Көзілдірікті бала көбейді, оның себебі, тәрбиедегі кемшілікте

(0 Votes)

Оның солай екені әмбеге аян. Планшет те ғасыр жаңалығы. Тосырқап қарауға болмайды деп өзіңді өзің жұбатқаныңмен мұның көңіліңді әншейін жай алдау екендігін ішкі түйсігің лажсыз сезіндіреді.

Біз мұндайлар түсімізге енбейтін кезеңнің ұрпақтарымыз. Аудандық «Ленин жолы», облыстық «Коммунистік еңбек», міндетті түрде «Лениншіл жас» газеттерінің бір де бір мақаласын жібермей жата жастана келіп оқимыз. Телевизор деген бүтіндей Нұржаудың 2 – 3 үйіне келе бастаған. Ол керемет біздің қараша үйлерде болады, оны көреміз деген сеніміміз жоқтың қасы. 70-80 жылдардың ортасында ауыл-ауылдарда инелік көтерген ұзын жіңішке өңештер бірқатар үйлердің терезе тұсына орнығып, осы үйде телевизор барлығын әйгілей бастады. Кейіннен жағдай түзеліңкіреп біршама шаңырақтар көгілдір экранның қызығына кенелді. Дұрыс көрсетуі үшін антеннасын бағыттауды көрші-көлем болып қауқылдасып бірлесіп атқарасың. Бұл да бір думанды мереке еді ауылдықтарға. Кеңшардың есепшілері сарт-сұрт соғып, қолтығына қара папкісімен бірге қысып жүретін қара шоттарды «калькуляторлар» деген титімдей құдірет ауыстырғанда «кеңестік жүйе бізді бәрінен мақұрым қалдырған екен ғой, мына кереметті қара, түймесін бассаң алуың, қосуың, көбейтуің, түбір астындағың қалай дәл орындалады, ой Алла-ай» деп оған да өліп-өшіп таңырқағанбыз.

Біздің тұсымызда қиял-ғажайыптың нағыз өзі, ажырамас досымыз ол – кітап болатын. Бұрын да жазғанмын, Жанкеев Табылған сияқты оқығыштар кітапханадағы бар кітапты түгел оқып тауысты. Әрине Ильичтің томдарынан басқасын. Осы жолдардың авторының және басқа әдебиетқұмар қатар-құрбының жиі бас сұғар жері - кітапхана, машығы кітап оқу болатын. Берілгеніміз соншалықты, кейбір кітаптардың ішіндегі диалогтарды, образдар харекетін бір-бірімізге жатқа айтып, сана алғырлығын дәлелдеп жататынбыз. Бәз бір достар қолына тәуір кітап түскенін, оның мазмұнын айтып ауыздың суын құртатын. Оқи тұруға сұрасаң, «жоқ, оны бере алмаймын, бүлдіріп тастайсыңдар» деп бұлданатындар болған.

Кейде үзілісте ұстаздарымыз өздері оқыған кітаптарының мазмұнын әңгімелеп, не үзінділер оқып, қызығушылығымызды оятып, соны оқуға кеңес беретін. Сыныптастардың көзі тірілері ұмытпаған шығар, сынып жетекшіміз жақында өмірден озған Қатима Құспанова апайымыз үлкен үзіліс сайын күнде келіп, Ұлы Отан соғысы жайындағы өте тартымды шығарманы бізге оқып беріп, бірер ай шамасында түгесті. Тырп етпей отырып «енді не болар екен» деп соншалықты ынтазар көңілмен тыңдайтынбыз. Сыныпта пыс-пыс еткен дем алысымыздан өзге ештеңе естілмейтін тыныштық орнайтын. "Үлкен үзіліс неткен қысқа еді", - деп өкініп қалатынымыз сағынышпен ойға оралады. Кітап оқып, бірде естілсе, бірде сыбырлап қалатын құны 5 сом болғандықтан «5 сомның радиосы» атанып кеткен соны тыңдап өскен ұрпақтың қор болғаны қайсы? Бәрі де өмірден өз жолын тапты. Кітап – сананы шыңдаудың, ой-өрісті ұзартудың таптырмас құралы. Сол кітап оқығандардың қай-қайсысы да сөйлеп кетсе төгіліп тұрған шешен, жазып кетсе кібіртектеуді білмей көсіле жөнелетіндер ылғи. Айтулы ұстаз болып жас шәкірттер тәрбиесінде жүргендері баршылық. Елді ауызбіршілікке ұнамды сөзімен ұйытып, ұжымдар басқарып абыройға бөленіп келгендер де бала күндерінен кітаптан көз алмағандарын мақтан тұтады. Ал, қалам құдіретіне табынып, өмірін оймен өрнектегендердің жан серігі әлі күнге кітап, түрлі басылымдар екені айтпаса да түсінікті.

