«Ментальды арифметика» жүйріктері

Білім-Ғылым

Соңғы жылдары елімізде ментальды арифметикамен шұғылданатын оқушылар саны өсіп келеді. Математика ғылымының қызық та қиын осы бір түрі өткен оқу жылында С.Н.Имашев жалпы орта мектебіне де келіп жетті.

Мектепте наурыз айынан бастап елуге жуық оқушыны қамтыған үш топ құрылды. Оларға мектептің білімді де білікті жоғары білімді, математика және информатика пәні мұғалімдері Т.Харесов, Л.Әбішева және Ұ.Ғабдоллаева жетекшілік жасады. Осынау аз уақыт ішінде Имашевтың ментальды арифметикашылары өз білім және біліктерімен, ерекше құштарлықтарымен көзге түсе бастады. Әсіресе Ұштап Ғарипқызы жетекшілік ететін ІІІ–ІV сынып оқушыларын қамтыған «Достық» тобы ерекше көзге түсуде. Жақында бұл топ Алматы қаласында өткен Ұлттық BILGEN зияткерлік олимпиадасынан жүлделі ІІ орынмен оралды.

Олимпиаданы SERPIN Білім және инновация ұлттық палатасы, BILGE Халықаралық ақыл – ойды дамыту орталығы және BILGEN Ұлттық авторлық методика және бағалау орталықтары ұйымдастырды. Олимпиадаға еліміздің түкпір– түкпірінен мыңға жуық оқушы қатынасты. Олимпиадада оқушылар судоку, логикалық тапсырмалар, сурет салу, ментальды есептеу, есепшотпен есептеу сияқты сайыс түрлерінен сыңға түсті. Сайыста басты талап әр тапсырманы дұрыс әрі уақытында орындау болды. Құрамында Н.Таупихов, А.Аманғалиев, А.Сағынғали және Н.Тасболат,А.Тасболат, Н.Ақпанова, А.Серікқали сияқты оқушылар бар имашевтық «Достық» тобы барлық сайыс түрлерінен ерекше белсенділік танытып, олжалы оралды. Топ жетекшісі Ұ.Ғарипқызына «SERPIN» білім және инновация ұлттық палатасының атқарушы директоры А.Тұрсын мырза арнайы Алғыс Хат табыстады. Аз ғана уақыт ішінде осындай зор табысқа қол жеткізген имашевтық «Жас ментальды арифметикашылар» сөйтіп өз мектептерінің абыройын асырды. Сондай – ақ балаларының осынау табысына олардың ата – аналары да ерекше қуанып, осындай республикалық деңгейдегі сайысқа тыңғылықты, жан – жақты дайындаған олардың жетекшілері Ұштап Ғарипқызына шынайы ризашылық білдірді.

Н.БЕРІШ,

С.Н.Имашев атындағы жалпы орта мектеп.