Жол күрелмеген, баға көтеріңкі

Аудан тынысы

Ауылдық мәдениет үйінде өткен есеп беру жиынында Азғыр ауылдық округінің әкімі Тұрарбек Әліпбаев Елбасы Жолдауына тоқталумен бастап, жыл ішінде атқарылған жұмыстарды саралады.

Өткен жылы мұнда 11 адамнан тұратын Азғыр полиция бөлімшесі құрылып, 16 адамы бар ерікті өрт сөндірушілер жасағы арнайы сертификатын алған. Бұл екеуі де малмен отырған азғырлықтар үшін ауадай қажетті екені даусыз. Хабарламашы одан әрі түрлі салалар бойынша атқарылған жұмыстардан, алда тұрған міндеттерден құлағдар етті.

Аудандық мәслихаттың депутаты, ауыл тұрғыны Мансұр Қуаншәлиев ауылдастарын техникалық салықты уақытында төлеуге шақырып: - Онсыз округ бюджеті жасақталмайды. Екінші қиындық келтіріп отырған нәрсе азық-түлік мәселесі. Қазір Балқұдықтағы жеті дүкенде астық мүлдем жоқ. 25 келілік астықты әкелген бойда өтіп кетеді. 2006 жылы 30 қазанда Орал қаласында екі ел президенттерінің келісімі барысында ағайын-туғандарымен қатынау үшін еліміздің шекараларында 90 жеңілдетілген өткізу пункттері ашылды. Одан 36 келіден артық жүк өткізуге болмайды. Енді кәсіпкерлер астықты және басқа да тауарларды Харабайлы, Астрахань қалалары, Қараөзек, Котяев, Құрманғазы ауылдары арқылы 300 шақырым жерден қиындықпен тасуда. Бағаның көтерілу себебі осы. Мен Асан ауылындағы -3, Сүйіндіктегі -7, Балқұдықтағы -7 дүкендегі азық-түлік тауарларына мониторинг жасадым, - деп қыр бойындағы азық-түлік бағасына тоқталып, аудан басшыларынан ресейлік шекарашылармен кейбір жағдайларға байланысты өзара келісімге келуді сұрады.

Азғыр ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Жәбелов: - Біз осы жерде туып-өскен адамбыз. Жағдайымыз жаман деп айта алмаймын. Десек те қиындықтар да жоқ емес. Су мәселесін көптен көтеріп жүрмін. Қазады да көміп тастайды. Артынан анау жері, мынау жері тесіліп жатыр дейді. Соны көмбей тұрып су жіберіп қарап, бірден жөндеуге болмай ма? Оны ешкім бақылауда ұстамайды. Маңызды жұмыстарды тендермен айдаладағы із-түзсіз жоғалатын біреулерге бергенше, неге өзіміздің жердің адамдарына жасатпайды? Сосын жағдай жақсара түсуі үшін бюджетті 2018 жылы бекітіп, 2019 жылы ондағы бөлінген қаржыны игеруге кірісу керек, - деп ауыз су жүйелерін қабылдап алатын комиссияға ауыл тұрғындарын кіргізуді ұсынды.

Ардагер ұстаз Үміт Хамидуллина: - Құқық қорғау орындары ұрлық жасаған адамдарды басылымдарға аты-жөнімен жариялауы қажет. Қандай жаза алғанын жарияласа, кім екенін айтса мүмкін өзгелер қылмысқа барудан тартынар. Олай етпеген соң қайтадан мал ұрлауға кіріседі. Ауданның Құрметті азаматы атағын көп адамдар алып жатыр, еңбегі ешкімнен кем түспейтін ардагеріміз Жүсіп Жәбелов ағамызға оны бермей тастағанына реніштіміз. Мұндай еленбей қалған біздің абзал аға-апаларымыз жеткілікті. Олар жақында Құрманғазы ауданының 90 жылдығына орай шығарылған кітапта да жоқ, – дей келе кейбір лауазымды адамдар аудан орталығына барғанда жұмыстарын бітіріп жібермей бір-біріне сілтейтініне ренішін білдірді.

Басқа да қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Төлепов, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Г.Мүтиева, «Қазтрансгаз» АҚ аудандық филиалының басшысы Р.Нәсиболлаев, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Нұрлан Харесов, аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж.Бектеміров түгелдей жауап қайтарды.

Жиі қойылып жүргендерінің жауабына тоқталсақ, Жандос Мнафихұлы: - Шекарадан өту мәселесін реттеу қазіргі күні жоғары жақтарда қаралу үстінде. Ол аудан көлемінде шешілмейтін мемлекетаралық мәселе. Жаңа ереже бойынша енді Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы атағы 1991 жылдан кейін еңбегіне қарай Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттарын алған адамдарға беріледі. Ауданның 90 жылдығына арналған кітап демеушілердің қолдауымен шықты. Олардың да кейбірі сөздерінде тұрмай, қаржылай көмектескен жоқ. Сол себепті оны толық түрде бастыра алмадық. Энциклопедия түрінде ауданымыздың 100 жылдығына орай қайта шыққанда бәрі қамтылады, - деді.

Қанат ҒҰМАРОВ