Ізет пен ізгіліктің бастауы

Жаңалықтар

Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, ізгілік пен ізеттілікке баулиды.

Мәселен, Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен құшақтасып, қол алысады. «Бір жасыңмен!», «Бір жасқа есеюіңмен!», «Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» деген тілектер ақтарылады.

Әр отбасы көршілерімен көріседі. Міндетті түрде әр адам түске дейін үш үйдің есігін ашу керек деген де ырым бар. Біреуге реніші бар адамдар бұл күні өкпесін ұмытып, ренжіскен адамына кіріп көріседі. Сөйтіп, арадағы суық қарым-қатынастың жібі үзіліп, адамдар бір-бірімен қайта табысады. Көрісу айтына орай С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Келіңдер, көрісейік!» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Оның барысында үлкен мен кіші арасындағы рухани байланыстың құндылықтары сөз етіліп, халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары ұлықталған сахналық қойылымдар көрсетілді. Аудан өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынып, жиналған көрерменге ақ тілектерге толы «Наурыз бата» берілді.

А.ШАКУПОВА.