Жүректерді тербеген сәт

(0 Votes)

Еліміздің барлық мектептеріндегідей, алғашқы қоңырау сыңғыры М.Әуезов атындағы жалпы орта мектепте де соғылды.

«Сәлем, саған мектебім, Алғыстарым көп менің!» тақырыбындағы салтанатты шара білім ошағының табалдырығынан алғаш аттағалы тұрған балдырғандарды бастауыш сынып жетекшілері В.Хайдарова, Ә.Зинуллина, М.Сатыбалдиева, З.Убишева бастап ортаға алып шығуымен ашылды. Аталмыш мектепте былтырғы оқу жылын аяқтаған 35 түлектің 16-ы жоғарғы оқу орындарының, 19-ы кәсіптік-техникалық колледждердің студенттері атанып отыр.

Биыл 1 сыныпқа 90 бүлдіршін қабылдануда. Алғаш құттықтау сөз сөйлеген мектеп директоры М.Ғилаев білім ұясының өткен оқу жылын қысқаша сипаттап, оқушылар мен ұстаздарға тың табыстар тілеп, алдағы міндеттерді саралады. Одан әрі облыстық спорттық сайыстарды жеңіске жеткен бір топ мұғалімдерге дипломдар тапсырды. Мерекеге орай құттықтау сөздерін аудандық білім бөлімінің әдіскері Г.Боранбаева және ата-ана С. Тәжібаева жолдады. Шақырылған ардагер ұстаздар атынан Л.Мусина өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Бұдан кейін «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасы шалқыған ән, жүректі тербер жыр жолдарымен жалғасын тапты. Әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған бүлдіршіндердің дайындаған сәлемдемелері айрықша қуанышқа бөледі.

Биыл білім ұясынан қанат қаққалы отырған түлектер Т.Хабибуллин, А.Латышова мен бір топ 1 сынып оқушылары күміс қоңырауды күмбірлете соқты. Әсем әуен аясында топ-топ шәкірттер мен ұстаздар 1 қыркүйек – Білім күнінің алғашқы сабағын өткізуге өз сыныптарына жарқын жүзбен асығып бара жатты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521