«Мейірімге толы жүрек»

(0 Votes)

Қайырымдылық – адамның бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі десек, адамға жақсылық жасау, қамқорлық таныту – халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі. Өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу – жомарттық пен ізгіліктің белгісі болмақ.

Осы орайда, Гагарин атындағы жалпы орта мектепте аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Мейірімге толы жүрек» атты конференция өткізілді. Оған аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева, Білім қызметкерлері кәсіподақтары Құрманғазы аудандық комитетінің төрағасы Әуез Ізжанов, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және әлеуметтік педагогтар, жеке кәсіпкерлер мен ата-аналар қатысты. Конференцияны аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева ашып: - «Мейірімділік – жүректен» дейді дана халқымыз. Бар ізгілік, рақымдылық, имандылық, бауырмалдық сияқты қасиеттер жұдырықтай жүрегімізден шығуы қажет. Жомарт болу – өзіңде барды басқа адаммен шын жүректен бөлісу. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демекші, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Қамқорлық» акцияларына атсалысып, көмек қолын созған ата-аналарға, жеке кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз. Былтырғы жылы оның аясында аудандағы іс басындағы азаматтардың демеушілігі негізінде 5 млн. 500 мың теңгеге 557 балаға қайырымдылық көрсетілсе, 2019 жылы қаңтар-ақпан аралығындағы акцияның аясында 513 оқушыға 7 млн. 409 мың теңгенің материалдық көмегі жасалды. Бүгінгі күні біз сіздерге жасаған шарапатты істеріңіз үшін өз ризашылығымызды білдіріп, конференцияны ұйымдастырып отырмыз. Оның жұмысына сәттілік тілеймін, - деді. Келесі кезекте аудандық білім бөлімінің бас маманы Елена Жұмабаева «Қамқорлық» акциясының мәні мен мақсатына тоқталып, бұл бағытта аудан мектептері атқарған игі шараларды саралады. 2019 жылы қаңтар айының басында «Каспий құбыр Консорциумы-Қ» АҚ бас директорының орынбасары Қ.Қабылдин және «Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоры» ҚҚ директоры Т.Балпышев жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 71 балаға 5218500 теңге мөлшерінде демеушілік жасағындығын хабардар етіп, биыл 686 оқушыны маусымдық киімдер және оқу-құралдарымен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 60430000 теңге бөлу жоспарланып отырғандығын жеткізді.

Келесі бөлімде Рахим Дәулетов, Бақтылы Махмудова, Гүлбадан Қапизова, Ботагөз Майхиева, Бибігүл Күпабаева, Асқар Сатыбалдиев, Гүлайым Исмагулова, Ерлан Тарихов, Нұрсұлу Арыстанғалиева, Ақылбек Қуанышәлиев, Ерлан Тасқайырұлы, Тұрарбек Боханов, Сәулеш Бегәлиева сынды жыл сайын қамқорлық танытуды дағдыға айналдырып, балғындарға жан жылуын төккен кәсіпкерлер алғыс хаттармен марапатталды.

Одан әрі конференция Гагарин атындағы жалпы орта мектеп ұжымының әзірлеген «Мейірімділік мекені» атты әдеби-сахналық қойылымына ұласты. Бір топ оқушылар Айгүл Жәнібекқызы, Ақерке Жарасқызы, Арман Аманұлы, Жанар Ерікқызы адамға жүрек жылуын сыйлайтын өлеңдерін тебірене оқып берді.

А.Шакупова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521