Оқу сапасы «ойбаймен» көтерілмейді

(0 Votes)

Облыс әкімі Н.Ноғаевтың Мақат ауданында өткізген көшпелі жиынында «Аймақтағы білім беру ұйымдары басшыларының іскерлігін зерттеу, зерделеу» деген №1.6 тапсырмасын берген болатын. Осыған орай, аудан көлемінде іс-шаралар жоспары жасақталып, мектеп директорларының есеп беру кестесі бекітілді.

Энгельс атындағы жалпы орта мектепте өткен жиналысты аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева ашып, күн тәртібімен таныстырды. Оған аудан әкімі Б.Шаяхметов, ұстаздар мен ата-аналар және БАҚ өкілдері қатысты. Мектеп директоры Сабыржан Жұпарғалиев өз хабарламасында оқушылардың үлгерім сапасы, ұстаздардың кәсіби біліктілігі, білім ошағының материалдық базамен нығайтылуы қандай дәрежеде екендігінен хабардар етті. Ардагер-ұстаз С.Ғимыранов, тарих пәнінің мұғалімі Ә.Ғарипқызы, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Молдашева басшының жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға беріп, оқу мен тәрбие, балғындарға қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында бірқатар ұсыныстарымен бөлісті.

Аудан әкімі Б.Шаяхметов кез келген мұғалім оқушыға сапалы білім беру үшін кемінде екі жылдан бастап санатын көтеруге жұмыстанатынын алға тартып, бірнеше жыл бойы бұл ұжымда санатсыз жүрген педагогтарды сынға алды. Яғни олар өздерін дамытпай, жетілдірмегендіктен мектептің деңгейі көтерілмейтінін ескертті.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алып, әлемдік өркениетке қол жеткізу үшін білім саласында біршама реформаларды бастан өткерді. Әр ұлттың болашағы оның білім сапасының деңгейімен өлшенетіні белгілі. Еліміз де ХХІ ғасырдың жаһандану заманында жас ұрпақты тиімді оқытуға баулып, осы мәселе бойынша үлкен өзгерістер енгізуді қолға алуда. Елбасы Н.Назарбаев бұл саладағы бағдарламалардың өзгерістеріне бала мен бірге ата-ана да үнемі бейім болу керектігін айтумен келеді.

Өйткені мемлекетіміздің дамуы білімді, кәсіби білікті және денсаулығы мықты жастардың көп болуына негізделеді. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі бұл бағыттағы озық жүйені құруды жеделдету мақсатында білім беру ісіне қойылатын жаңа талаптарды ұсынуда. Онымен танысу үшін жиналыс барысында бейнеролик топтамасына кезек берілді. Алдымен оқу сапасын жоғарылататын, түлектердің білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіруді көздейтін жаңа жүйе - критериалды бағалау туралы түсінік берілді. Оның тиімді тұстары мен оқытудағы әдіс-тәсілдері жан-жақты айтылды. Жалпы жаңа бағдарлама бойынша орта білім саласындағы міндеттер функционалдық сауаттылықты, сыни ойлауды меңгеруге бағытталады.

«Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, білім берудің үш тілде оқытатын жүйесіне кезең-кезеңімен көшетін мерзім де жақын қалды. Жолдауда нақтыланғандай, 2019 жылы 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталады. Түптеп келгенде, барлық түлектер елімізде және әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді еркін меңгеруі тиіс. Бұл – жас жеткіншектерден күтілетін нәтиже. Олар үштілді қатар үйрене отырып, әлемдегі жоғары оқу орындарында білім алуға, ғылыми ынтымақтастыққа, өзара технологиялық табыстармен алмасуға қол жеткізеді.

Қамқоршылық кеңес – мүмкіндігі зор, әлеуеті жоғары білім беру ордасын қалыптастыру. Оның қатысушылары ата-аналар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, демеушілер. Олар мектеп өмірімен тығыз байланыста болулары қажет. Ата-ана Б.Темиров мектептің педагогикалық ұжымына тың табыстар тілеп, жаңартылған білім бағдарламасын балаға оқытудағы қиындықтарын, бас қатырған түрлі реформалардың керек еместігін жеткізіп, бұрынғы кеңестік жүйенің тиімді тұстарын айтты.

