ҰБТ-да не өзгеріс?

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «2017-2018 жылғы қорытынды аттестаттау мен ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу туралы ережелерімен таныстыру» тақырыбындағы аудандық семинар-кеңес өткізілді.

Оған аудан көлеміндегі мектептердің директорлары, оқу ісі меңгерушілері, 11 сынып оқушылары және олардың ата-аналары қатысты.

Семинар-кеңесті аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева ашып, алғы сөзді Ұлттық тестілер орталығы филиалының басшысы Жанар Тюмалиеваға берді. – 2018 жылғы мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткен оқу жылында қабылданған жаңа формат бойынша тапсыратын болады. Тест Абай атындағы орта мектеп базасындағы № 764 ҰБТ өткізу пунктінде жүргізіледі. Оған қатысуға өтініштер 10 наурыз–10 мамыр аралығында әр оқушының оқитын мектебінде қабылданады. Тестілеу 20 маусым – 1 шілде аралығында өткізіледі. ҰБТ өткен оқу жылында қабылданған жаңа форматы бойынша биылғы мектеп бітіруші түлектер 5 пән бойынша тапсырады. Жалпы тапсырмалардың саны 120, бірақ максималды балл саны 140-ты құрайды. Тестілеуге берілетін уақыт 3 сағат 50 минуттан тұрады. Мемлекеттік жоғары оқу орнына түсу үшін шекті балл саны бұрынғыдай 50 балл түрінде қалдырылды, ал Ұлттық статустағы жоғары оқу орындарына түсу үшін 65 балл, аталмыш жоғары оқу орындарындағы «Білім», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтарына кемінде – 60 балл, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша кемінде – 65 балл жинау қажет, – деген баяндамашы одан әрі тест өткізу кезіндегі тәртіп, қорытындысын жариялау уақыты, аппеляциялық шағымдар және сертификат жөнінде нақты түсініктер берді.

Келесі кезекте әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлдана Ахметова мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру және білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық аттестаттау, жаңартылған орта білім мазмұны бойынша білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау жүргізудің тәртібімен таныстырды.

– Жаңа стандарт құзыреттілік тәсілге негізделген, дәстүрлі мектепте болған міндетті меңгеруді талап ететін материалдың белгілі мөлшеріне емес, күтілетін нәтижеге құрылған. Білім мазмұнын жаңарту аясында қорытынды аттестаттау форматы да өзгерді. Мемлекеттік бітіру емтиханы – орта білім курсын бітіргені туралы куәландыратын мемлекеттік үлгідегі құжатты алу шарты болып табылатын орта білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды қорытынды аттестаттаудың бір түрі. Емтихан мектептерде өткізіледі, - деді ол өз сөзінде.

Әдістемелік кабинеттің әдіскері Айжамал Арыстанова аудан мектептерінің 2017-2018 оқу жылындағы ҰБТ –ға дайындық барысы туралы баяндап өтті. – Аудандағы 574 мектеп бітірушінің ішінде жаңа форматты ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірушілер саны – 325. Қаңтар-наурыз айларының байқау сынақтары қорытындысында Әуезов, Имашев, Гоголь, Мұқанов, Бегаәлиев атындағы, Нұржау, Еңбекші орта мектептері жақсы нәтижеге ие болды. Аудан бойынша 7 оқушы 100-ден жоғары ұпай жинады. Нұрпейісова атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Нұрұмова Бибінұр 122 баллмен ең жоғары ұпайға қол жеткізді, - деп басқа да жетістіктер мен кемшін тұстарды саралады.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева семинар жұмысының қорытындысымен нәтижелі жұмыстарымен ерекшеленген қызметкерлерді марапаттады.

А.НӘЖІМОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521