Жағдайды жақсартудың жаңа мүмкіндіктері

(0 Votes)

Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында елімізде небір қиын кезеңдерінің өзінде де халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту назардан тыс қалып көрген емес.

 

Дүние жүзінің дамыған мемлекеттерінің өздері қаржы дағдарысына ұшырап, әлеуметтік салаға бөлінетін қаржыны азайтып жатқанда, Қазақстан мемлекеті жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қорғалған адамдарға көрсетілетін түрлі жәрдемақы, зейнетақы мен шәкіртақыны ұдайы өсіріп келеді.

Бюджеттік сала қызметкерлерінің, соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақыларын да көтерумен болды.

Енді, міне, Елбасы өзінің бес әлеуметтік бастамасында әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынды. Бұл өркениет көшіне өзіндік орны бар еліміз үшін өмірлік маңызы бар қадам. Өйткені, Қазақстанда кейінгі кездері демографиялық өсім жақсы көрсеткішке ие. Жыл сайын жанұялы болып жатқан жастарымыздың да қатары күн санап көбеюде. Ауылдардан қалаға көшіп келіп жатқандар да жетерлік. Міне, осы тұрғыдан алғанда Елбасымыз өзінің бастамасымен тұрғын үй ипотекасына қол жеткізу мүмкіндіктерін арттыру үшін өте маңызды қадам жасады. Бұл республика халқын шын мәнінде қуантып тастады. Алдағы уақытта жұмыс істейтін әр адам несиеге пәтер алып, оны өздерінің отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай жағдай жасалып отыр. Мұны әлеуметтік саладағы басты бетбұрыс деуге болады. Ең маңыздысы, несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 пайыз емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болып белгіленді. Бұл, әсіресе жастарға, әлеуметтік жағдайы төмен және жалақылары аз жандарға өте тиімді болмақ.

Елбасының бес әлеуметтік бастамасының екіншісінде жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесі келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 есеге азайтылатындығы айтылды. Бұл ауыл шаруашылығы саласына негізделген біздің ауданның еңбеккерлерін қуантары сөзсіз. Өйткені, мұнай мен газ өндіретін өңірлердің айлық жалақыларын аграрлық секторлы аймақтың жалақысымен салыстыруға келмейді. Осы жағдай ескеріліп, еңбекақысы төмен адамдардың айлығынан 1 пайыз ғана салық ұсталатын жүйеге көшкелі отырмыз. Бұл төмен жалақы алатындар үшін үлкен қолдау әрі көмек, мемлекеттің оларға жасап отырған қамқорлығы дегеніміз дұрыс шығар.

Үшінші бастамада жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханалық жағдайын жақсарту көзделген. Шыны керек, көптеген қалаларда студенттік баспаналар аздық етеді, содан келіп, олардың жалдамалы пәтерлерді жағалап кетулеріне тура келеді. Бағасы шарықтап отырған пәтер ақыны төлеуге олардың жағдайлары болмай қиналып жүргенін көзіміз көрді. Студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін оңтайлы шешудің кезі келгенін айтқан Елбасы 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындық жатақхана салу жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Бұл да айналып келгенде жастардың алаңсыз білім алуына жасалып жатқан игі қамқорлық.

Төртінші бастама бойынша посткеңестік мемлекеттер арасында Қазақстанда ғана шағын және орта бизнесті, кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Соған сай бұл саланың да дамуы қарқынды. Елбасы да елдегі бизнестік ахуалды жақсартуды ұдайы өз назарында ұстап, енді, міне, тағы да шағын несие беруді көбейту мәселесін көтерді. Бұл өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға тың жол ашады, үлкен демеу болады. Мемлекет басшысы 2018 жылы тағы да қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Осының негізінде шағын несие алатындардың санын 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайып, олардың саны 14 мың адамға жетеді деп күтілуде. Ендігі қалғаны, осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кәсіп көзін ашуға жұмыстану ғана.

Бесінші бастамаға келсек, Қазақстанның түрлі аймақтарын газбен қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыру жөніндегі бастамасының да маңызы бар. Шамамен 90 пайызға газдандырылған елдің батыс өңіріне қарағанда солтүстік аймақта бұл мәселе өткір күйінде қалып келгені жасырын емес.

Алты ай қыс бойы көмір отынын жағатын Астана қаласы мен Қазақстанның солтүстік өңірлерін, Көкше өңірінің Бурабай курортты аймағын экологиялық қолайсыздықтан құтқаратын бірден-бір жол – газдандыру. Бұл ретте Қызылорданың Қараөзегінен Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасы ұсынылып отыр. Елбасы өзінің өміршең бастамалары арқылы алдымызға зор міндеттер қойды. Оның барлығы да елдің мүддесі, халық игілігі үшін жасалынуға тиісті маңызды қадамдар. Олай болса, аталған ауқымды мақсаттарды орындауға бар күшіміз бен мүмкіндігімізді жұмсауға тиістіміз.

А.НӘЖІМОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521