Робототехника - заман талабы

(0 Votes)

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауына сәйкес Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі үшін жастардың заманауи технологияларды уақытында меңгеріп, әртүрлі салаларда кең ауқымда қолдана білуі орасан зор маңызға ие.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А.Жұмағалиевтің 29.12. 2017ж. №19-19/04-268/17-21-2.2. тапсырмасы негізінде 2018-2019 оқу жылында аудандық оқушылар Үйінің базасында компьютерлер, лабораториялар, 3D принтер, робототехника кабинеттерін жабдықтау, дарынды балаларды дайындау үшін үйірмелер ашу, балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру жоспарлануда. 2018-2020 жылдар арасында цифрлық экономика үшін адами капиталды дамыту жөніндегі жол картасы шеңберінде оқушылар арасында IT- технологиялары бойынша олимпиадалар мен конкурстар өткізілмек. ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен еліміздегі бірқатар білім беру мекемелері жаңа LEGO Education жиынтықтарымен жабдықталып, болашағы зор бағытты дамытуға сай алғашқы қадамдар жасау үстінде. Солардың бірі робот техникасы болып табылады. Роботты техника оқушыларды ғылым, технология, математика арқылы жаңашылдыққа шабыттандырады.

Роботтардың қолдану аймақтары күннен- күнге көбеюде. Роботтарды жинау, құрастыру, модельдеу және бағдарламалау арқылы оқушылар робот техникасы және инженерлік жүйелерді жобалау саласындағы білімі мен дағдыларын дамытады. Болашақ робот құрастырушы математика мен физиканы, информатика мен сызуды, басқа да ғылым саласын міндетті түрде меңгеруі тиіс. Робототехниканы үйрететін мұғалімдердің де қызығушылықтары өте жоғары, олар қазір өздерінің біліктілігін арттырып, болашақ үшін аса қажетті мамандықты меңгеру ісіне араласуда. Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауындағы оқушылар сарайлары мен үйлері базасында балалар технопарктерінің желілерін құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында Астана қаласында «Балалар технопаркі-білім, ғылым және жоғары дамыған өндірісті біріктіруге арналған алаң» тақырыбында біліктілікті арттыру курсын өткізді. Курстың мақсаты – білім және ғылым саласындағы жетістіктерді ескере отырып, мұғалімдердің робот техникасы құралдарын қолданудағы ақпараттық және техникалық сауаттылығын дамыту.

Курс барысында балаларға қосымша білім беру практикасында заманауи технологиялар арқылы балалар технопаркінің жұмысына балаларды тарту механизмдерін үйренді. Курс тыңдаушылары роботтарды модельдеу, бағдарламалауды, құрастыру дағдыларын меңгерді. Курсқа қатысушылар Астана қаласының Оқушылар сарайының құрылғыларымен және техникалық шығармашылық, робототехника, архитектура және дизайн, макет жасау, экологиялық-биологиялық зерттеулер, бағдарламалау, 3D-модельдеу және компьютерлік анимация, бейне-монтаждау сияқты арнайы бағдарламалармен, балалардың ғылыми-техникалық шығармашылығының жұмыс әдістерімен танысты.

Курс кезінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Астана қаласының политехникалық колледжі мен «Нұр–Орда» мектеп-лицейінің педагог қызметкерлері мен «КазРоботикс» Қазақстан білім және спорттық робототехника Федерациясының Президенті А.А.Жекееваның дәрістерін тыңдап, оқу-шеберханалары және робототехника кабинеттерін аралады. Қысқасы Елбасы Жолдауының игі нәтижелеріне сай жаңашылдық алдан тосты.

Лида ДОСКАРИЕВА,

аудандық оқушылар үйінің әдіскері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521