ЖІБЕРІЛГЕН КЕМШІЛІКТЕР ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

(0 Votes)

Бүгінде Құрманғазы ауылдық округінде 13,5 шақырым ауыл ішілік асфальт жол салу жұмыстары жасалып жатыр.

Онымен айналысып жатқан мердігер мекеме «Бекет Сәт Жол» ЖШС. Аталған жол құрылысының 500 метрден астамы Рембаза мөлтек ауданында жүргізілуде. Жоба бойынша оның ені 3 метр. Алайда ауыл тұрғындары оның тар болатынын, екі автокөлік қатар жүре алмайтынын айтқан соң мердігер мекеме өз қаражаты есебінен енін жарты метрге өсіруге келіскен. Жақында осы жұмыс дұрыс жасалмады деп наразы болғандар оның бейнетүсірілімін әлеуметтік желіге жүктеген. Түскен дабылға орай аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, аудандық мәслихаттың депутаты Мансур Қуаншәлиев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары міндетін уақытша атқарушы Ақынжан Хұсайынов, филиал жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес комитетінің төрайымы Ұлмекен Сапарова, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрлыбек Төлепов мердігер мекеме өкілдерімен бірге аталған жолдың дау тудырған учаскесінде болды.

img_4868

«Бекет Сәт Жол» ЖШС өкілі, учаске басшысы Наурызбек Садиховтен орын алған жағдайға орай қысқаша түсінік беруін сұрағанымызда: – Рембаза ауылының асфальтін жөндеп, жаңа жол салып жатырмыз. Ұзындығы 546 метр. Көшенің қысқалығына байланысты жобада бұл жолдың ені 3 метр деп қаралған. Осы жердегі тұрғындардың сұрауы бойынша жобада болмаса да енін аздап кеңейттік. Сол себепті шеттері кішкене әлсіздеу шыққан. Яғни, 10-12 метр жерінен ақау кеткен. Енді жолдың негізгі бөлігіне келсек оның сапасы жақсы, қажет деп тапсаңыздар зертхананы әкеліп тексертіп қараңыздар. Басында техникалық бақылаушымыз бар. Зертхана әлсін-әлсін келіп құрамын алып жатыр. Бір жылда сықиып қатады, содан кейін сүймендесе де бұзылмайды. Қосып айтатынымыз бұл жолдардың өзінің кепілдік мерзімі болады. Қандай да бір ақау орын алса қайтадан жасап береміз, - деді.

img_4872

Рембаза ауылының тұрғыны Әдебиет Хабибуллин: – Мен өзім вахталық жұмыста жасаймын. Үйге келген соң мына жолдың құрылысын көріп таң қалдым. Аудан әкімдігінен келеді деген соң ақау кеткен жерлерін түзеді. Біз өзіміз де жиналып әкімдікке барып айтқалы отырғанбыз. Жігіттер жұмыстың қалай жүріп жатырғанын видеоға түсіріп әлеуметтік желіге салған. 45 метр жері жобада жоқ деп жасамай тастады, - деген ренішін айтты. Мердігер мекеме өкілі, учаске бастығы Серғали Қажығалиев кеткен кемшіліктер асфальт жолдың тарлығына байланысты орын алғанын мойындап, қалпына келтірілгенін атап өтті. Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрлыбек Төлепов мердігер мекеме өкілдерімен әңгімесінде қандай жұмысты да көлеміне қарамай сапалы жүргізуді тапсырды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521