Ел ықыласына бөленген халық емшісі

(0 Votes)

Еділ мен Жайық арасында аруақты әулиелер аз емес. Олардың бірқатарының есімдері енді ғана жамағатқа жеткізіліп жатыр.

Күні бүгінге дейін жалғасып, өз ісін айғақтап көрсетіп жүрген сирек мамандықтың бірі -сынықшылық. Сынықшы арнайы оқу орнын оқымай-ақ сүйегі сынған адамдарды емдеудің ғажап өнері мен құпиясын толық игерген адамдар екені талай мәрте дәлелденген.

Осындай қасиетке ие - Құрманғазы топырағының төл перзенті, аруақты Әзімжан атаның ақ батасы дарыған – Баженов Нұртай Жексенғалиұлы. Жуырда оны «Құртқа Тәуіп атындағы пароскопиялық ғылым және дәстүрлі шығыс халық медицинасы дәрігерлері Академиясы» қоғамдық қорының, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан Республикасының халық және рухани емшілері» мекемесінің толық мүшелігіне сайланғандығы туралы диплом, арнаулы куәлік пен сертификат және жариялы түрде емшілікпен айналысу құқығын беретін лицензия алуымен құттықтап, дарыған қасиеті жайлы таныстыру мақсатында дидарласып көргенбіз...

– Маған аруақ анам Зибаның қанымен, ақ сүтімен келген нәрсе. Анам сынықшы, аруақты әкесінен алған. Әкесі - Мәли, яғни, нағашы атам. Ал, Әзімжан ата Мәли атаның туған інісі. Ол орысша, арабша өте сауатты адам болған. 1937 жылдары Сасықтау, Мыңтөбе бойындағы бауырларын өзімен бірге алып жүріп, ашаршылық кезінде ішкі бойға Аралға түскен. Мүрдесі «Қызыл Ту» колхозының жеріндегі, Қызыл шәлі деген жерде жатыр. Осы арада бұл кісілер аруақты қайдан алған деген заңды сұрақ туындайды. Біздің аруақтың үш жүз жылдық тарихы бар. Білетініміз ғана осы, ар жағы белгісіз.

Нағашы атам бес атадан тұрады. Мұхаммеджан, Мәли, Әзімжан, Оразжан, Айымжан. Досмағұл бұл кісілердің нағашы атасы, сынықшы болған. Осы атаның кіндігінен ұл болмай Мәлиді асырап алғанымен ол көндікпей қашып кетеді. Кейін, Әзімжан атаны бауырына басады. Әзімжан атаға да, Мәли атаға да аруақ Досмағұл атадан яғни, нағашысынан қонған. Екеуі де Мыңтөбедегі медресені бітірген, діни сауатты болған. Мәли ата соғысқа дейін бір жылдық Оралдың ветеринарлық фельдшерлік оқуын түгескен. Соғыстың алдында анам он жаста болып әкесінің аруағын қабылдаған. «Мына баланы өлтірмейсің» деп інісі Есенболатты аманаттап, соғысқа аттанған. 1945 жылы бір аяғын беріп аман келеді де, 1949 жылдың қыс айында дүниеден өтеді.

Біз 5 ұл, 4 қызбыз ғой. Екі қыз дүниеден өтті. «Осы бала аруақты ұстай біледі» деп анамның маған бағыттап жүргенін қырық тоғыз жасқа келгенде ғана түсіндім. Алғаш рет он жеті жасымда анам Әзімжан атаға апарды. Ата жолыма Құран-дұға оқып, кетерінде қалтасына саларсың деп анама жиырма бес сом ақша береді. Анамның жол жүргенде ескерткені «Оқуға түскенше осы ақшаны жоғалтпайсың» деді. Жоғалтқаным немесе жұмсағаным есімде қалмапты. Дегенмен, оқуға түстім. Малшының баласымыз ғой, жаныма еретін адам болған жоқ. Студенттік өмірді де көрдім. Демалысқа тоғыз айда бір келдік. Келген сайын анам Әзімжан атаға жіберіп тұрды. Аппақ кісі, аппақ киімді болатын. 1983 жылдың қыркүйегінің он екісі әлі есімде, ауылға келгеннен кейін баруға ұмытып кетіппін. Кінәлі жастық шақ шығар бәлкім, бір демалыс өткеннен кейін кешкісін анам күтіп отыр екен.

