«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!»

(0 Votes)

Ең алдымен, Қазақстан секілді жер-су ресурстарына бай мемлекеттің аграрлық потенциалын пайдаланбау біз үшін үлкен күнә болып табылады.

Елбасы «көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын жиі қайталап жүр. Аграрлық державалар Канада мен Австралия секілді елдердің әлемді мұнай-газсыз, өзінің ауыл шаруашылық өнімдерімен жаулап отырғаны бізге де ой салуы керек. Құрманғазы ауданы әу бастан мұнаймен емес, өзінің төрт түлік малы және балық өнімдерімен айналысып, Кеңес дәуірінде дүркіреген аты шыққаны бәрінің есінде. Әу бастан «ауылым – алтын бесігім» дейтін қазақ халқының тамыры да осы ауылдан бастау алады. Президент кезекті Жолдауымен кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнес өкілдеріне ауыл шаруашылығына субсидия арқылы ынталандыру шараларын арттыруға қатысты нақты тапсырма берді. Осы орайда, ауданымыздағы кәсіпкерлер табиғи азық-түлік брендін қалыптастыруға атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді. Екіншіден, қазіргі таңда білім беру саласы бойынша жүзеге асырылып жатқан кең ауқымды реформаларды тәжірибеде біртіндеп қолдану оң шешімін табуда. Министрліктің ұзақ жылдар бойы бір ыңғайын таппай келе жатқан күрделі мәселесі – орта мектеп.

Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар. Әлемдік білім беру процесіндегі ең озық үлгілерді жинақтаған тәжірибелерді енгізуде асығыстық танытпауымыз қажет деп ойлаймыз. Заманауи үлгідегі мектептің материалдық-техникалық базасын жетілдіру мақсатында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан игі жұмыстарға қуанамыз. Алайда, министрлік оқулық мәселесін әлі де болса бір стандартқа келтіре алмай, жыл сайын бағдарламаны өзгертуі - оқушыға ғана емес, ұстаздарға да қолайсыздық тудырып отырғаны өте өкінішті. Мысалы, Қазақстан тарихы пәнінің 5-сыныпқа арналған оқулығы соңғы бес жыл ішінде бірнеше мәрте өзгеріп, қайта-қайта оқулық ауысумен мұғалімдерді әбігерге салды.

Ал, сол пәннің сегізінші және тоғызыншы сыныптарына министрлік қос оқулық ұстауды міндеттеуі - ҰБТ тапсырушы түлектерге қиындық келтіреді. Сонымен қатар, қоғамдағы ұстаз мәртебесі бізді қатты толғандырады. Елбасы әр Жолдауында жалпы еліміздің, қарапайым қазақ қоғамының негізгі қаңқасы болып отырған дәрігерлер мен ұстаздарды өз назарынан тыс қалдырған емес. Сондықтан, биылғы Жолдауда ұстаздардың әлеуметтік мәртебесі мен деңгейін нарықтық өмірге бейімдеп жетілдіру мәселесі қойылды. Яғни, білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын біртіндеп жоғарылату. Бұл дегеніміз, нақты нәтижеге негізделген және сапалық өзгерістерге баса мән берілетін есептеудің жаңа жүйесі. Президентіміз білім беру саласын алдыңғы кезекке шығарып, көкжиегін жаңа кеңістікке кеңейтті, қоғамды өзгеруге шақырды. Сірә, Абай данышпан «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» демекші, санамызды өзгертіп, Мемлекет басшысының міндеттері мен басымдықтарын жүзеге асыруға жұмыла кірісейік!

Клара ТАУПИХОВА,

Орлы ауылдық округі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы,

жоғары санатты ұстаз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521