«Қайырымды жүрек қартаймайды»

Білім-Ғылым

Жүрегінде иманы бар адамзат баласы қолынан келгенше қайырымдылық ісін Алла алдындағы қасиетті парызының бірі деп біліп, іске асыруға тырысып бағуда. Бүгінде «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрін жүректерінде иманы бар жомарт жандар лайықты жалғастыруда. Абай атындағы жалпы орта мектепте жоғарыдағы тақырыппен республикалық қайырымдылық акциясының қорытынды шарасы өтті.

Оған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова, Құрманғазы ауылдық округі әкімінің кеңесшісі Қуанғали Ихсанов, жеке кәсіпкерлер, мектептің ата-аналар, әкелер кеңестерінің төрағалары қатысып, «Жүректен - жүрекке» айдары бойынша көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптарын қайтарды. Б.Хасенова дәстүрге айналған акцияның мәні мен мақсаты туралы түсінік берсе, «Құрманғазы» қайырымдылық қорының мүшесі Жастілек Оңашев басында 4-5 адамнан құрылған қордың еріктілерінің саны бүгінде 50-ге жеткенін айтып, оның негізгі міндетіне тоқталып, атқарылған игі істерді баяндады. Мектеп психологі Гүлмира Үмбетова аудиторияға жылы атмосфера сыйлау үшін психологиялық тренинг өткізді. Мектеп директорының міндетін атқарушы Руслан Сахаев қонақтарға қош келдіңін айтып, акция барысында былтырғы жылы оқушыларға демеушілік негізінде көрсетілген көмек жөнінде хабардар етті.

Жасұландықтар тақырыпқа орай өлең жолдарын оқып, сәлемдемелерін жеткізді. Аудандық «Бала дауысы» байқауының жүлдегері аталмыш білім ошағының 2 сынып оқушысы Наз Дүйсенбай «Сәби бақыты» әнін орындады. Бұдан кейін әркез аялы алақанын созып, қайырымдылық жасап, көмек қолын күткен әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялатып келетін кәсіпкерлер Қанат Махмудұлы, Ақылбек Ізбайұлы, Қарақат Мақсотқызы, Нұрбол Сейтжанұлы, «Құрманғазы» қайырымдылық қорына мектеп әкімішілігі тарапынан алғыс хат табысталды.

А.Шакупова