Көркемсөз оқу шебері

Жаңалықтар

14-15 наурызда Атырау қаласында “Көрісу-Fest” атты Халықаралық форум-фестиваль аясында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті.

Әр өңірдің бетке ұстар оқушылары қатысқан сында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Жаннат Саматқызы жүлделі ІІІ орынды иеленіп, диплом және қомақты қаржылай сыйлықпен ұлығыланып, көрсетілген сенімді ақтады. Ол болашағынан зор үміт күттіретін жастарымыздың бірі. Мектеп өміріне етене араласып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады.

Әкесі Самат Саламатов ауданымызға танымал актер, Киров халық театры режиссерінің көмекшісі. Асабалығы да бар. Анасы Азина Ғұбайдуллина округтің маманы. Жаннат бұған дейін де аудандық ғылыми жобалар сайысында секциялар бойынша қазақ тілі мен әдебиетінен екінші, техникадан бірінші, математикадан екінші, химиядан үшінші орындарды иеленген болатын. Осының өзі-ақ оның жан-жақты екенін көрсетеді. Мұнымен шектеліп қалмай, бойындағы қабілетін дамытып, өнер бағытындағы “Сөз шеберлері” сайысында І, Әсет Найманбаев шығармаларын мәнерлеп оқуда ІІ орындар алса, Оралхан Бөкей атындағы аудандық көркемсөз оқу шеберлері, Әбіш Кекілбаев шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу байқауларында Бас жүлдеге қол жеткізді. Әрине, жас талдың түзу өсуі бағбанға да байланысты. Шәкіртті шыңдайтын шар болат – ұстаз. Жаннаттың жетекшісі, жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Алтынсарин төсбелгісінің иегері Алма Садихова. Шәкірттері республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орындар иеленіп жүр. Оқушылары жыл сайын “Бейбітшілік” фестиваліне қатысады.

Биыл мектеп қабырғасынан қанат қаққалы отырған Жаннатқа ойлаған арманыңа жетіп, қалаған мамандығыңды меңгеріп, болашақта алар асуларың мол болсын дейміз.

Қанат ҒҰМАРОВ.