Заманның жазылмас жарасы

Денсаулық

Нашақорлық – әлемдік қауымдастыққа ортақ проблема, қоғамның жазылмас дерті. Жыл сайын ондаған мың адам ақ өлімнен ажал құшады.

Адам баласын тура жолдан тайдыратын, күллі өмірін тас-талқан ететін нашақорлық дерті халыққа, қоғамға, мемлекетке қауіп төндіретіні сөзсіз. Одан зардап шеккен тағдырлар қаншама! 1987 жылы ББҰ-ның Бас Ассамблеясы жыл сайын 26-маусымды өзінің есірткіні теріс пайдаланушылықтан еркін халықаралық қоғам құру мақсатында қызметін және ынтымақтастығын күшейту табандылығын білдіру үшін халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні ретінде атап өтуде. Әлемде химия ғылымының ашылуымен қатар пайда болған кокаин, героин, ЛСД, амфетамин, первитин, МДМА, крэк, экстази түйіршігі, гашиш, апиын деген есірткі түрлері бар екені мәлім.

Әсіресе, 120-дан астам ел марихуананың атын аспандатып-ақ тұр. Жалпы есірткіні таратуға қарсы күрес шаралары 100 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ең алғаш рет 1909 жылы шанхайлық апиынға қарсы ұйымның мүшелері әлемдегі дамыған 13 мемлекетті жинап, есірткі тасымалдауына тосқауыл қою шараларын ойлап табуға тырысқан болатын. Содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, мәселенің шешімі нақты табылған емес. Қазақстанның құқық қорғау саласының қызметкерлері соңғы үш жыл көлемінде еліміздің аумағынан 154 есірткі алаңын тауып, 215 тонна тыйым салынған шөпті тәркілеген. Соңғы уақытта ауған елінен келетін қауіпті көкнәрға да баса назар аударылған.

Ресей мен Еуропаға таралатын героин аталған есірткі біздің елмен өтеді. Мамандардың айтуынша транзит арқылы келетін есірткінің 10 пайызы елімізде қалып қояды. Соңғы бір жарым жыл ішінде Қазақстанда есірткі саудасына қатысты 4 мыңнан астам қылмыс ашылды. Нашақорлыққа қатысты жұмыс күшейтіліп, елімізде есірткі саудасымен айналысқан 190 сайт бұғатталған. Еліміздегі наша¬қорлардың жартысынан көбі 18-19 жас¬тағылар екен. Есірткімен есіріп, 2008 жылы 473 адам өмірімен қоштасса, 2009 жылы қазақстандық 400-дей жас қыр¬шы¬нынан қиылған. «55 мың нашақорымыз бар» деген көрсеткіш соңғы 10 жыл ішінде 2 есеге артқан сорақылық болып шықты. Тір¬келмегені қаншама?! Деректерге сүйенсек бүгінде Атырау облысы бойынша есірткіге тәуелді 791 нашақор (2017 жылы - 836) тіркеуде тұр. 2016 жылы 813 адам тіркелген, көпшілігі қарасора пайдаланады. Ал, Атырау облысы бойынша есірткі пайдаланудан Атырау қаласы және Жылыой мен Мақат аудандары көш бастап тұр. Отбасының қолайсыздығынан, түсінбеушіліктен балалар зиянды әдеттерге әуестенеді.

Бірақ, оларды кінәлауға да болмайды. Себебі, оған итермелейтіндердің алғашқысы қоршаған орта. Екінші отбасы кінәлі. Заманың ағысына ілесу үшін адам тіршілігін жасайды. Азаннан кешке дейін жұмыста жүрген ата-аналар өз балаларына уақыт таба алмайды. Балалардың теріс жолға түсуінің бірден-бір себебі – осы. Егер отбасы жылуға, мейірімге толы болса, олар зиянды әдеттермен айналыспай, өзінің жылы ұясына асығады. Зиянды әдеттердің ең соңғы сатысы есірткі пайдалануға әкеп соқтырады. Нашақорлыққа көбінесе, жасөспірімдер шалдығады. Пайдаланған адам өз денсаулығына зиян екенін біле отырып, есірткіге тоқтау қоя алмайды. Оны алуға қажетті ақша табуда ештеңеден тайынбайды, ұрлыққа да барады. Есірткінің жолында ол қылмыскер атанады. Бұның бәрі біз үшін, сіз үшін керек пе? Болашағымыз жарқын болғанын қаласақ бұл дертпен көп болып күресуіміз қажет. Сонда ғана нәтижесін көреміз. Біздің ауданымызда да жабайы қарасора кездеседі. Оны қолдан өсіргендер заңмен жазаланады. Әдейі екпегенмен де ол аулаңыздың жанында немесе ішінде шығып жатса дереу құртыңыз. Болашағымыз нұрлы болсын десек, зиянды әдеттерден, есіртікіден бойымызды аулақ салып, салауатты өмір салтын ұстанайық.

Қанат ҒҰМАРОВ.