«Сен атаңа сәлем беруге бармапсың ғой. Саған ренжулі, таңертең барасың. Саған бата береді» - деді. Ертесіне бардым. Атам дем алып жатыр екен, әжем сүт сапырып отырды. Атам мені көріп қатты ұрысты: – Сен келгелі бір жұма болды емес пе, неге сәлем беруге келмейсің? Сендерді оқытып-тоқытқандағы жеткен жеріміз осы ма? Адам бола ма десек, кері кетіп, - деп сөгіп салды. Содан кейін жанына шақырып, айтқаны: «Зиба туған қарындасым. Туған ағамның қызы. Бұл біздің жолымызбен жүрген бала. Мен саған бата берейін деп шақырдым» деді. Ақ матаға ораған Құранды жастығының астынан алып, теріс жағынан оқып жатты. Осыдан кейін айтқаны: «Құранды ұстамайсың. Бұны біз оқыдық, біз білеміз. Сендер бәрібір түсінбейсіңдер, келесі ауылға барғанымызда күнә болады. Біз боларымыз болып, кететін уақытты күтіп отырған адамбыз. Сен Совет үкіметінің саясатымен жүр. Оқуыңды бітір де елге қызмет ет» деді.

Анам екеуі алдын-ала келісіп жүрген болып тұр ғой. Әжем кесе толы сүт әкеліп Құранның үстіне қойды. Сол сәтте атам тамырымды ұстап отырып Құран оқыды. Бетін сипады да, «сүтті тауыс» деді. Жасым небәрі он тоғызда, батаның не екенінен бейхабар мен кетуге асықтым. Жолың ақ болсын деп шығарып салды. 1984 жылы наурыз айының жиырма төртінде Әзімжан ата уақыт етті. Институт бітіріп келдім де 1987 жылдары ауыра бастадым. Анам: - Саған бата берді ғой, кісі қарасаңшы, - деді. Ол кезде де көп мән берген жоқпын. Бірақ мен сынық салуды алғаш иттен бастадым. «Октябрь» кеңшарында ветеринар дәрігер болып малдарды емдеу-сауықтыру пунктінде жұмыс жасадым. Бірде барғанымда малшының машина басып, сынып жатқан итін көрдім. Өзім бір жайсыздықты сезініп, итті алдыртып байладым да қағып жібердім. Бір демалыс ішінде шауып кетті. Содан басталды ғой. Шарттап қою болған емес.

2001 жылы ауданға белгілі азамат қайын атамның аяғы сынып, қаққа бөлініп қалды. Барлығын өзіме тапсырған соң мен қорқынышымды ептеп басып байладым да, «үш күннен кейін келемін» деп кеттім. Нәтиже болмай жатырса анамды әкелетінімді немесе дәрігерге көріну жөн екенін айттым. Сынық салғандағы ең көп алаңдағаным сол кісі болды. Үш күннен кейін сүйегі орнына барып, қаны сыртына шығып жатыр екен. «Шарттаймын» дегеніме келісті. Жиырма бір күн өткен соң келіп орнынан тұрғыздым. Дәрігерге барамын деген соң «оған әлі ертелеу қырық күннен кейін бірге барамыз» дедім. Белгіленген күннен соң маман дәрігерге көріндік. Сонда айтқаны: - Аға, мына сынықты кім салды? Мынандай сынықты салатын адам ауданда жоқ еді ғой, - деді.

