Дәрігерге көрінбейтін әйел денсаулығын бұзады

Денсаулық

Қазіргідей медициналық қызметтердің қолжетімділігіне қарамастан оны әйелдердің барлығы бірдей пайдалана бермейді.

Жасыратыны жоқ, гинекология кабинетінің есігін айлап-жылдап ашпайтындары кездесіп жатады. Жатыр мойнының қатерлі ісігі әйелдер арасында таралған онкологиялық аурулар ішінде 4 орында тұр. Мәселен, Қазақстанда 2018 жылы 1700 әйелге осындай диагноз қойылған. Онкология институтының дерегі бойынша елімізде жыл сайын 650 әйел қатерлі ісіктің осы түрінен көз жұмады. Ал, бала туу үстінде көз жұму – әлем бойынша өмірге ұрпақ әкелетін жастағы әйелдер арасындағы өлім-жітім саны жағынан екінші орын иеленеді.

Жалпы, еркектер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығы: генетика, ағзадағы ақаулар, жыныстық қатынасты ерте бастау, жыныстық жолмен таралатын ауруларды жұқтыру, вирустық инфекциялар мен түсік жасату сынды факторларға тәуелді. Бала сүю қабілеті де болашақ ата-аналардың ұстанған өмір салтымен тығыз байланысты.

Нәзік жандылардың репродуктивтік жүйесі бала көтеру, оны 9 ай бойы аман-есен жетілдіру мен өмірге әкелу жолында маңызды рөл атқарады. Сондықтан, түсік тастау, жыныстық жолмен берілетін аурулар, лимфа бездерінің ұлғаюы, іштің төменгі жағының ауруы, несеп жолдарының аурулары жүйеде ақау пайда болғанынан хабар береді. Оның жұмысына жасанды түсіктің де кері әсер ететіні дәлелденген. Себебі, жүктілік кезінде әйел организмінде баланы сақтауға бағытталған гормоналды өзгерістер пайда болады. Ал, түсік, жарақат немесе инфекция салдарынан жүктілік тоқтатылатын болса, әйелдің психологиялық жағдайын былай қойғанда, ағзадағы гормоналдық өлшемдерді қалпына келтірудің өзі қиынға соғады.

Жасөспірімдер арасындағы жүктілік мәселесі қазіргі заманда үлкен проблеманың біріне айналғаны белгілі. ДДСҰ мәліметінше, әлемде әрбір бесінші қыз 18 жасқа дейін бала туады. Сонымен қатар, жасанды түсіктің жағымсыз салдары мен ана өлімі 20-дан асқан әйелдерден гөрі жас бойжеткендер арасында жиі кездеседі. Оның басты себебі – жасөспірім организімінің дұрыс жетіліп үлгермеуі. Бала денсаулығын туғаннан бастап ата-анасы күтеді. Бірақ есейе келе, жасөспірім шағынан бастап олар репродуктивтік денсаулығын өздері күтіп, гигиена сақтауды үйренуі тиіс. Бұған мүдделі болу ата-ананың міндеті.

ДДСҰ талабы бойынша әр ел денсаулық саласының әлеуетін арттырып, жүкті әйелдерге, босанған аналар мен жас нәрестелерге көмекті күшейтуі тиіс. Қазақстанда азаматтардың репродуктивті денсаулығын күтуге бар жағдай жасалып отыр. Мәселен, диспансерлік есепте тұрмайтын 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда бір рет жатыр мойны обырына тегін тексеріле алады. Бұрын сүт безі ісігімен ауырмаған 40-70 жас аралығындағы әйелдер тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде екі жылда бір рет тегін скринингтен өтуіне болады. Оған қоса, жүкті әйелдер мен көп балалы аналардың жыныстық жолмен таралатын инфекцияларға анализдерді тегін тапсыруға мүмкіндігі бар. Өкінішке орай, еліміздегі әйелдердің бар болғаны 23 пайызы ғана скринингтен өтеді.

Бүгінде еліміз бойынша халықты емханаға тіркеу науқаны жалғасуда. 15 қарашаға дейінгі мерзімге созылатын кампания кезінде қаралып жүрген емхананың қызметіне көңілі толмайтын тұрғындардың басқа емдеу ұйымына ауысуына мүмкіндік береді. «Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өз құқықтарын толық пайдалана алады, және олардың тек мемлекеттік ғана емес, жеке меншік ұйымдарға да тіркелуіне мүмкіндіктері бар. Бүгінгі таңда Қордың жеткізушілер тізімінде республика бойынша 1365 медицина ұйымы бар. Оның 623-і - жеке меншік. Ал, Атырау облысы бойынша 59 медицина ұйым келісім-шартқа отырды. Оның 25-і жекеменшік» дейді Медициналық сақтандыру қорының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Б.Газизов. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалы. Байланыс телефондары: 8/7122/ 956936, 956931.