Әжелер мен аналар – ән әлемінде

Мәдениет

Қазақы салт-дәстүрдің иісін аңқытып, адамдарды өнерге баулу, мәдениетке араластыру, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында аудандық аналар кеңесі және С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Әже мен ана әні – қазақ әуендерінің сәні» атты әжелер (аналар) ансамбльдерінің аудандық фестивалі өткізілді.

Жүргізуші Г.Ермұратова шараның мәні мен маңызы туралы хабардар етіп, оның негізгі шартымен таныстырды. Алғаш болып сахнаға шыққан Сафон ауылдық мәдениет үйінің аналар кеңесі жанынан құрылған «Замандастар» әжелер ансамблі былтырдан бері өнердің көшін өрлетіп, өмірлерін әнмен өрнектеп келеді. Ансамбль мүшелері өткен жылдар әндерін әуелетіп, қайта оралмас жастық шақтың сағымдай бұлдыраған күндерін үлкендердің жадында жаңғыртты.

Нұржау ауылынан келген «Нұр шашу» әжелер мен аналар ансамблі жақында ғана құрылған. Жетекшісі Нұржау жалпы орта мектебінің саз мұғалімі Жанар Шайхымеденова. «Ансамбльдің құрамындағы жандар аудан, облыс көлемінде өз өнерлерімен танылып жүр. Іші әнге, сырты сәнге толған аналар мен әжелер ансамблін құрудағы мақсатымыз – жастарды дәстүрлі халық әндерімен сусындатып, олар да салт-дәстүр, ұлттық музыкалық аспаптардың бай мұрасымен жақын танысса деген тілек. Өйткені, топ мүшелері ән айтумен қатар, түрлі аспаптарда ойнайды», – дейді өнерпаз әже Бақыт Ақмұханова.

Келесі кезекте Еңбекші ауылдық округіне қарасты «Ақтолқын» балабақшасының тәрбиешілерінен құралған «Ақтолқын» аналар ансамблінің құлақтан кіріп, бойды алар әсем әндерін әуелетті. Жетекшісі сырнайшы Берік Сұлтанмұратов.

Хиуаз ауылдық «Нұршуақ» аналар және әжелер ансамблі сырнайшы Людмила Шамарданқызының сүйемелдеуімен ұлттық өнерді насихаттаған халық әндерін орындады.

Ақкөл ауылдық аналар кеңесі жанынан құрылған «Ақкөл әуендері» аналар ансамблі өз репертуарларынан бірқатар әндер шырқап, көрермендердің ыстық қошеметіне бөленді. Жетекшісі Дәулеткерей атындағы балалар саз мектебінің мұғалімі, ардагер ұстаз Светлана Бердешова.

Мақаш ауылдық округінен келген «Асыл әжелер» ансамблі ұлттық өнеріміздің ең асылы мен тұнығын, ежелгі әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді, рәсімдерді өнер тілінде жеткізе білді. Музыкамен сүйемелдеуші белгілі өнерпаз Наурызбай Мұханбетқалиев.

Шарада С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Аманжан Халықов, Раушан Сәрсенова әуезді әндерін орындады. Соңында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова сөз алып, фестивальдің ерекшелігіне тоқталып, әжелер өнері, әжелер мектебі, олардың өнегесі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, бойға тереңнен сіңіретін табылмас тәрбие құралы болатынын тілге тиек етіп, қатысушыларды алғыс хатпен марапаттады.

А.Шакупова