Бізден басқа ұлт шұбарлап сөйлемейді

Мәдениет

Әр ұлттың өзіне анасының сүтімен сіңген қасиеті болады. Соның бірі-ана тілін қадірлеу.

Туған тілін құрмет тұтпайтын халық жоқ. Ұлттық мемлекетін құра алмай, басқа елдердің құрамында жүрсе де ана тілінде сөйлейтіндер бар. Жетпіс жыл біздің жерімізде де өзге тіл үстемдік құрды. Сөйте тұра, мүлдем орысша білмей кеткен аталарымызды білеміз.

Қазақстан бүгінде Тәуелсіз ел. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл статусын алды. Қазір елімізде тұратын өзге ұлттар да оны үйренуге ден қойды. Елбасымыз: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», - деген болатын. Бірақ, туған жерінде жүріп ана тілінде сөйлемейтіндерді көргенде қынжыласың. Құлдық санадан қашан арылар екенбіз деп ойлайсың. Ондайларға сыртта жүрсе де туған тілінде сөйлейтін қандастарымызды үлгі ретінде ұсынғың келеді.

Мысалы, биыл Францияның Канн қаласында өткен 71-ші кинофестивальда қандасымыз Самал Еслямова «Үздік әйел рөлі» үшін аталымымен ұлығыланып, әлемге танымал актриса Кейт Бланшеттің қолынан «Алтын пальма» бұтағын алды. Мұндай мәртебені Самалдан бұрын ТМД елдерінің ешбір әртісі иеленбеген. Сахна төріне қарындасымыз ұлттық киім киіп шықты және алғысын алдымен қазақ тілінде айтты. Бірнеше жыл Ресейде жүрсе де, оның соңғы 7 жылында Мәскеуде тұрса да Самал қазақ тілін ұмытпаған және Қазақстан Республикасының азаматшасы болып қалған. Телестудияда болған кездесуде жүргізуші: «Қазақша әндер тыңдайсыз ба?», - деп сұрады. Әлем мойындаған актриса: «Әрине, мен қазақпын ғой. Жат жерде туған еліңді сағынасың. Сонда ана тіліңдегі әннің қадірі артады», - деп жауап берді. Самал мүлдем боянбайтынын, шашын да бояп көрмегенін айтты. Табиғи сұлулығын сақтаған. Құшақтасатын, сүйісетін киноларға түсу менталитетіне жат екенін жеткізді. Шетелде киноға түсуге шақырса уақытша баратынын, бірақ Қазақстан азаматшасы болып қала беретінін де жасырмады. Шыны керек, кинофестивальді тікелей тамашалағанда Самал ресейлік кинорежиссердің фильміне түскен соң орысша сөйлейтін шығар деп күткенбіз. Ал, қазір Қазақстанның қаласына оқуға түссе де, соны сән көре ме бір жылдан кейін қазақша-орысша араластырып сөйлеп шыға келетін аруларымыз арамызда жоқ емес.

Тағы бір айтарымыз, желіде Оғыз Доған деген түрік бауырымыз Қазақстандағы мекемелерден мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етіп, оған қарсы шыққандарды телефонға түсіріп көпшіліктің талқылауына салып, кейбірімен соттасып та жүр. Енді бір видеода қарындасымыз автобусқа мініп алып, жолақы төлеуін сұраған жүргізуші орыс жігітінен қазақша айтуын талап етіп тұр. Жүргізуші болса, "ақысын төлемейінше қозғалмаймын" деп қасарысып отыр. Автобус ішіндегі өзге ұлт өкілдері қызға қарсы сөйлеп жатыр. Бұл, енді кішкене артықтау. Әуелі шалақазақтарды ана тілімізде сөйлетіп алсақ та жарар еді-ау. Сондай-ақ, желідегі бір бейнебаянда американдық жас келіншек қазақша сұрақтарға мүдірмей жауап беруде. Шымкентте екі жыл жарым тұрғанда мемлекеттік тілімізді үйреніпті. Есесіне бұрын министр қызметін атқарған, қазір Парламент депутаты болып жүрген әжептәуір жастағы бір әйел қазақшаны бұзып сөйлеп, көпшіліктің келемеж қылар сүйікті кейіпкеріне айналды. Ол видео «Мына сорлы қай тілде сөйлеп тұр?» деген тақырыппен желіні шарлап кетті. Тіпті ол туралы халық: «Көзі қисық, сөзі қисық, өзі қисық. Бірақ, жалақысы жақсы» деген жұмбақ та шығарып үлгерді. Депутат басымен өйтіп күлкі болғанша ана тілін үйренбей ме екен? Қай елдің парламентінде отыр? Қарапайым халыққа үлгі болып, тілдің жоғын жоқтайтын осы кісілер емес пе?

Ана тілімізді өзіміз қадірлесек, басқалар бізді ұлт ретінде құрметтейді. Қазақстандағы халықтар оны үйренуге ден қояды. Егер оны шұбарлап сөйлесек, мұндай тіл кімге керек? Орыстар да олай сөйлемейді. Олардың ағылшынша мен орысшаны араластырып қойыртпық жасағанын көрмеппіз. Тіпті тілімізді өзгерткенмен құдай берген түрімізді өзгерту қолымыздан келмейді. Іргелес орыс халқының ұлылығы олардың ана тілдерін қадір тұтатынында. Соның нәтижесінде ол әлемге таралған. Кезінде патшалы Ресей билеушілерінің арасында француз тілінде сөйлеу сәнге айналғанын тарихтан білеміз. Алайда, ол қарапайым халық арасында қолдау таппады. Французша үйренсем жоғары топтарға қосыламын деп ешкім ұмтылмады. Оған орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауымы да қызығушылық танытпады. Енді, міне, нәтижесінде дүниежүзілік қауымдастықтың бес тілінің бірі. Біз, Қазақстанда тұрып қазақша сөйлегеннен гөрі шұбарлауға әуеспіз. Туған тілімізді құрметтейік ағайын!

Қанат ҒҰМАРОВ.