Жақсылық жасап жарыс

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі өнерпаздары мен «Құрманғазы қайырымдылық қоры» еріктілерінің ұйымдастыруымен «Қайырымдылық – қадірлі іс» атты тәлімі зор шара өтті.

Үлкен экраннан қордың қайырымды істері жайлы бейнеролик назарға ұсынылып, жас ақын Руслана Амангельдиева арнауын оқыды. Қордың мүшесі Асхат Зұлхаров жыл ішінде атқарған жұмыстарынан шағын есепті баяндама жасады. –Қор 2018 жылдың наурыз айында не бары он шақты адамның бастамасымен құрылған болатын. Ізгі ниетімізді қолдағандар қатары қазірде 60-тан асты. Осы уақыт ішінде 500-деген жанұяға көмегін көрсетті, мүгедек жандардың ем-домына қаражат жинады, аз қамтылған жанұялардың балаларына оқу құралдары, киім-кешектер алынды. Қордың басты ұстанымы «Оң қолыңмен жасаған жақсылықты, сол қолың білмесін» деген қағида. Істеген ісімізді жұртшылыққа жария қылғымыз келмесе де осындайда қайырымды жандардың жақсы әрекет-амалдарын айтып, сауапты іс қыламын дегендерді қатарымызға тартқымыз келеді, деген ол жиналғандарды белсенді түрде үлес қосуға шақырды.

Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев қор еріктілерінің қайырымдылық істеріне үлкен разылығын білдірді. Шара барысында Д.Ғұмаров атындағы халық театры «Аллаға шүкіршілік», «Бармысың, бауырым?!» атты қойылымдары сахналап, әншілер Ж.Сағындықов, Н.Исаев, А.Мұстафин, Р.Исмағұлов, Қ.Хасанов, Р.Сарсенова, А.Олжабекқызы, кішкентай өнерпаз Н.Дүйсенбай және қор еріктілері, ерлі-зайыпты Руслан-Дария Мұхтаровтар өнерлерін көрсетті.

«Құрманғазы қайырымдылық қорының» жетекшісі, ауданның жас кәсіпкері Ерлан Тарихов сөз алып, «Шерменде болған жүрекке, жылулық сәулесін шашқан, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қамқорлығын аямағандарға Алланың нұры жаусын, жақсылық жасап жарысайық, ағайын!» деген тілегін білдірді. Қорға «Серпер» базарынан арнайы бөлме берген басшысы Роман Сағынжанұлы мен қор жұмысының жандануына атсалысқан Әйгерім Маратқызына «Алғыс хат» табыс етті. Шортанбай ауылдық округінің тұрғыны, көп балалы жесір ана Меруерт Рамазанова отбасы мүшелерімен сахна төріне шақырып, қордың қаражатына алынған алғашқы баспананың кілтін тапсырды.

Шара соңында аудандық мәдениет үйі алдында арнайы шақырылған әлеуметтік аз қамтылған 30 отбасына азық-түлік таратылды. Бұл шара көпшіліктің көкейіне ой салғаны белгілі. Қайырымдылық жасаған адам ешқашан кедеңленіп қалмайды «қолы ашықтың – жолы ашық» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Сондықтан да Алланың берген рызығынан аз да болса бір бөлігін қайырлы істерге жұмсасақ, қоғамға тиер пайдасы мол болатыны сөзсіз.

Б.БИДУЛЛАЕВ, аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының музыка пәні мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521