Тұмаудан сақтаныңыз!

Денсаулық

Құрманғазы аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, орталық аурухана мен білім бөлімінің 28 қыркүйек 2018 жылғы №52/263/623 санды «2018-2019 жылдардағы эпидемиялық маусымда жіті респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау және олардың асқынуларының алдын алу шаралары туралы» бірлескен бұйрығы шығарылды.

Оны басшылыққа алып, ауданда 2018-2019 жылдардағы эпидемиялық маусым кезеңінде ЖРВИ және тұмауды алдын алу бойынша іс-шараларының ведомствоаралық оперативті кешенді жоспары әзірленіп жұмысы жүргізілуде. Тоғыз ай қорытындысымен аудан көлемінде 4 жүкті әйел тұмаумен ауырды. 108 ЖРВИ тіркелді. Оның ішінде жүкті әйелдер – 33, 14 жасқа дейінгі бала – 72.

Тұмау – ауа тамшысы арқылы берілетін жұқпалы инфекциялық ауру. Оның негізгі белгілері – тамақ және бас ауруы, дене қызуының 39-40 градусқа дейін көтерілуі, әлсіздік. Тұмау дерті 5-10 күнге дейін созылып, қайта өрбіп жүрек-қан тамырлар жүйесі, бүйрек және басқа да мүшелер ауруларының асқынуына әкеліп соғады.

Оның алдын алу үшін жылына бір рет, күз айларында барлық отбасы мүшелерінің тұмауға қарсы вакцина алуына кеңес беріледі. Жыл сайын ауданымызда тұрғындардың неғұрлым әлсіз топтарын ақысыз түрде вакцинация жасалады. Тұмауға қарсы витаминдік профилактика балалар мен ересек адамдардың респираторлық вирустарды жұқтыруына тосқауыл болады.

Тұмаумен ауырған адам дәрігердің бақылауында болып, ауасы таза бөлмеде оңаша жатып емделу қажет. Жүкті әйелдерді және балаларды үй жағдайында емдеу, оның денсаулығы мен өміріне қауіпті. Дәрігер шақыртыңыз, себебі тек білікті маман ғана дұрыс диагноз қойып, ем-шара тағайындай алады.

А.Умралиева,

аудандық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы