Мерзімі өткен тағамнан сақтан

Денсаулық

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бойынша санитариялық қағидалар талаптары мен бизнес жұмысына кедергі келтіретін жайттарды талқылау үшін семинар-кеңес ұйымдастырды.

Басқарманың қоғамдық ұйымдастыру және құқықтық жұмыспен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы А.Жандыбаев санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы қолданыстағы Заңдар, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды, өнім қауіпсіздігіне қойылатын талаптар, техникалық регламенттердің сақталуы, кәсіпкерлік Кодекске байланысты жүргізілетін тексерулер және олардың жүзеге асу жолдары жөнінде кеңірек мағлұмат берді. Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы К.Отаров жазғы маусымның басталуымен халық арасында жаппай тамақтан улану және жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша мәселені қозғап, әсіресе бүгінде үй жағдайында немесе санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес емес орындарда тез бұзылатын тағамдарды, олардың ішінде кремді өнімдердің, салаттардың дайындалуы, сатылуы жиі орын алатынына қынжылыс білдірді.

- Қазіргі таңда мерекелерді, туған күндерді тортсыз қарсы алу мүмкін емес. Соған орай, оны үйде отырып-ақ пісіріп, әлеу-меттік желі арқылы кәсібін дөңгелетіп отырғандар аз емес. Тұрғындар тарапынан да үйде пісірілетін тортқа сұраныс жақсы. «Зиянды қоспаларсыз табиғи өнімдерден жасалады» деген жарнамасы да назар аударады. Бірақ оның сапасына қаншалықты мән беріледі? Кондитерлік қоспа бұйымдары тамақтан уланудың жиі себепкері болып жатқанына көпшілік назар аудармайды. Үйде пісірілетін торттардың құрамында глюкоза мен қанттың көп болуы бактерияның көбеюіне, токсиндердің жиналуына әсер етеді. Улану жағдайлары көбіне мерзімі өткен өнімдерді пайдалану немесе дайындау тех¬нологиясын бұзушылықпен және талапқа сай емес орындарда дайындалуының салдарынан болады. Сайып келгенде, олардың қауіпсіздігін растайтын құжаттары да жоқ, - дей келе басқарма басшысы мұндағы басты мақсат тұрғындардың тамақтан улануын болдыртпаудың шаралары екендігін түсіндірді.

Келесі кезекте аудандық емхананың эпидемиолог-дәрігері Жұлдыз Төлемісова ауданымызда күні бүгін 10 адам ЖИТС ауруына тіркелгенін, бұл дертке шалдығушылардың саны жылдан-жылға көбейіп келетініне алаңдаушылық білдірді. ЖИТС ауруы жөнінде ақпараттар беріп, одан сақтану жолдарын түсіндірді.

А.ШАКУПОВА.