Көз ауруы көбейіп барады

Денсаулық

«Атырау облыстық офтальмология ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ғылыми шаруашылық мекемесінің директоры, белгілі көз дәрігері Мұрат Жақыпұлы Құсайынов ауданымызда іссапармен болды.

Көзге жасаған отасы сәтті шығып, шырағы сөне бастаған талай адамдарға көру қабілетін оралтып, алғысына бөленіп жүрген дәрігермен аудандық ауруханада сұхбаттасудың сәті түсті.

- Мұрат Жақыпұлы, алдымен өзіңіз, қызметіңіз жайлы айтсаңыз?

- 1956 жылы туғанмын. 1983 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірдім. Содан бері Атырау облыстық ауруханасында жұмыс жасаймын. Алғашқыда аталған мекеменің құрамындағы бөлімшесі болғанымызбен бертін келе, 2008 жылы сұраныстың көбеюіне байланысты дербес офтальмология ауруханасы ретінде бөлініп шықтық. Қазір сол жерде бас дәрігер болып жұмыс жасаймын. Бүгінде көптеген жетістіктерге жеттік, жағдайымыз жаман емес. Дәрігер мамандарымыздың саны артты. Алға қойған мақсаттарымызды біртіндеп іске асырудамыз. Көз ауруларын болдырмау үшін ондағы өзгерістердің көбеюін, қандай қатері барын анықтайтын барлық заманауи құрал-жабдықтарды алуды мақсат етіп қойдық. Бұл дерт қазір балалар арасында жиілеп кетті. Сол себепті оларды алдын ала емдеу бағыттарын көбейтіп отырмыз. Дәрігерлерімізді шет елдерде, Ресейдің орталығындағы жақсы оқу орындарында оқытудамыз. Заманауи құралдарға тапсырыс бергенбіз, осы айдың аяғында келуі керек. Қолымызға тигеннен кейін көз ауруханасында балаларды емдейтін оңалту орталығын ашуды жоспарлаудамыз. Ол құрал-жабдықтарды іске қосып, жағдайымыз жақсарса, балалардың арасында көз ауруларының қандай түрі кездессе де өзімізде емдеуге толықтай мүмкіншілік болады деп есептейміз. Ресей мемлекетінің «Ясные взоры» деген емханасы Одақ кезінде де жақсы емімен танылған орын, көз ауруларына шалдыққан балаларды оңалту орталығы. Солармен жақсы қарым-қатынастамыз, алға қарай да бірлесе жұмыс жасаймыз деген жоспарымыз бар. Бүгін осында менімен бірге балалар офтальмологы Айда Молдашева, ота жасау бөлімінің аға медбикесі Алтынай Үмбетова келіп отыр. Мақсатымыз - аудан көлеміндегі көз ауруларының түрлерін, балалар мен ересектердің арасында қандай орын алып отырғанын анықтау, бағыт беру, емдеуге көмегімізді тигізу.

- Көз ауруларының көбею себептері неде?

- Оған себептер жеткілікті. Соның ішінде кейбіріне тоқталайын. Өзіңізге мәлім қазір компьютерлендіру ғасыры. Теледидар жайына қалып, айфон және басқа ұялы телефондардың неше түрі күнделікті өмірімізге енді. Кішкентай баладан бастап үлкенге дейін соған телмірумен уақыт өткізеді. Қанша дегенмен де олардың көзге әсері болады ғой. Бала оны бір-екі сағат қолданғаннан кейін демалту қажет. Көбіне осы сақталмай, нәтижесінде көз ауруына шалдығады. Көз ауруын уақытында емдету керек. Компьютермен жеті-сегіз жыл жұмыс жасаған ересектер де қазір бізге келіп жатыр. Экраны қорғалған, көзілдірік киіп қарау керек дегенмен де оның адам қарашығына әсері өте зор. Негізі компьютермен жұмыс жасасаң бір сағаттан кейін 15 минуттай өшіріп тастауыңыз қажет. Шетелдік фирмаларда осыны ұстанады. Бізде ол жоқ. Таңертең қосса түске дейін, түстен кешке дейін тапжылмай отырады. Бүгінде жұмыстың бәрі компьютермен жасалады, алға қарай да солай орындалатыны анық. Заман жақсарды, бәрі күшті десек те, жаңа технологияларды қолдану ережесін сақтамасақ оның денсаулығымызға кері әсері боларын естен шығармайық. Қазір онкологиялық, гипертониялық аурулармен ауыратындар саны да артуда. Олардың да әсері көзге тиеді. Алға қарай көз аурулары көбеймесе, азаймайды деген қаупіміз бар. Оған жол бермес үшін барлық жағдайды жасап, ел арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, газет беттеріне мақала беріп, теледидар арқылы сөйлеп, басқа да жұмыстар атқарудамыз.

- Сіздерге көбіне көздің қандай ауруларымен келеді?

- Негізінен оған көздің көру қабілетінің бұзылуы, көздің қан тамырларының ауруы, ондағы қан қысымының артуы, көз бұршағының ағаруы (катаракта) жатады. Бұрын катарактамен 70 жастан асқан адамдар келсе, қазір олай деп айта алмаймыз. Туудан бастап дамитын катаракталар көбейіп кетті. Жұмысқа жарамды 18 бен 55 жастың арасындағы адамдар арасында бұл ауру аз емес. Оның себебін кесіп айта алмағанымызбен компьютердің ультракүлгін сәулесі, экология, автитаминоз, тамақтарда қажетті дәрумендердің жетіспеушілігі және тағы басқалары әсер етуі мүмкін. Сол себепті біз бәрін жалпы түрде қарап емдейміз.