Ұзын ырға әңгімеміздің негізгі арқауы – бүгінде кітап оқылмайтындығын, жасөспірімнен бастап өзгеміз де қалта телефонындағы сана арбайтын дүниелерді қарауға әбден беріліп болғандығымызды айту. Сөз жоқ, ол да ғасыр жаңалығы. Керекті мәліметтерді кітапханаға барып жатпай-ақ оп-оңай тауып аласың. Бірақ, зияны да шаш етектен екендігі айтылуындай айтылып, жазылуындай жазылып жатыр. Көп отандастардың үлкені де, кішісі де сан сағаттап қалтафонға үңілуден саулықтарына орасан зор зиян келтіріп жатқандары айдай ақиқат. Әсіресе, жасөспірімдер үшін өте қауіпті. Олардың бүгінде дені «Планшет» ауруымен сырқаттанады. Баршамыздың да немерелеріміз планшетпен күнін өткізіп, сонымен ұйқыға кетеді. Көзін тырнап ашқаннан қайыра телміреді. «Болды, одан әрі қарама, көзіңе де, миыңа да тыныштық бер» - десең ойбайын салып өз дегендеріне көндіреді. Қонаққа бара қалсаң да, қоғамдық орынға келсең де планшет – пәлеге есі ауған титімдей бүлдіршіндер ылғи. Наркотик тұтынған адам есі ауып жатады ғой, бұлар да дәл сондай, айналадағы дүние өртеніп кетсін, онда шаруасы шамалы, есіл дертімен кішкене қорапшаның құлдығына түсіп кеткен, тек планшеті болса болғаны. Мұндайға санасы шырмалған сәбилерді кітаппен, жазу-сызумен, шахмат, домбыра, сурет салу, т.б. келешегіне қажетті нәрселермен алдарқату мүмкін еместей көрінеді де тұрады.

Жақында (№:138, 24 шілде 2018) еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» қаламгер Байқал Байәділдің авторлығымен «Көзәйнек киген бала көп» тақырыбымен ой саларлықтай мақала жариялады. Оның да өзегіне сай-сүйегің сырқырайтындай шындық тартылған. Балалар арасындағы ең көп тараған дерт - анемия және көз аурулары делінеді онда. Көз ауруларының түрлі себептері болса, оның бірі әлгі айтып отырған «ғасыр жаңалықтарына» телміруден. Мақаладан сөзбе-сөз мысалдар келтірсек: «Тіпті, тілі шықпаған балалардың өзі таң атқаннан кешке дейін теледидар қарайды. – Немерем тыныш. Бұрынғының балдары қолды-аяққа тұрмайтын қағылез болушы еді. Біздің Жандос қолына планшет беріп қойсаң, өзімен-өзі алданып отыра береді. Тіпті әке-шешесін де керек қылмайды,- дейді Күләш жеңгем. Бірақ бесіктен белі шықпай жатып компьютер, планшет, ұялы телефонға әуес балаларда көз ауруы қаупі күшейетіндігін ескере бермейді... Корея елінде де бүлдіршіндер бесіктен белі шықпай жатып көз ауруына шалдыға бастапты. Компьютерден, сол тақылеттес техникадан келген заманауи зауал. Есесіне, ойы жүйрік, қиялы қияндағыны шалатын кәріс ағайын ендігі арада қырық жерден құдіретті, күшті болса да елінің ертеңін мұндай келешегі үшін кінәраты басым техникадан арылтып, жаппай кітап оқуға көшіртіп жатқан көрінеді». Көрдіңіз бе, жаппай кітап оқуға көшіріп жатыр. Біздің Тәуелсіз елімізде де мектеп шәкірттерін қолы бос уақыттарында кітап оқуға міндеттеп, түсінігін сұрайтындай жағдай қалыптастырсақ, балғын саналар оң бағытқа түсер ме еді, қайтер еді, деген ой келеді.

