«Жас ұлан» – елімнің ертеңі

Аудан тынысы
Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысымен 2011 жылы 6 шілдеде жастар әлеуетінің сапасын арттыру, олардың тәрбиесіне жаңа леп беру, Отан игілігі үшін жұмыстануды мақсат еткен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы республикалық қауымының бірлестігі құрылған болатын.
Содан бері дәстүрге сай елімізде «Жас Ұлан» бірыңғай балалар, жасөспірімдер ұйымы жетекшілері мен көшбасшыларының қатысуымен көшпелі слет өткізіледі. Биыл аталмыш облыстық көшпелі слет Елбасы Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына негізделіп, аудандық оқушылар үйінің ұйымдастыруымен Абай атындағы жалпы орта мектебінде жүзеге асты. Еліміздің Әнұраны шырқалғаннан кейін, жүргізушілер Абай атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Рүстем Тоқаев пен оқушы Аяулым Аманқызының хабарлауымен «Жас Ұлан» ұйымының туы салтанатты түрде ортаға әкелінді. Одан әрі аудан ұланбасы Дильназ Разиховаға барлық мектеп ұланбасылары кезекпен келіп, слетке қатысуға дайын екендіктері жөнінде рапорт тапсырды. Шараға қатысушы облыстық «Жас Ұлан» ұйымының төрайымы Марта Қанатова оқушыларға сәттілік тілеп, оларды өз Отанының патриоты болуға, қоғамдық өмірге белсене араласуға шақырды. Сондай-ақ, ол заманауи Қазақстанның бүгінгі рухы биік, білімді, жаңашыл жасұландықтары алдағы уақытта елінің көркеюіне сүбелі үлестерін қосатындарына зор сенімін білдірді. Ломоносов атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Жанби Елемес патриоттық ән орындап, шараның шырайын келтірді. Слеттің екінші кезеңі «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» жөнінде семинарымен жалғасын тапты. Аталмыш тақырыпта аудандық прокуратураның аға прокуроры Фархат Аруов өз баяндамасын ұсынды. Білім ошағының фойэсінде аудан мектептерінің бес саусағынан өнер тамған оқушылары дайындаған көрме тамашаланды. Одан кейін ұланбасылар мен тәлімгерлер арасында «Ұшқын» байқауы жүзеге асты. Оның «Жас ұландық жарқын жол» атты алғашқы кезеңінде ситуациялық сұрақтар берілді. Содан соң, тәлімгерлер ұйым ережесіне сәйкес «Руханият» бағыты қызметін ұйымдастыруға негізделген шаралардың жаңа жобасын құрып, қорғады. Байқау шартына сәйкес соңғы бөлім «Ой талқы» деп аталды. Соңында жеңімпаз болған топ жетекшілеріне дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.