Қызылшадан күдікті тіркелді

Денсаулық

Ауданымызда 1 күдікті жағдай тіркеліп, зертхана қорытындысымен қызылша ауруымен ауырғаны расталды.

Арнайы комиссия құрылып, тиісті жұмыстарын атқаруда. Қызылша – ауа тамшылары арқылы жұғатын жұқпалы ауру.

Вирус сыртқы ортаға сөйлеген кезде түкірікпен, жөтелген, түшкірген кезде таралады. Қызылша дертіндегі ең маңызды ескеретін жайт – ауру бөртпе шығудан басталмайды. Ол суық тию белгілері арқылы пайда болады. Мәселен, дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсап кететін дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін, тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Бөртпелер 4-7 күн сақталады.

Қызылша ауруының ұйымдасқан топтарда, мектеп, балабақшаларда таралуы тез өрбиді. Сондықтан, сабақтан, балабақшадан қалған балалардың есебін анықтап, ауырған балаларды міндетті түрде медициналық анықтамамен қабылдаған жөн.

Дер кезінде емделмеген дерт ортаңғы құлақтың қабынуы, соқырлық, пневмония, тағы басқа асқынуларды туындатады. Бұл дерттен қорғанудың ең тиімді түрі – оған қарсы екпе жасату. Қызылшаға қарсы екпелерін жасына сай толық алмаған балаларыңыз болса, жергілікті емдеу мекемелерінен алуларыңыз сұралады. Екпе алған адамдарда 15 жылға дейін сенімді қорғаныс пайда болатынын естеріңізге саламыз.

А.Умралиева,

аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы.