Ұстаздықтың ұлы шыңы еді

(0 Votes)

Абай атындағы жалпы орта мектепте КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері, ұлағатты ұстаз, марқұм Тағанқожа Өтегеновтің ХІХ ғасырдың аяғында іргесі қаланған айтулы білім ордасының тарихы баяндалатын «Жүз жылдық жол» кітабының тұсаукесері өтті.

Оған мектептің ардагер ұстаздары, білім саласының байырғы қызметкерлері, Тағанқожа ағайдың ұрпақтары, туыстары шақырылды. Рәсімді жүргізген қазақ тілі пәнінің мұғалімі Анар Хашуова қос ғасырдың жүгін арқалаған мектептің бай тарихы хатқа түсірілген кітаптың рухани құндылығын дәріптеуге, ұстаз ұлағатын ұлығылауға арналған шараның мақсатымен таныстырды. Өткен күндердің өшпес ізі мен тарихын зерделеп, бүгінгінің жетістіктері назарға берілді.

 

Аталмыш шараға арнайылап облыс орталығынан келген кітаптың құрастырушысы, журналист-жазушы, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев сөз алып, осындай игілікті шара ұйымдастырған мектеп ұжымына ризашылығын білдірді.

Мектептің әр жылдардағы басшылары Балғаным Хасенова, Нәйля Хасанова, Шайхатолла Жәлелов, Таңатар Дәрелов Тағанқожа ағайларының білім саласындағы, мектеп басқарудағы тәлім-тәрбиесі, өнегелі істері, ұстаздықтың эталонына айналған өмір жолы, адалдық пен турашылдыққа, талапқойғыштыққа негізделген адамгершілік қасиеттері жайлы тебірене сөйледі.

Ұрпақтары атынан мінберге көтерілген үлкен ұлы Ұлыбек, кенже қызы Бақытгүл әкелеріне көрсетілген осындай құрмет үшін мектеп ұжымына, құрастырушы Өтепберген Әлімгерейұлына, аруағын сыйлап шараға келген барша жұртшылыққа рахметтерін айтты.

А.НӘЖІМОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521