Ауыра қалсақ, алдымыздан шығасың!

(0 Votes)

Тәнге – қуат, дертке – дәру сыйлаған дәрігерлер қауымының төл мерекесіне орай С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті.

Алдымен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлсара Мүтиева тұрғындарға сапалы және қолжетімді қызмет көрсетуді басты мақсат тұтқан саланың жетістіктері мен алда атқарылар игі жұмыстарды қамтыған кең көлемді баяндамасын ұсынды. Әсіресе, жыл санап емдеу орындарында материалдық-техникалық базаның нығайтылуы, кадр әлеуеті секілді мәселелер біртіндеп шешімін тауып келе жатқанын қаперге берді. Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов адам жанының арашашысы бола білген ақ халаттыларды кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатар медицина қызметкеріне түрлі деңгейдегі марапаттар табыстады. Атап айтқанда, Ұлттық медициналық ассоциацияның «Алтын дәрігер», «Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігі», «Стоматологиялық қызметтің үздігі» төсбелгілерімен Утера, Үштаған дәрігерлік амбулаторияларының аға дәрігерлері Вячеслав Нажимов, Жасталап Ізбанов, аудандық стоматолог дәрігер Зәуреш Балденова марапатталды. Тәулік бойы денсаулық күзетінде жүрген сала үздіктері аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов жауапты қызметте абыройлы еңбек етіп келе жатқан дәрігерлер қауымына жүрекжарды лебізін арнап, олардың бір тобына облыстық денсаулық сақтау басқармасының, аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарын салтанатты түрде тапсырды. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлсара Мүтиева облыстық медицина қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен тынымсыз еңбекте абыройға бөленген әріптестерін ұлығылады. Медицина қызметкерлері күніне орай өткізілген аудандық спартакиадада жалпыкомандалық есепте жеңімпаз болған обаға қарсы күрес бөлімшесі, ІІ, ІІІ орындардан көрінген аудандық емхана, орталық аурухана ұжымдарына дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, облыстық спартакиаданың қорытындысымен аудандық денсаулық сақтау қызметкерлері ІІ орынды иеленген екен. Осыған орай, бас дәрігердің қолынан кубокты команда капитаны Бейбіт Қанатов алды. Медицина саласының ардагері Темірбек Кабулов ізгі тілегін арнап, кейінгі толқынға бұл мамандықта тек табандылық пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде зор жетістікке жетуге болатынын ескертті. Мерекелік шараны С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әнмен әрлеп, аталмыш сала қызметкерлері де өздерінің дайындаған концерттік нөмірлерін ұсынды.

А.ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521