Қызылша ауруы Ақкөл ауылында өршіп тұр

Денсаулық

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы халық денсаулығын қорғау жөніндегі өңірлік ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Оны кеңес төрағасы Өркен Тәжібаев ашып, күн тәртібінде аудан көлемінде тіркеліп отырған қызылша ауруының деңгейі және оның таралуының алдын алу жұмыстарының жағдайы жөнінде бір мәселе қаралатынын қаперледі. Алдымен аудандық орталықтандырылған аурухананың бас дәрігері Гүлсара Мүтиева бұл мәселе жөнінде хабарлама жасады. – 2019 жылы ауданымызда 4 қызылша жағдайы тіркеліп отыр.Оның ең біріншісі Ақкөл ауылының 17.01.2018 жылы туған Ерке атты бүлдіршіні сағат түнгі екіде орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне дене қызуының жоғарылауы, жөтел шағымымен түскен. Қаңтардың 5-і күні таңертең денесінде бөртпе пайда болып, дәрігерлермен консилиум жасалынып, нәтижесінде оған «Қызылша» құзыры қойылды. Шұғыл түрде штаб құрылып, отырысы өткізілді. Баланың эпидемиологиялық анамнезін жинағанда, 14-19 желтоқсан аралығында облыстық №2 қалалық ауруханада емделген. Осы аралықта онда қызылша дерті тіркелген.Сәбимен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, егілмеген жандарға екпе салынды.

Екінші науқас Мейрамгүл Сульманова 1992 ж.т. Еркенің анасы, денесінде бөртпе пайда болғандықтан вирусологиялық зерттеуге жіберіліп, құзыры расталды.

Үшіншісі де Ақкөл ауылынан, 05.07.2017 жыл туған Берік Халауеденов қызылша екпесін 16.07.2018 жылы алған. Ауру тарихында ауруханада Еркемен қарым-қатынаста болған.

Төртінші науқас Рахым Шарифолла да Ақкөл ауылынан 21.07.2018 жылы дүниеге келген. 20 қаңтар күні ауруханаға түскен. Осы 4 науқаспен қарым-қатынаста болған барлығы 92 адам, оның 58-і ересектер, 34-і 14 жасқа дейінгі балалар. 46 ересек екпеге қарсы егілген, 12-інің құжаттары жоқ. 26 бала егілген, 8-і назарда ұсталуда.

Жалпы қызылшаға қарсы адамдар 1 және 6 жасында екі рет екпе алады. Қазір бізде тек 96 дана вакцина қалды, ал ақпан айында 196 бала егілуі тиіс. Вакцинопрофилактика аталған аурумен күресудің жалғыз және нәтижелі шарасы екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан оны тезірек алдыруға жұмыстанудамыз. Күні бүгін ауданда 1 мен 30 жас аралығындағы 770 ауру мүмкіншілігі қаупі бар адам тіркеліп отыр. Екпе алудан бас тартқандардың 98-і 14 жасқа дейінгі жеткіншектер, оның29-ы Ақкөл ауылының тұрғындары. 618 ересек «форма 63» құжатын жоғалтып алғандықтан, олардың екпе алғандығы жөнінде мәлімет болмай отыр – деп, дерттің алдын алумақсатында медицина қызметкерлерімен үй-үйді аралап, оның қаупі жөнінде түсінік жұмыстары жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Карл Отаров вакцинаны тезірек алдырту, екпеден бас тартқандарға түсіндіру шараларын ұйымдастыру, санитарлық-ағарту жұмыстарын жалғастыру туралы бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әлімбай Әбдірахман білім ошақтарында әсіресе Ақкөл орта мектебінде ұйымдастырылатын аудандық шараларды уақытша шектеуді алға тартты. Кеңес төрағасы Өркен Тәжібаев отырысты қорытындылап,дәрігерлерден аудан әкімдігі тарапынан қандай көмек қажет екенідігін сұрап, қызылшаның алдын алу жолдары, жалпы екпе алудың маңыздылығы жөнінде тұрғындарды қаперлеп, әлеуметтік желілерде де бұл бағытта түсінік жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

 

А.Шакупова