«Жақсының жақсылығын айт»

(0 Votes)

Ел–жұрт ықыластана бас біріктіріп, мал шалып, Тәңіріден қаншалықты тілек тілегендерімен әзірше селдетіп жауын жауар емес.

Кейде қара сұр бұлт үдере көшіп келіп үміттендіреді де ізінше тарап кетеді. Мал баққан жұрт көк жүзіне қанша көз тіккендерімен көк аспан бедірейеді де тұрады. Әр жерден үлбіреген ақ түбіт бұлттар да қимылсыз. Қанша жауын жоқ деген жылдардың өзінде де тап бұлай болмап еді, ауыл адамдарының жүзіне мұң ұялатқан бүгінгі алаң осы.

Биыл қыстаққа түсетін малдың есебін сұрағанымызда ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Руслан Қабдешов мына мәліметтерді алға тартты. Қыстаққа Алла дегенге жеткізсе 52110 сиыр, 178400 қой мен ешкі, 19050 жылқы, 4950 түйе малдары барлық аудан шаруашылықтары бойынша түседі деп күтілуде. Міне, ертең қолға қарғанда осыншама малға 158000 тонна пішен қажет. Оның 148850 тоннасы жеке қожалықтардың, 9150 тоннасы өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтарының үлесіне келеді. Ауқымы аз жұмыс емес. Жылда осы мезгілде «Серпердің» осы тақырыпты қаузайтыны ойға оралады. Өткен жылы бұл уақытта Азғыр бойы мен ішкі аралдарда пішен дайындау күн санап қарқын алып бара жатыр деп тонна–тонна мал азығын әзірлеп үлгерген жерлерді атап – атап көрсетіппіз. Өткен жылдан қалған пішен қоры әр шаруашылықта әр деңгейде. Өнжеусіз. Сарғайып сапасын жойып әйтеуір малдың алдынан қалмайды ғой деп көңіл жұбатарлық дәрежеде. Ол не болады? Азғыр, Қошалақ, Үштаған, Асан, т.б. өңірлерде көл – көсір дала көкпеңбек болып құлпырып тұрмай жал – жал сары құмдардың бояуына малынғандай көз алдыдан сары алтын теңіз жүздіреді.

«Жұт – жеті ағайынды» деп дана халқымыз бастан кешпесе айта ма? Құдай оның бетін әрмен қылсын. Дегенмен, ішкі бойда да қатып тұрған жағдай жоқ. Көгілдір көктеммен келген өр суы ұяты кем қонақтай мөлиіп жатып алды. Ойда пішен болса шығынына қарамай қырға тасыр едің, қырдан артылып жатса, ойға дегендей. Көріп тұрғаныңыздай өрдегі қуаңшылық етекке ұласқан. Әлгі жатып алған өр суы аралдарда шөптің шығымдылығын мүлде төмендетуде. Ағынсыз суға көк зелін үйір. Құрғады деген тұстарды киіз боп тұтасып жауып тастаған. Шөп көтеріле алмай астында тұншығуда. Бұдан қандай мал азығын күтуге болады.

Барын орамын дегеннің өзінде ертең машина орағы қақалып, адым аштырмайтын осындай тұстар. Кейбір ауылдарда жанкешті тұрғындар қарап отырғанша деп қайықтарымен арна жағалығындағы көк құрақтарды оруда. Қол қусырып қарап отырғаннан бұл да жақсы. Сонау 60-70-ші жылдардың аралығында өзендерді бойлай отырған ауылдар осы әдісті кеңінен қолданып мал асыраған. Әке – шешемізге ілесіп қол орақпен пішен дайындап, оны арқалап тасыған ұрпақтың бірі – өзіміз. Иығымызды қиған арқанның табы әлі сақталған. Одан жаман болған, не дерт тапқан жеріміз жоқ. Бүгінгілер мүлде еріншек болып алды. Қол орақ қай үйде бар? Кім келдек жасап, орақ шыңдайды бүгінде. Ерке ұлыңа айтсаң «ертегіңді қой» дейді. Малсыз қазақтың күні жоқ. Сондықтан, өзен жағалығындағы отырған қазекемдер, осылай тер төгіп, алақанға көн қатырып, өз малдарына шөпті осы бастан өздері дайындай бергендері абзал. Белгілі шаруа иесі «Құрманғазы» ӨК төрағасы Сабыржан Сұлтанов қыр мен ойға шапқылап-ақ жүр. Әрине, алдағы қыстың қамы. Көп дабылдатпағанымен жылқы малының арасында белгісіз бір ауру бар ма, қалай?! Әлімбай Әбдірахманов ініміз бастаған мал дәрігерлік қызмет мамандары шұғыл осы жайға бас ауыртып, әбжіл қимылдамаса, артының не боларын кім білсін? Өлең талдау, жаңа роман жайлы талқымыз соңынан дегіміз келеді, ақынжанды інішегімізге. Сабыржан айтады, сабырлы қалпын жоймай: - Тап бұлай кете қоймас, аралдар судан аршылар, сосын анау – мынау демей қылтиған шөпті қара күзге дейін орып алып, амалдармыз, - дейді ол.

Нұржаулық шаруа қожалығы жетекшісі Алғаязов Оразғали – Серік болса: - Жылда өзімізден артылғанын халыққа сататын едік, биылғы жағдайдың беті жаман. Өз малымызға дайындай алсақ жарар. Әркім өзі үшін бір нәрсе ойластыруы керек ғой, - деп ол кесіп, пішеді. Сонымен, биылғы мал азығының берік қорын жасау ашығын айтқанда қиын болғалы тұр. Бірақ, құр сары уайымға салынғаннан гөрі, техника, ауыл шаруашылығы агрегаттарын сақадай сай етіп, судан ашылған жерлерді «төмен екен» деп мұрын шүйірмей қағып алып, қыстақтар басына жеткізіп отыру қажет. Сабыржанның салмақты пікірі де орынды. Қырау түскен қара күзде де дайындауымыз керек. Халқымыз қандай қиындықта да қимыл – қарекетсіз қалмаған. Келер күндерден үмітін жоймаған. Соның нәтижесінде бүгінгідей дәуренге жеттік. Оның қасында бұл қиындық, қиындық па? Бұл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Сәуменов мырзамен арада болған әңгімеден кейін туындаған сенімді ой. Қысқасы, шөбіміз мол, мал – жанымыз аман болғай! Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521