Дәрігер жергілікті жерден болғаны дұрыс

(0 Votes)

Есеп беруінде 2018 жыл ішінде түрлі салалар бойынша атқарылған жұмыстарды тілге тиек еткен Сүйіндік ауылдық округінің әкімі Қанат Құлшар: - Сүйіндік ауылы облыстан 500, аудан орталығынан 250 шақырым қашықтықта орналасқандықтан халықтың азық-түлікпен қамтылуы, медициналық көмек алуы да көршілес Ресей мемлекетінің Басқұншақ, Харабали, Астрахан қалаларына тәуелді.

Кейде Сүйіндік - Құрманғазы қара жолымен жүру қиындығынан Харабали қаласы арқылы тас жолмен баруға тура келеді. Ресей шекарашылары да 36 келіден артық азық-түлік өнімдерін бермен қарай өткізбейді. Электр жарығы да осы елден келіп тұрғандықтан болашағы сенімсіз, өзімізден тартса дейміз. Жалғызапан ауылындағы Лабай клубы 1972 жылы салынған, 2013 жылы апатты жағдайда деп танылды. Мұнда клуб пен фельдшерлік пунктті салуды биылғы жылдың жоспарына енгізуіңізді сұраймыз. Сүйіндік орта мектебінің жатақханасы да бірнеше жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген, осында 30 оқушы тәрбиеленуде. Оның жанынан монша салынып, күрделі жөндеуден өтуіне басшылық жасауыңызды өтінеміз, - деді. Ауыл тұрғыны, аудандық мәслихаттың депутаты Аманжол Ғаббасов қонақтарға қош келдіңін айтып, округ әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.

Ауылдық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ақынжан Хизин: - Ауыз су құбыры тартылды, бір жерде құдығы бар, екінші жерде жоқ. Осыны неге қадағаламаған? Оған ертең кім жауап береді? Сол мекеме жұмысын дұрыс жасамағанынан бір адам қаза болды. Оның сұрауы жоқ па? Жоғары басшылар келеді, қарап кетеді, нәтиже жоқ. Газді де ертең сөйтіп кетпесіне кім кепіл? Аналардың баланы өмірге әкелуі қиындап кетті. Соңғы кезде ай жарымдап облыста жүреді. Бұл оларға оңай емес. Бүгінгідей бәрі дамыған заманда неге ауылда босанбайды. Мына қатысып отырғандардың көбі осы жерде өмірге келгендер. «Жедел жәрдем» көлігі азық-түлік тасиды. Сосын жүргізуші тұрақтамайды. Ертең біреу ауыра қалса ол қашан келеді деп күтіп отыра ма? «Серпер» газеті ауданның айнасы. Ауданда болып жатқан жаңалықтың бәрін береді. Мұны халық дұрыс түсініп, айтқызбай-ақ жазылуы тиіс деп ойлаймын. Әкімдіктегі ішкі саясат бөлімі мен газет қызметкерлері арамызға келіп неге кездесу өткізбейді. Түсінік жұмыстары жыл бойы жүруі керек. Біздің ауылда да жақсы механизаторлар,малшылар бар. Олар да өздерін газеттен көргенді қалайды. Тарихи, экономикалық тақырыпта жақсы мақалалар жазып жүрсіздер, Сүйіндіктен жіберген хабарларды да жиі жариялағандарыңызды қалаймыз. Тағы бір айта кетер жайт ауылда бір су таситын көлік (водовоз) бар. Бірнеше күн бойы жоғалып кетеді. Халық су ала алмай күтіп отырады. Оның бірде қосалқы бөлшегі болмайды, бірде ол портал арқылы уақытында келмейді. Сосын оларға тапсырыс берейін десең отыратын орны жоқ, үйіне барсаң таппайсың. Бір жерге суды 1200, келесісіне 2000 теңгемен құяды. Халыққа жағдай жасалса бұл жерден көшпейді, - дей келе аудан басшыларына елдің мұң-мұқтажын білу үшін араларына келіп жатырғанына ризашылығын білдірді.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж.Бектеміров қыр бойындағы үш округке водовоз сатып алу үшін 52 млн. теңге бөлінгенін жеткізіп, оның нәтижесі ақпан айында белгілі болатынын жеткізді. «Қазсушар» АҚ аудандық бөлімінің басшысы Нұрлан Атаев су уақытылы жеткізіліп тұрғанын, оның тарифі бірнеше жылдан бері көтерілмегенін, тартылған құбыр желісінде ақаулар бар екенін айтты. Қатысып отырған «Қазтрансгаз» АҚ аудандық мекемесінің бастығы Рүстем Нәсиболлаев биыл Азғыр өңіріндегі тұрғын үйлерге газ тартылатынын айтып, оған қандай құжаттар қажеттігін түсіндірді. Сонымен қатар газ үй ішіне тартылмайтынын, сырттан 2х3 метр етіп оған бөлек орын салу керектігін ескертті. «УКОП» қондырғысын қолдануға бола ма деген сұраққа оны тек монша мен бөлек асүйге тартуға рұқсат етілетінін, биыл операторлар оқытуды қолға алатындарын жеткізді. Аудандық аурухананың бас дәрігері Гүлсара Мүтиева әйелдердің орталыққа барып босануы олардың денсаулығы әлсіздігінен, ана мен бала өмірін сақтап қалу мақсатымен жасалып отырғанын айтты. Сүйіндік ауылдық округіндегі аурухананы жауып тастамақ болғанда облысқа дейін шыққанына, ақыры сондағы басшылықтан арнайы адам келіп жағдаймен танысып, оның мұнда қажет екенін министрлікке жеткізгеніне тоқталды.

-  Биыл ауданымызға бес дәрігер келді. Олар Азғырды айтпағанда, тіпті Сафонға барып та жұмыс жасауға келіспейді. Сондықтан туған жеріне жаны ашитын бала болса оқуға жіберіңіздер. Қазір 8 бала медицина саласында оқып жатыр, бірақ олар ертең бітірген соң өз ауылдарына барады. «Жедел жәрдем» көлігі жүріп тұр, азық-түлік тасу оның міндетіне кіреді. Себебі қазір «Жедел жәрдем» қызметін атқаратын бөлек мекеме бар. Сүйіндіктегі көлікке 778 мыңның қосалқы бөлшектерін әпердік, бірақ, олардың да сапасы нашар. Жүргізушісі жиі ауысатыны жалақысы аз, әрі күні-түні жүруге шыдамайды, - деген аудандық орталық ауруханының бас дәрігері Г.Мүтиева басқа да сұрақтарға жауап қайтарды. Ауылдағы мектептің спорт залының жөнделуі жөнінде айтқан аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева оның биыл бітетінін, 1-2 күнде басталатынын қаперге берді. Тұрғындар жиынын аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж.Бектеміров қорытындылап, алдағы атқарылар жұмыстардан хабардар етті.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521