Оқу үдерісінен хабардар болған ата-анаға ризашылығын білдірген аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева оған былай деп жауабын қайтарды. - Тәуелсіздігімізге дейінгі мектеп білімі, жасыратыны жоқ, коммунистік идеологияға қызмет етуге бағытталды. Ендігі жерде жас ұрпақты ел тәуелсіздігін нығайту ісіне дайындау міндеті тұр. Міне, реформалардың бірінің екіншісіне жалғасып жатуының түпкі мәнін осылай түсінген абзал. Жаңа жүйенің түпкі идеясы да өзгермелі замандағы өзгерістерден қалып қоймай, сананы жаңғырту.

Мектеп реформасы – мемлекеттік реформалардың ішіндегі ең күрделісі. Білім саласында тоқырап қалған кезіміз жоқ, үнемі ізденіп, кемелдікке талпынып келеміз. Сондықтан да білімдегі жаңаша жаңғырулар бір күннің шешімі немесе бір сәтте қол жететін дүние емес, ол – мәңгілік жаңару. Бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесінің алдында білім сапасының бәсекелестігін арттыру, шынайы өмірлік кезеңдерге бейімдеу мәселелері тұр. Өйткені адам қоғамда түрлі өмірлік шиеленістерге байланысты дұрыс шешімдер қабылдау үшін жоғары кәсіптілік және интеллектуалдық әрекеттерді қажет ететін жағдайларда заман талабына сай өмір сүріп, қызмет етуге машықтануы тиіс.

Жаңа оқыту бағдарламасы білім саласында жүргізілетін жаңа реформаның бастамасы болғандықтан, күтілетін нәтижесі де зор. Сондықтан құрметті әріптестер, педагогтар қауымы, осы әдістемені терең игеріп, оқушылардың білім сапасын арттыруға, олардың сабақ үстінде өзін және өзгенің әрекетін бағалап, топпен жұмыс жасап, өмірлік қажеттіліктерін шеше білуге үйретудің маңыздылығы зор. Жаңа технологиялардың мақсаты да баланы оқыта отырып, ой еркіндігін, ізденімпаздығын дамыту, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Бүгінгі жас ұрпақты елдің экономикасын өркендететін, білім алуда өз бетінше әрекет ете алатын, қоршаған және өз ортасын құрметтейтін тұлға етіп қалыптастыру болашақтың талабы болып отыр. Сондықтан да білім берудегі бүгінгі бетбұрыстың үлкен мәні бар.

Аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы жиналысты қорытындылап, 18 жыл білім ошағын басқарған С.Жұпарғалиевті ротациямен басқа мектепке ауыстыруды аудандық білім бөлімінің басшысына тапсырды. Өйткені, бір орында бірнеше жыл бойы отырған адам бірсарындылыққа түсетінін, жаңаша идеялар мен мақсаттар жүзеге аспайтынын алға тартты. - Аудан бюджетінің 70 пайызы білім саласын жаңғыртуға, материалдық-техникалық базаны арттыруға, ұстаздардың біліктілігін көтеруге арналғанымен, білім сапасы әлі де көңілді көншітпейді. Себебі, оны қорытындылайтын басты емтихан Ұлттық бірыңғай тестілеудің деңгейі жылдан жылға нашарлауда. Ал мектеп бітіруші түлектің ҰБТ-дағы көрсеткіштері немесе қатысы – бұл ұстаз еңбегінің жемісін анықтайды. Өз біліміне сенетін адам тест тапсырудан қашпайды. Энгельс атындағы орта мектепте биылғы жылы 22 түлектің тек 10-ы ғана ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірген. Бұл нені көрсетеді?!

Білімнің көзі – бастауыштан басталатыны белгілі. Біздегі қалыптасқан жағдай бойынша бастауышта мұғалім шәкіртіне көтермелеп бағалауды бастайды. Ал орта мектепті тәмамдауға келгенде ол сенім ақталмай жатады. Сондықтан, әрбір педагог бала мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, жылдық тоқсан қорытындысымен емтихан ұйымдастыру арқылы қойған бағаны, алған біліммен салыстырғаны жөн. Алдағы уақытта осы жұмыстарды жандандырып, оқушыны асыра бағалауды тоқтатуымыз керек. «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде» дейді Елбасымыз. Латын әліпбиіне көшу, пәндерді ағылшын тілінде оқыту – жеті рет өлшеп барып, жүзеге асқан шешімнің түйіні болып отыр. Мектеп бітіруші түлектер бәсекеге қабілетті болғаны дұрыс. Қорыта айтқанда, қоғам өзгеріп, мемлекет дамуы қарқындаған сайын білімге қойылатын талап күшейіп барады, - дей келе, аудан басшысы бұл саладағы кеткен кемшіліктерді саралау кезек күттірмейтін мәселелердің бірі екендігін айтты.

Айнагүл ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521