Мен қасында тұр едім. «Мен» деп айтуды жөн көрмедім. Сұрақты қайта қойды. Атам: - Осы ауданның баласы, - деді. Сондағы дәрігердің айтқаны әлі есімде: «Аға, есімін айтпасаңыз, еркіңіз білсін. Кім салса да аяғыңызды іс тігетін машинамен тіккендей еткен» деді. Сол уақыттан бері есептеп қарасам, отыз жылда жүз шақты кісінің сынған жерін салыппын.

2005-2006 жылдары анам «сен менің аруағымды алып қал» деді. Қалған үш ұлдың біреуіне берсеңізші деп құп көрмедім. Бір-екі айдан кейін анаммен қалжыңдап, аруағыңызды кімге беретін болдыңыз? – деп сұрадым. «Жоқ. Ешкімге бермеймін» деп жауап берді. Ренжігенін білдім. Содан 2008 жылы анамның оқыстан тілі байланып, екі айдан кейін дүниеден өтті. Аруағы көкке ұшты. Маған 2013 жылдан бастап қайыра келді және ауыра бастадым. «Тазалан. Тазар. Құран оқы» деп аян берді анам түсімде. Берекем қашты, жолым байланды, дәм-тұздас болған жолдастарым үстімнен домалақ арыз жаза бастады. 2014 жылдың ақпан айының жиырма үшінші жұлдызында жұмыстан босап, сол уақыттан аруақты күттім. Қазір менде анамның, Әзімжан атаның, анамның әкесінің, яғни үш кісінің аруағы бар. Өзімдікін төртінші есебінде қаңтар айында түсіме аян беріп, сыйға тартты.

2014-2015 жылдары қайтара ауырдым, ал 2016-2017 жылдан бастап сынық, хондроз, остеохондроз ауруларын қарай бастадым. Қаңтар айында Атырауға шақырылып, конкурстан өтіп, «Атырау қалалық ветеринария стансасы» КМК директоры қызметіне тағайындалдым. Адамдардың мінезі әртүрлі болып келеді ғой. Қасиетіңе бірі сенеді, бірі сенбейді. Наурызда Алматыға оқуға бардым да, бар ойым емшілігімді дәлелдеп құжат алу болды. Бірақ мен дәл осындай жоғары дәрежеге жетемін деп мүлде ойлаған емеспін. Аруақ ұстау өте қиын нәрсе. Адамды емдейміз, ол айыққанша біз ауырамыз. Аруағыңды қажет кезінде көзіңнің тірісінде сенген адамыңа беруің керек. Мен Әзімжан атадан көзінің тірі кезінде қабылдадым , ешқандай қиналғаным жоқ. Ал, анамнан дүниеден өткен соң даруы мені шайқалтты, теңселтті, қысқасы көп қинады. Бірақ, төзу керек болды, төздім бәріне, көндім біразына. Бұрын өз-өзімді игере алатын болсам, қазір керісінше. Себебі, жұмыста отырып біреу хабарласып жағдайын айтса, ол кісіні көрмейінше, сынығын орнына әкелмейінше басқа тірлігімнің бәрі жайына қалады.

Әзімжан ата мен Мәли ата мені екі жыл жетектеді. «Тазалан да, сынық сал» деді. Енді өзім кезегі келгенде балалардың біріне, мейлінше үлкен ұлыма «бағыттасам ба» деп отырмын. Аруақ қатты сынайды. Ерік күшің жетпесе, айдалаға босып кетесің. Берсе алуың керек, әйтпесе сұрауы өміріңді, не он екі мүшеңнің бірін беруіңмен тынады, - деп барып бір тоқтады аға. Әңгімеміз аяқтала бере сарнаған дауысқа қоса есігі қағылды. Майып болған әлдекімнің жанына жәрдем сұрай келгені анық. Мен қойын дәптерімді асығыс жаптым да, сан тарау ой жетегінде кете бардым. Құдіреттің өзі осындай жандарды сыйға берген біз шынымен де бақытты халықпыз.

Әңгімелескен Ақтілек АБАЙҚЫЗЫ,

студент.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521