«Қош енді, қош бол, мектебім!»

Білім-Ғылым

Зейнолла Серікқали-ұлы атындағы мектеп-интернат

«Сыңғырла, соңғы қоңырау» атты салтанатты шарада білім ұясының директоры Қабдрахим Бисенғалиев сөйлеп, ұстаздар мен шәкірттердің жетістіктеріне, білім сапасына тоқталып, тарих пәнінің мұғалімі Айбек Өтеповке республикалық «Дарын», Атырау облыстық білім басқармасы әдістемелік орталығының Алғыс хаттарын табыс етті.

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов ұстаздарды, түлектерді, ата-аналар мен оқушыларды құттықтап: - Елбасымыздың арқасында, облыс әкімінің қамқорлығы нәтижесінде ауданымызда оқу орындарын салу, материалдық-техникалық базасын жақсарту, күрделі жөндеуден өткізу бағытында көптеген жұмыстар жасалды. Атап айтсақ, биылғы жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін 300 орындық Гагарин атындағы орта мектептің, 80 орындық Лабай мектебінің, Жасталап, Қызылоба ауылдарындағы 80 орындық мектептерінің құрылыс жұмыстарын аяқтауға қаржы бөлініп, биылғы жылы тапсыру жоспарлануда. Биылғы жылы Нұржау, Манаев, Алтынсарин, Нұрпейісова атындағы орта мектептерге 357 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Материалдық базаны жақсарту мақсатында аудан мектептеріне облыстан 351 млн. 512 мың теңге қаржы бөлініп, тиісті кабинеттер, тақталар, компьютерлер және т.б. керекті құрал-жабдықтар түгел алынбақ. Ағымдағы жылы соңғы үлгідегі 30 робототехника, 28 физика кабинетіне 400 мың теңге қаржы бөлдік, - дей келе ата-аналар мен ұстаздарды сапалы білім беру жұмыстарын ұйымдастыруға шақырып, түлектерге сәттілік тіледі.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева сөйлеп, ізгі тілегін жеткізіп ұстаздар Тоты Бақтыгереева мен Жаңылсын Бакауоваға аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарын табыстады. Ардагер ұстаздар Шаттық Сәрсекеева, Қазақстан Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, өлкетанушы-тарихшы, осы мектепте оқыған Өтепберген Әлімгереев, бітіргендеріне 20 және 50 жыл толған бір кездегі шәкірттер сөйледі. Көңіл тебірентер сәт қызыл лента кеуделерін жапқан кіп-кішкентай 1 сынып оқушыларының арнауы болды. Мектеп қабырғасынан қанат қаққалы тұрған аға-апаларының әрқайсысына жеке-жеке өлең арнап, оларын тақылдап айтып берді. Түлектер де оларға естелік сыйлықтарын ұстатты. Бітірушілердің атынан 11 сынып оқушысы Асылай Тайырова білім кілтін 11 сынып оқушылары Гүлдана Қызырова мен Дәметкен Кисаеваға тапсырды. Соңғы қоңырауды түлектер Дәуренбек Сырымғазиев пен Аягүл Қалиева соқты. Салтанатты шарадан соң Өтепберген Әлімгереев атындағы тарих кабинеті ашылып, оның лентасын атаулы кабинеттің иесі аудан әкімі Б.Шаяхметовпен бірге қиды. Бөлме ішіне жазушының өмірдерегі мен шығармашылығын, марапаттарын баяндайтын көрнекілік ілініп, кітаптары қойылыпты.

Алтынсарин

Соңғы жылдары биік межелерді жиі еншілеуімен аты шыққан мектептердің бірі. Өнерлі ауыл тұрғындары, ұстаздар мен шәкірттер сағат ертеңгі сегіз болмай жатып мектеп алдына лек-легімен жиыла қалған. Осы мектепте ұзақ жылдар жұбайы Жамиға ана екеуі тынбай қызметтенген білікті ұстаз, майдангер, әрі күйші Сайып Рысқалиев ағай қара гранит тақтадан «қош келдіңдер, қарақтарым!» деп тұрғандай. Жаңа талап округінің әкімі О.Тәжібаевтың сөзі әр жүректі тербеп өткені анық. Болатбек Сайыпұлы Рысқалиевтің ата-ана жолын жалғастырып, ұлағатты ісімен танылғанына жыл артынан жылдар өтіп барады. Бүгінде тәуір санаттағы мектеп директорларының бірі. Соған сай ісі де осы басқосуда жарқырап алдынан шықты. Ол өзінің құттықтау тілегінде: - Биылғы оқу жылын 588 оқушымен бастап, 576 оқушымен аяқтағалы отырмыз. Оқу озаттары - 80. Негізгі мектепті 44 оқушы бітірмекші. Үздік аттестатқа үміткерлер саны - 2. Олар: 9 «а» сыныбындағы Дана Бахтымұратқызы, Саида Құттығалиева, 6, 8, 9 сыныптарда 144 оқушы емтиханға жіберілді. 14 оқушы емтихансыз келесі сыныпқа өтті. Жалпы орта мектепті 31 оқушы бітіргелі отыр. «Алтын белгіге» Мадина Қасымбекова, Ұлжан Шұғайпова деген түлектеріміз үміткер. Одан әрі аудандық, облыстық түрлі байқауларда жеңімпаз болған ұстаздар есімін ұлықтады. Олардың арасында Г.Ажмеденова, Л.Ризуанова, М.Ажхан, А.Жұманиязова, Е.Төлегенов, М.Тұрғалиева, А.Хайрлиева, П.Зинуллина, т.б. бар. Аудан, облыста жүлдегер болып жасындай жарқыраған шәкірттер қатарында Гауһар Қабдрашитова, Жаннат Саматқызы, Дильназ Хатимова, Лайық Уәлитханова, К.Мадекешова, Мейірім Жеткіншекқызы, Болат Ислям, Айгерім Еркешқызы, Диляра Сдихова және басқалар тұр.