- Жылына қанша ота жасайсыздар? Материалдық-техникалық базаларыңыз, мамандармен қамтылу жайлы айтып өтсеңіз.

- Бізде көзге жылына 1500-2000-ға жуық ота жасалып жүр. Көбіне катаракта, суқараңғылық, балалардағы қыли көз ауруларына, лазерді қолданып көздің түбіндегі қан тамырлары жарылған кезде соны қалпына келтіру үшін жасаймыз. Өзім 2008 жылдан бермен қарай жылына 500-дей ота жасап келемін. Қазір технология өзгерді. Мысалы, бұрын ота жасағанда қолмен кесіп жіп салсақ, бәрі ультрадыбысты құралдармен атқарылады. Осыған дейін де жаңа үлгідегі аппаратпен жасасақ, енді одан да қабілеті жақсы құрал алынды. Бұйырса алдағы демалыста қоспақпыз. Көзді емдеу технологиясы 3-4 жыл сайын жаңарып тұрады. Соған ілесіп отыруымыз керек. Айталық, бүгінгі емдеу құралымен салыстырғанда келесі жылы шыққанының емдеу қабілеті жоғары болады. Бүгін көрмегенімізді солар арқылы анықтаймыз. Мұның бәрі мүмкіншілікке байланысты. Біздің құрал-жабдықтарымыз өте қымбат. Олар Қазақстанда немесе Ресейде емес, шетелдерде жасалғандар. Материалдық базамызды ұдайы жаңғыртып тұру үшін ұжым болып жұмыстанудамыз. Кадрлеріміз жақсы, дені жастар. Заман бұрынғыдай емес қой, мамандарымызды қай елде оқытқымыз келсе сонда жібере аламыз. Биыл Ресейде, келесі жылы шет елдерде оқытамыз. Себебі, көз ауруларының саласына қарап әр жерде түрліше үйретеді. Осы аудандағы Аида Кабулова да жақсы маман. Келгеннен бас-тап жұмыс жасаймыз, білемін ғой. Кезінде облыс орталығына жұмыс жасауға шақыртып едім, түрлі себептермен келмеді. Ол уақытта менде дәрігерлер көп емес еді. Біздің ауруханамыз кезінде 60 төсек орындық болса, дағдарысқа байланысты 25, одан 15 төсек-орындық болып қалды. Артынан заман түзеле бастағанда дәрігер жетіспеді. Бір дәрігер жақсы маман болуы үшін оны кем дегенде 10 жыл тәрбиелеу қажет. Бұл қазіргі заманда өте қиын. Инс-титутты бітіріп келген дәрігерді үйрету үшін сол мерзімнің өзі аз болады. Сондықтан Аидаға рахметтен басқа ештеңе айтпаймыз. Әр уақытта бізбен хабарласып отырады. Болашағы зор маман, соған қуанамыз. Қандай жағдайда да бірігіп жұмыс жасаймыз. Бас дәрігерге айтарым, мұндай мамандар сирек, айырылып қалмаңыздар, ешқайда жібермеңіздер.

- Сіздерге қалай қаралады, портал арқылы кезекке қойыла ма? Әлде емделушілер өздері бара ма?

- Біздер бес жылдан бері субподряд бойынша жұмыс жасаймыз. Өзіміздің диагностикалық орталығымыз бар. Мысалы, бұрын жергілікті жерден осындай қызметке мынандай миллион ақша бөлінді дейтін. Соған орай бәрін тегін қарайтынбыз. Қазір субподрядқа көшкендіктен оны келісімшарт арқылы жүзеге асырамыз. Құрманғазы ауданымен келісімге отырамыз, оның ішінде кепілді қызметтің де тізімі бар. Сол тізіммен бізге тапсырыс береді. «Осындай адамды сіздерге жібереміз, оларға мынандай қызмет көрсетулеріңізді сұраймыз», - деп жазады. Оны біз орындаймыз, бұл кісілер бізге ақша аударады. Бүгінде «Қазмед» деген шығып жатыр. Мына жерде отырып алып электронды түрде салып, жолдамасымен бізге жібереді. Сонда көрсетілген қызметтердің бәрінен ақысыз өтеді. Егер адам өзі келіп қаралса, онда қызметіміз ақылы. Қызметтердің тарифтері бізде ілулі тұр. Үкіметтен берілген баға, заңмен бекітілген. Алайда біз коммерциялық құрылым емеспіз, халықтың жағдайына қараймыз. Бізге 2000-5000, кейде 500 теңге төлеп жатады. Он мың теңге төлесе бүкіл аппараттан өтіп шығады. Коммерциялық құрылымдарда қабылдаудың ақысы өзі сондай. Жеке меншікке көшсек те біз халықтың аз қамтылған бөлігін, көп балалы аналарға, жұмыссыздарға жағдай жасауға тырысамыз. Ота жасағанда да солай. Ешқашан ақшаңды 100 пайыз түгел төле деп сұрамаймыз. Бірақ, салынатын көз қарашықтарында өзгерістер бар. Біразын тегінге кіргізіп қойдық. Көз қарашықтары негізі 15-20 мыңның айналасында. Сапалы, шет елден әкелінгендерін көп сұрайды. Оларды да 100 мыңға жеткізбей 80-94 мың теңгеге саламыз. Ота да 200-260 мың көлемінде. Кейде бір отаның өзі 500 мыңға шығады. Себебі қажетті материалдардың қайсыбірінің бағалары өте қымбат. Импортталады, өзімізде болса арзанға шығар еді.

- Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!