Білімі төмен баланың болашағы бұлыңғыр бұл мектеп мұғалімдерінен зор жауапкершілікті талап етеді

(0 Votes)

Елбасымыздың тапсырмасымен ұстаздар мен оқушыларға барлық жағдай жасалып, жаңа мектептер салынып, бұрыннан барлары күрделі және жеңіл жөндеуден өткізіліп, қажетті заманауи технологиялармен қамтылуда.

Алайда, облысымызда білім саласының ақсай беретіні несі? Неге ҰБТ көрсеткіші төмен? Қандай кемшіліктер кетіп отыр? Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Мақат ауданында өткізген көшпелі жиында аудан әкімдеріне мектеп директорларының есебін тыңдап, зерттеу, зерделеу жүргізуге тапсырма берген еді.

Осыған орай аудан әкімі Бибоз Шаяхметов білім ұяларындағы жағдаймен танысу үшін жолға шығып, бірнеше күнде ауданымыздағы 26 орта және 4 бастауыш мектептің жиырмаға жуығында болып үлгерді. Ә.Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектептегісеп беру жиынын аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева ашты. Мектеп директорының оқуда болуына байланысты хабарламаны тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сара Мусағалиева жасады. 624 орындық бұл мектепте 395 оқушы екі ауысымда білім алады. Биыл бітіргелі отырған түлектердің 12-сі ҰБТ қатыспақ ниетте. Түрлі пәндік олимпиадаларға 22 оқушы қатысып, 16-сы жүлдемен оралған.

Ардагер ұстаз Сәуірбай Дәуітов: - Бақылау, жүйелеу болмаған жерде жұмыс жүрмейді. Тағы бір айтарым, мектеп басшысы мен мұғалімдер бір пәннің маманы болмағаны жөн. Әйтпесе басқа пәндер бақылаусыз қалады, - деп салаға көңіл аударып жүргені үшін аудан басшысына ризашылығын білдірді. Мектепте қызмет жасап жүрген ардагер ұстаз Берік Құмаров та әріптесін қолдап, мұражай қызметін жолға қою керек деген ұсынысын ортаға салды. Қойылған сұраққа берген жауабында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлшара Әбілхайырова бастауыш сыныптағы критерийлік бағалау жақсы нәтиже беріп отырғанын жеткізді. ҰБТ-ға қатысатын оқушылармен де психологиялық жұмыстар жолға қойылған.

Электронды күнделікті жүргізуге мән беру керектігін, онымен кімдер айналысып отырғанын білім министрлігі анықтай алатынын айтқан аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева: - Білім ленд сайтында барлық пәндер жайлы ақпараттар жеткілікті. Оны неге пайдаланбайсыздар? Критерийлік бағалауда да мониторинг жүргізу, зерттеу төмен. Қазір оқушының берілген тапсырманы орындауына емес, ойлау жүйесін қалыптастыруға мән берілуде. Мониторинг «Білім сапасы неге түсті?», «Неге жоғарылады?», «Алға қарай не істеу керек?» деген үш қадам бойынша жасалуы қажет. Осыны басшылыққа алыңыздар, - дей келе ардагер ұстаздардан өз тәжірибелерімен бөлісіп, жөн сілтеп отыруларын сұрады.

Аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы: - Біз білім сапасы жөнінен Мақат ауданының алдында ғана тұрмыз. ҰБТ-ға қатысу деңгейінің төмен болуы 11 жыл берілген білімнің көрсеткіші. Түлектер мектепте жақсы оқып, «Алтын белгі» алып, тестіде құлап, соңынан дау-даумай туындап жатады. Бірінші кезекте ата-аналардың білімге деген көзқарасын өзгертуге тиіспіз. Сапа көрсеткішіне директордың бір мектепте ұзақ жылдар отырып қалуы да себеп. Заң бойынша олар әр бес жыл сайын ауысып тұруы керек, - деп одан әрі білім сапасын көтеруге қатысты өз ұсыныстарын айтты. Есеп беру жиынын аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева қорытындылады.

Ломоносов жалпы орта мектебі директорының міндетін атқарушы Толқын Әжіғалиева атқарылған жұмыстар жайлы хабарлама жасады. 1961 жылы салынған 320 орындық білім ұясында бүгінде 560 оқушы білім алуда. Сабақ орыс тілінде, екі ауысымда өтеді. Мектепте 1999 жылдан бастап бастауыш сыныпта ағылшын тілі және информатика пәндерін оқыту енгізілген. Былтырғы жылы 30 түлек бітірсе, соның 24-і ҰБТ-ге қатысқан. Орташа балл – 60,1. Он түлек грант иегері. Келесі кезекте ұстаз Салтанат Менситова, ата-аналар комитетінің төрағасы Жандос Бектеміров және басқалары сөйледі..

Аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева: - Орыс тілді бұл мектепте тұрақты ұжым қалыптасқан. Екінші артықшылығы жақсы моральдық-психологиялық ахуал. Ұжымның ауызбіршілігі күшті. Үшіншіден, жаңалыққа бетбұрыс жасауға әзір тұратындығымен ерекшеленеді. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Ата-ана, бала, мұғалім арасындағы үштік одақты күшейтсек, жұмыс алға басады. Электронды күнделікті пайдалану көрсеткіші де сіздерде 86%. Осы бағыттарда жұмыстарды жетілдіріңіздер, - деді.

Аудан әкімі Б.Шаяхметов Ақкөл және Ломоносов атындағы мектептерді салу жөнінде сұраныс берілгенін жеткізді. Мектептің ата-аналар кеңесінің төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Ж.Бектеміров жаңа мектеп салуды өңірлік даму бағдарламасына кіргізуді ұсынды. Сол күні түстен кейін аудан басшысы Ы.Алтынсарин орта мектебінің директоры Болатбек Сайыповтың есеп беруіне қатысты.

 

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521