Абай

«Құлақтан үнің кетпестей, Сыңғырла, соңғы қоңырау» деп аталатын жиында мектептің 64-ші түлектері сынып жетекшілері Маржан Мирасова, Айғаным Нысанова, Малика Қамиевалармен ортаға шақырылды. Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген мектеп директоры Н.Хасанова түлектер мен ұстаздарды, ата-аналарды құттықтап:

- Мектепте барлығы 1-11 сынып аралығында 786 оқушы білім алды, сапа 56,6 %. Жаңартылған оқу мазмұнын 345 балғын меңгерді. 11 сыныпты 46 шәкірт бітіргелі отыр. Олардың 1-еуі «Алтын белгіге», 1-еуі «Үздік аттестатқа» үміткерлер. Мектеп оқушыларының біліктілігі сараланатын аудандық пәндік олимпиадада біздің команда І орынды жеңіп алды. Облысқа 9 оқушы жолдама алып, 5-еуі жүлдемен оралды. Мектебіміздің жас спортшылары түрлі сайыстарда жеңімпаз атанып, аудандық спартакиаданың қорытындысымен командалық І орынды иемденді. Осы игі жетістіктерге биылғы түлектердің қосқан сүбелі үлесі бар, - дей келе, білім шаңырағының мәртебесін көтеріп жүрген мақтан тұтар шәкірттер – аудандық ғылыми жобалар байқауының, облыстық спорттық сайыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздарын марапаттады. Аудан әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаев жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, түлектерге сәт сапар тіледі. Осыдан 20,50 жыл бұрын бітірген түлектер атынан Қ.Жұмабаев, Н.Дарелова сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін білдірді. Салтанатты шарада Білім кілтін, спорт кубогын тапсыру рәсімдері жасалды. 11 сынып оқушылары атынан Г.Теміртасова аяулы ұстаздарына деген жүрек тебірентерлік ыстық лебіздерін жеткізді. Түлектер дайындаған монтаж ұсынылып, ортада дөңгеленген вальс биледі. Әрқайсысы бір-біреуден ұстаған күміс қоңыраудың сыңғыры қияға қанат қаққалы отырған түлектерге сәт сапар тілегендей әсер қалдырды.

 Ломоносов

Соңғы қоңырау шарасы жылдағы дәстүр бойынша мектептің бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі А.Юсуповтың мектеп директоры Қ.Төлегеновке оқушылардың салтанатты сапқа тұрғандығы туралы рапортымен басталды. Бұдан соң Әнұран орындалып, Мемлекеттік Ту тұғырында желбіреді. Білім ордасының басшысы Қ.Төлегенов шараға қатысушыларды мектеп өміріндегі шаттық пен қимастыққа толы сәтпен құттықтап, жыл ішіндегі жетістіктерді саралап, оқуда озат, спорт пен өнерде үздік, қоғамдық жұмыста белсенді болғандардың есімдерін атап өтті. Аудан әкімінің орынбасары Ж.Бектеміров ұстаздар мен шәкірттерді, шараға қатысып отырған мектепті 50 және 20 жыл бұрын бітіргендерді құттықтап, биылғы жылдың түлектеріне ақ жол тіледі. Мектеп оқушыларына каникулды қызықты өткізіп, жаңа оқу жылында сергек көңілмен, мықты денсаулықпен жүздесуді ниет етті. Бұдан 50 жыл бұрын қияға ұшырған түлектерін көрген ардагер ұстаз И.Қараменов тебірене толқи сөйлеп, қай кезде де шәкірттерімен мақтанып отыратынын, ізбасар әріптестерінің мектеп абыройын биіктетіп жүрген ұлағатты істеріне ризашылығын білдірді. Келесі кезекте 50 және 20 жыл бұрынғы түлектер сөз алып, мектепке естелік сыйлықтарын ұсынды. Ортаға мектептің 2018 жылғы түлектері шығып, «Мектеп – Үлкен өмір» бағытындағы жолаушылар жүрдек пойызын бейнелеген шағын әдеби-сазды композициясын көрерменге тарту етті. Онда мектеп-анаға, ұстазға деген ақ алғыс, қимас сезімдер әсем ән және өлең жолдарымен өрілді. Бір сәттен соң түлектер «Қош енді, қош бол, мектебім менің» атты әннің ырғағымен ақ арман мен ізгі тілектер жазылған түрлі-түсті шарларды көкке ұшырды. Таңдаулы түлектерден құралған топ салтанатты сап алдында соңғы қоңырауды сыңғырлата соға жүріп өтті.

Қ.ҒҰМАРОВ,

Т.ДӘРЕЛҰЛЫ,

А.ШАКУПОВА,

А.НӘЖІМОВ.