Ерлік сабағы

(0 Votes)

Адамзат үшін соғыс қашанда қасірет. Талай шаңырақты шайқалтып, мыңдаған адамды қыршынынан қиған Ауған жеріндегі ұрыс даласынан Кеңес әскерінің шығарылғанына биыл – 30 жыл.

Осыған орай, Ломоносов атындағы жалпы орта мектепте білікті ұстаз Бибігүл Төлегенқызының ұйымдастыруымен оқушыларға ерлік сабағы өтті. Алдымен қатысушылар қан майданда қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіз тұрып еске алды. Жүргізуші Б.Төлегенқызы Ауғанстан соғысы – Кеңес одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі екенін айтып, алдыңғы толқын ағалардың ерлігі жас ұрпаққа жігер беретінін жеткізді. Шара қонағы, Ауған соғысының ардагері, бүгінде аталмыш мектептің технология пәнінің мұғалімі Серік Төлепбергенов бастан кешкен қиын кезеңдерінің естелігімен бөліссе, АӘД пәнінің мұғалімі, тәжірибелі ұстаз Алпамыс Юсупов оқушыларды соғыс ақиқаты, жауынгерлер шежіресі туралы толық білуге болатын Атырау облысы ауған соғысы ардагерлері жөнінде энциклопедия құрастырған жерлесіміз А.Ермекованың кітабымен таныстырды.

Өз кезегінде жасөсіпірмдер патриоттық бағыттағы әндерді орындап, шараның мазмұнын аша түсті. Мектеп жанынан құрылған «Бүркіт» әскери-патриоттық клуб мүшелері уақытқа автоматты жинау және бөлшектеу, противогазды кию сияқты АӘД пәнінен үйренген әдіс-тәсілдерін көрсетті. Ұстаз Айжан Қабиболлақызы сабақты қорытындылап, бұл соғыстың қасіреті мен естелігі әлі талай ұрпаққа сабақ болатынын жеткізді.

 

А.Шакупова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521