Аталмыш мақаладан тағы да мына мысалдарды келтіре кетуді жөн көрдік. «Кітап оқудың пайдасы көл – көсір. Біріншіден, тасқа басылған ұшан-теңіз білім, екіншіден, көз жаттығады, көру қабілеті артады. Әрнені ғылыми есепке салып, бағамдайтын кәрістер 6-7 жас аралығындағы балаларына небәрі 10 минут компьютермен айналысуға рұқсат береді. 8-9-дан асқандарының өзі тәулігіне 15 минут қана. Тіпті мектеп оқушылары да айталық, 8-9 сыныптағы жеткіншектер тәулігіне 20-25 минут қана айналыспақ. Ел ертеңін ойлау деген осы болса керек. – Қазір компьютерсіз тіршілікті көз алдыңа елестете алмас едіңіз, - дейді дәрігер Берік Нұрқанов, - бірақ ол ғажайып дүние болғанымен, көз жанарына залалы да шаш етектен. Жанардың жасуы, тұмандануы, шаршауы, жасаурауы осыдан пайда болады. Біртіндеп көру қабілет кемиді. Офтольмологтардың пікіріне қарағанда, компьютермен дұрыс жұмыс істеу мәдениетін меңгермеу де орасан зор зиянын тигізіп жатыр...» Өте дұрыс айтып отыр. Компьютерге бір отырса, одан түс болмай түспейтін, түстен кешке дейін болып, оны түнге ұластыратын әріптестер, соған әбден сүйеніп алған былайғы қызметкерлер де жеткілікті. Елбасы «мұғалім бала оқытуы, дәрігер адам емдеуі керек» дегенімен қағаз топанының астында қалған дәрігерлер мен мұғалімдер аз ба?

Біз балалар арасында компьютер, интернет, планшет пайдалану салдарынан көз ауруларының еліміз бойынша өршіп бара жатырғанын әңгімелеп отырмыз. Ал, әлгі айтылғандардың ағзаға келтіріп келген басқа да зияндары туралы әзірге сөз қозғай қойғанымыз жоқ. Тіпті олардың баспасөз деректеріне сүйенсек, өмірге ұрпағымыздың дені сау болып келуіне де кесе көлденең тұратын зияндылығы шаш етектен. Қажет десеңіз, ұялы телефонды қуаттау көзіне қосқан бөлмеде адамдардың болуының өзі көп қатерге бастайды екен. Аруағыңа мың тағзым, белгілі демограф - ғалым Мақаш Тәтімов "ұялы телефонды денеңе жолатпа қазағым, ерді белсіздікке, әйелді ұрпақсыздыққа бастайтын осы тажал" деп барып көзін жұмды емес пе? Біз бәріне де салдыр-салақ қарайтын халық екенімізді жасырмауымыз қажет. Бүгінгі әңгімемізде жасөспірімдердің жағалай планшет, компьютер тұтынудан жанарларына тым ерте кіреуке түсуі барысын өкінішпен әңгімелеп отырмыз. Бүлдіршіндердің көзі – ертеңгі ел келешегінің көзі емес пе, сайып келгенде. Қазірден бастап көзілдіріксіз жүре алмайтындай бастарына не күн туыпты? Сондықтан мұндай дүниеліктерді пайдалануды шектеп, мерзім белгілеп, мәселен планшетін аптаға бір рет, онда да аз мерзімге қолдануға рұқсат етіп, есесіне сурет салып, балалардың жасына лайық журналдар, өсе келе кітаптар оқуға баулысақ, жасөспірімдер арасындағы көз көрмеушілік қасіреті азая түсер ме еді деген ойға жетелейді. Ал, кітап оқудың қаншалықты пайдалы екендігі айтпаса да түсінікті. Тілегіміз: әр қазақтың баласы қиядағыны шалса екен, жанар нұрлары жарқырап жақсылық атаулыны өзгеден бұрын көрсе екен, сөйтіп, Тәуелсіз еліміздің игілігі жолында асқақ мұраттар биігінен табыла берсе екен! Ол үшін он екі мүшесі сау болуы керек. Қарақаттай мөлдіреген көздері де... Ойталқыға салғандағы мақсат осыны ата-аналар, ұстаздары, балабақшадағы тәрбиешілері болып ертеңге қалдырмай ескерулері қажет деген жанашырлық көңіл. Бүгін планшетімді бермеді деп жылағанынан гөрі, ертең есі кіргенде көрінім жер көз алдында бұлдырап, зағип болғанда еңірегенінен асқан қауіп жоқ екенін әркім-ақ түсінер.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521