Көк терекке су керек

Жаңалықтар

Әрісін айтқанда аудан орталығы Ганюшкинге де теректердің бірқатар түрінің шығатынын көз көріп жүр. Осыдан 5-6 жыл бұрын отырғызылған жас шіліктер кәдімгідей бой созып қалған. Әңгіме малға жегізбей, қоршауын ерінбей жүргізуде.

Мәселен, Шораның кіші Ганюшкин жағалығына бір топ көршілер Ғалымжан Мұқашев, Абдрахим Абдуллин бастап қарапайым көк терек талын шаншыды, бұдан әрі кетсе 7-8 жыл шамасы уақыт бұрын. Үйлерінің тұспа – тұс жағалығындағы сол жасыл желекті қолдарына түскен сым, тор, ескі кереует бөлшектерімен мал түспестей қоршады.

Жар жағасы, су қайтқанда сызы қалады. Бүгіндері сол теректер сыланып бой созды. Жанынан өткенде сәл кідіріп тоқтауыңа тура келеді. Нәзік бұтақшалары ұзара бітіп, желмен желбіреп соншалықты сүйкімді, ерке қылық танытады. Балаң да балғын бикештей құлпырып-ақ кетеді ертең жазда. Сұлулық па, сұлулық! Тек сезіне біл! Жан сарайыңа белгісіз бір леп, күш-қуат сыйлайтындай. Бабалар айтқан «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген өсиет сөз санаға қонақтайды. Мыңғыртып мал айдаған тектілер алдындағы төрт түлігінен гөрі жайқалып өскен жасыл дүниені артық көргені ме, сонда!

Сан ойлар шырмауында сен алға жылжып кетесің. Балғын терек қалады артыңда Шораның айна бетіне нәзік саусағымен өрнек салып. Өкініштісі, көкке бой алып кеткен осы теректерді бірінде қоршауынан мойнын асырып, түйелер жеп тұрды. Жеп тұрмады, сол Ойсылқарамыз бейкүнә әсемдіктің шашын талдап суырып жұлып жатты.

Нұрлан Құсайынов меценат ініміздің мекемесі алдындағы теректер де жанарыңды арбап алатын. Ол не құдірет! Әрине, әдемілік! Соңғы жылдары бір жақ бөлігі солып кетті. Оның да тым жақын салынған қоршауынан асылып мал біткен түте – түтесін шығарды. Сұрастырып көрдік, тамыр – таңдайы да судан қаталапты. Мүмкін, биылғы көктемде қалған бөлігін өлтірмеудің, қураған теректерді жаңасымен алмастырудың тиімді бір шарасын алармыз.

Ганюшкиннің Құрылысшылар мөлтек ауданындағы тас жол жиегіне де бойлай терек егілді, сонау бір жылы. Онда аудан әкімі болған Амантай Тәкешевтің өзі де қолына күрек ұстады. Арасында осы жолдардың авторы, сол кездегі мәслихат хатшысы Рифхат Сұлтанияев болды. Үш жол теректердің батыс жақтан ортаңғысының үшіншісін «бұл екі құрдастікі, яғни біздікі» деп еншіледік. Жері жақсы ма, теректер бас-аяғы екі-үш жылда аспанға шапшып көкке ұмтыла түсті. Еріскендей сұлу да мінсіз бойын соза түсті. Жапырақтары күнмен ойнап, желмен билейді.

Осы теректердің ақысыз күтушісі Ұлыбек Азатов деген азамат деп бұрын да жазғанмын. Баспақ – торпақ түспесін деп есігін қарап, бүлінген тұсын сыммен торлап, бітеп жүреді. Көктемде қолына дәу қайшысын алып «мынау артық бұтағы» деп балақ тұсын қырқып жатады. Орманы мүлгіген Қиғаш бойынікі ғой, білмейтіні жоқ, пәле өзі!

Ренжіп те қояды. – Қой құрысын, обал болды, көктемде водовозбен бірер рет құйған, содан соң қара көрсетпей жатыр, – деп. Үйі дәл сол теректердің іргесінде. Ана жылы жас шіліктерді шаншып жатқанда қуанған ол. «Бірер жылда өседі, ертеңді-кеш арасымен немеремді жетектеп, ауалап дем алып жүремін ғой» деп. Әрине , қоршауын құнттап, тұрақты су өңешін жалғасақ, оның айтқаны болайын деп ақ тұр.

Сөз түйіні: Ганюшкинге теректің қандай ма түрінің де шығатынына кім-кім де куә. Күні ертең-ақ «біз мынадай терек ектік» деп уралаймыз, ол «рапорттар» газет жүзін табады. Кейіннен күтім көрмей, су жетпей қурап тынады. Боздақтар алаңын да 9 мамырдан соң кейде сиырлар иелік етіп жүреді.

Тәу етеміз деп тұрғызылғанына көп жыл өтті, ден қойып, мән берсек, ендігі көк терегі нұр жамыла жайқалмас па еді?! Кәсіпкерлерге де тойхана, т.б. нысандары алдына жасыл ағаш егіп шығартуды ұғындырған, тіпті міндеттеген абзал. Бұл жерде мүмкіндік ала бермейтінін де түсінуге болады. Кінәласу қажетсіз, ұғынысу жөн. Әңгіме, биылғы жылғы көктемде көше көркіне айналған жасыл ағаштарға су келтіру, күтімге алу мәселесін шешуде.

Т.ДӘРЕЛҰЛЫ.