлеп, өзі мен Иманға тұмар бергенін еске алады. Тұмарды сұрағанда алаяқ кібіртіктеп, оны жоғалтып алғанын айтады. Салиха оған мән бермейді. Тіпті інісі Иман (Жәпек) ауылына қайтарда 500 сом береді. Өзіне деген мұндай ықылас-пейілді бұған дейін көрмеген Жәпектің бойында ар-ұяты оянады. Ол да көзіне жас алып, мұнда келгеніне, жасап жүрген әрекетіне өкінеді. Иванның кемпірдің үйде жоқтығын пайдаланып сандықтағы ақшасын қолды етіп, қарамызды батырайық деген сөзіне: «Осыған дейін сен мені аңдып келдің. Енді мен сені аңдимын. Бұл үйдің бір затына қолыңды тигізбеймін», - деп қарсы шығады. Әйелінің өзіне не тапсырғанын да ұмытады. Құдашасы Ақұлпашпен көңіл қосады. Артынша хабарсыз кеткен күйеуін іздеп мұнда Халила да жетеді. Екеуінің кездесуі, алаяқ әйелдің Салиха кемпірмен әңгімесі көрерменді күлкіге кенелтті. Халила Иванды көрген бойда кешірім сұрап тайып тұрады. Оқиға шарықтау шегіне жеткенде Иван Салихаға тұмарды көрсетеді. Соғыс кезінде балалар үйінде Иван Нерусский деп аталып кеткен туған інісі Иман екенін айтады. Оның қылмыскерлерді іздеу бөлімінің инспекторы екенін куәлігінен көрген Жәпектің төбесінен жай түскендей болады. Алайда ар-ұяты оянып, өкінгенін ескерген Иван оны әшкерелемей, бұл іске өзі тартқанын жеткізеді. Соңында Жәпекті ұнатып қалған Ақұлпаш жеңгесінен бата сұрайды.

Жалпы, Құрманғазы өңірі елімізге танымал өлке ғой. Бізден тамаша ақындар, жазушылар, сазгерлер, өнер қайраткерлері шыққан. Кезінде есімі әлемге әйгілі жазушы-драматург, жерлесіміз Рахымжан Отарбаев ағамыздың өзі жергілікті әртістеріміздің өнерін қалалардағы кәсіби әртістерден кем соқпайды деп, жоғары бағалаған еді. Иә, олардың көбі кәсіби білім алмаса да, еш жерде оқып үйренбесе де туа бітті дарын иелері. Калинин халық театрының режиссері Берік Жұмағазиевтің (Жәпек), Н.Манаев орта мектебінің мұғалімі Балхаш Әжіғалиеваның (Халила), Орлы ауылдық округінің әлеуметтік қызметкері Гүлжиян Қаженованың (Ақұлпаш), Калинин халық театрының шаруашылық меңгерушісі Нұрхат Бралиннің (Иван), режиссердің көмекшісі Нағима Хасанованың (Салиха кемпір) рөлдері тамаша шыққанын айта кетейік.

Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Жұмақай Ғұмаров: - Калинин халық театры төрт облыс-тан тұратын Батыс өңірінде көрерменнің үлкен ықыласына бөленіп жүрген ұжым. Ереке (Ерболат Сұлтанов) театр басшысы ретінде ауданда орныңыз ерекше азаматтардың бірісіз. Сіз басқарған бұл театр облысқа да жақсы танымал. Бүгінгі комедия сәтті шықты, - деп ұжымға алға қарай да биіктерден көріне беріңіздер деген тілегін жеткізді. Театр маусымашарды 27 нау-рызда Рахмет Иманғалиевтің «Есірген әке, есті ұлы» пьесасымен бастаған. Е.Домбаевтың «Біздің ауылда қызықтар бола береді» деген комедиясын бұған дейін ауданымыздың Көптоғай ауылдық округінен басқа елді мекендерінде қойған. Енді қыр бойына жүрмек.

Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтах осы қойылымға шақыру билеті 45 адамға берілгенін, оның ішінде лауазымды адамдар да барын айтып, солардан тек аудан прокуроры мен он шақты ауыл тұрғыны қатысқанына қынжылыс білдірді. Қалған көрермендер халық емшісі Дәметкен Серікбайқызы апамыз бастаған орлылықтар. Сонау, 1994 жылы Алматыда болғанда театрға барған едім. Зал толы халық есімде қалыпты. Біз де өз театрымызға осылай қолдау көрсетіп, өнерін тамашалауға келгенде кенже қалатынымыз өкінішті-ақ.

Қанат ҒҰМАРОВ.